Семіздікпен күресу үшін Mounjaro немесе Wegovy сияқты арықтауға арналған инъекцияларды қолданған адамдар емді тоқтатқаннан кейін жоғалтқан салмағын қайта төрт есе жылдам жинайтыны анықталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты www.bbc.com сайтына сілтеме жасап.
Бұл диета немесе спортпен арықтап, кейін оны доғарған адамдармен салыстырғанда әлдеқайда тез.
British Medical Journal журналында жарияланған мәліметтерге сәйкес, мұндай инъекцияларды қолданған адамдар дене салмағының орта есеппен бестен бір бөлігін жоғалтқан. Алайда ем тоқтатылған соң, олар ай сайын шамамен 0,8 кг қайта қосып отырған. Бұл шамамен 1,5 жыл ішінде бастапқы салмаққа оралу дегенді білдіреді.
Оксфорд университетінің зерттеушісі Сьюзан Джебб ескерткендей:
«Бұл дәрілерді сатып алатын адамдар емді тоқтатқаннан кейін салмақтың жылдам қайта жиналатынын естен шығармауы керек».
Сонымен қатар ол бұл тұжырымдар нақты өмірлік жағдайлар емес, медициналық сынақтар нәтижесіне негізделгенін атап өтті. Сол себепті ұзақ мерзімді әсерді зерттеу үшін қосымша жұмыстар жүргізу қажет екенін айтты.
Ғалымдар 9000-нан астам адам қатысқан 37 зерттеуді сараптап, арықтауға арналған танымал инъекциялардың әсерін дәстүрлі диета мен басқа таблеткалармен салыстырған. Бірақ тек 8 зерттеу ғана Wegovy мен Mounjaro секілді жаңа GLP-1 препараттарын қарастырған. Бұл зерттеулерде ем тоқтатылғаннан кейін ең ұзақ бақылау мерзімі бір жылды ғана қамтыған, сондықтан нәтижелерді шамамен бағалау керек.