АҚШ назары Гренландияға ауған шақта Дания ішкі дау-дамайға тап болды - Reuters

Дания қоғамында Гренландиямен одақтың болашағына күмәнмен қарайтындар көбейіп келеді

АҚШ Гренландияға қызығушылық танытып отырған тұста Reuters агенттігі бұл тақырыпқа арнайы материал жариялады. Осыған орай Aikyn.kz аталған материалда қамтылған Дания мен Гренландия арасындағы қарым-қатынасқа қатысты негізгі деректерді ұсынады.

Материалда Данияның Гренландия экономикасын ұстап тұру үшін жыл сайын шамамен 4,3 млрд дат кронын бөлетіні, сондай-ақ полиция, сот жүйесі мен қорғаныс шығындарын да өзі қаржыландыратыны айтылған. Жалпы жылдық шығын шамамен 1 млрд долларға жетеді, ал Гренландия экономикасының өсімі 2025 жылы небәрі 0,2% болды.

Сонымен қатар Копенгаген Арктикадағы қауіпсіздікті күшейту үшін 42 млрд дат кронын бөлуге мәжбүр болған. Бұл шешім АҚШ тарапынан Гренландияның жеткілікті қорғалмай жатқаны туралы сыннан кейін қабылданды. Дегенмен елдің орталық банкі қазіргі мемлекеттік қаржы тұрақты болуы үшін жыл сайын шамамен 800 млн крона жетіспейтінін ескертеді.

Дания қоғамында Гренландиямен одақтың болашағына күмәнмен қарайтындар көбейіп келеді. Бірі бұл байланысты тарихи және мәдени жауапкершілік деп санаса, енді бірі Гренландияның одақтан кеткісі келетінін алға тартып, Данияның оны қаржылай ұстап отыруын әділетсіз деп есептейді.