Қазақстанда қаңтар айында ауа райы қандай болады?

Синоптиктер 2026 жылғы қаңтарға арналған Қазақстан бойынша ауа райы болжамын жасады.

Консультативтік болжамға сәйкес, қаңтар айы жылы болып, республика аумағы бойынша айлық орташа ауа температурасы нормадан 1-2°С жоғары болады деп күтіледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz Қазгидрометтің ақпаратына сәйкес.

Айлық жауын-шашын мөлшері Қазақстан аумағының басым бөлігінде норма шамасында болжанады, ал нормадан көп мөлшерде - Павлодар облысында, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының басым бөлігінде, Қостанай облысының солтүстігінде, Ақмола, Қарағанды және Абай облыстарының солтүстік-шығысында, Алматы және Жамбыл облыстарының оңтүстік жартысында, Түркістан және Жетісу облыстарының оңтүстік-шығысында күтіледі.

Ай бойы қар, екпінді жел, бұрқасын, тұман және көктайғақ болатын кезеңдер ашық, аязды ауа райымен алмасып отырады.

Елдің батысында бірінші онкүндіктің басында түнде ауа температурасы -10-18°С-қа, күндіз -5-12°С-қа төмендейді. Кейін ауа температурасының әлсіз оң мәндерге жоғарылауы күтіледі.

Елдің солтүстік-батысында, солтүстігінде және орталығында түнгі ауа температурасы -10-20°С-тан -3-8°С-қа, күндіз -2-12°С-тан -5+3°С-қа дейін;

- елдің шығысында түнде ауа температурасы -2-13°С-тан -10-18°С-қа, күндіз -6+2°С-тан -2-10°С-қа дейін;

- елдің оңтүстік-батысында, оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында ауа температурасы түнде -2-12°С-тан -5+5°С-қа, күндіз -3+8°С-тан +5+10°С-қа, ал елдің қиыр оңтүстігінде +15°С-қа дейін ауытқуы күтіледі.

Айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде суық толқындары күтілуімен, елдің солтүстігінде, солтүстік-батысында, шығысында және орталық өңірлерінде түнде ауа температурасы -25-35°С-қа, күндіз -15-20°С-қа дейін төмендейді деп болжанады. Қаңтардың ең жылы күндерінде ауа температурасының -5+3°С-қа дейін жоғарылауы болжанады.

Елдің батысында суық толқындар кезінде түнде ауа температурасы -20-27°С-қа, күндіз -12-19°С-қа төмендейді деп күтіледі. Айдың жекелеген күндерінде күндізгі ауа температурасы 0,+5°С-қа жоғарылайтын жылымықтар болжанады. Елдің оңтүстік жартысында түнгі ауа температурасы 0,-5°С-тан -10-20°С-қа дейін, күндіз +2+12°С-тан -3-13°С-қа ауытқуы күтіледі, үшінші онкүндіктің жекелеген күндерінде түнде ауа температурасы -20-30°С-қа, күндіз -10-18°С-қа төмендеуі күтіледі.