Табиғат пен технология үйлесім тапқан өлке

Шығыс Қазақстанды «өнеркәсіп аймағы» деген бір ғана анықтамамен шектей алмаймыз. Өйткені мұнда жердің қуатын білетін, мал мен егінді қатар ұстайтын мықты агроөнеркәсіп кешені қалыптасқан. Сол себепті облыс тек өз халқын азық-түлікпен қамтамасыз етіп қоймай, басқа өңірлерге де өнім жіберуге қауқарлы.

Жергілікті шаруалар жыл сайын егістіктен экологиялық таза, сапалы өнім алып келеді. Соның арқасында өңір наннан бастап, ет пен көкөніске дейін негізгі 15 азық-түлік түрі бойынша халқының сұранысын толық жабады. Тіпті 100 пайыздан да көп. Яғни, нан, ұн, сиыр мен қой еті, шұжық, құс еті, балық, күнбағыс майы, картоп пен көкөністер – бәрі өңірдің өз өнімі.

2025 жылдың алғашқы 11 айында облыстың азық-түлік өндірісіндегі өсім де назар аударарлық: нақты көлем индексі 111,2 пайыз болды. 2024 жылмен салыстыр­ғанда өсім бірқатар өнімде айқын байқалды: өсімдік майлары +12,3%, ұн +17,5%, күнбағыс майы +17,5%, балық өндіру +35%-дан аса, жарма +64,3%, ірімшік пен сүзбе +10%, жартылай фабрикаттар +43,4%.

Бұл көрсеткіштер жай статистика емес, отандық нарықтағы Шығыс Қазақстанның салмағын көрсетеді. Мысалы, Шығыс Қазақстан өсімдік майының 38%-ын, балдың 58%-ын, қымыздың 32%-ын, ба­лық­тың 25%-ын өндіру арқылы республикада бірінші орында. Ал балқытылған ірімшік (20%), қарақұмық жармасы (25%), құрт (14%) және бидай ұны (43%) бойынша елде екінші орынға шыққан.

Шығыс Қазақстанның бір ерекшелігі – табиғаты мен жері әркелкі. Бір жерде суармалы алқап, бір жерде жайылым мен шабындық, енді бір жерде құнарлы егістік. Осындай алуан климат пен топырақ өсімдік шаруашылығын кеңейтіп, өнімді экспортқа шығаруына жол ашып отыр. Оның үстіне мұндай база жем-шөп қорын барынша күшейтіп, сүт пен ет бағытындағы мал шаруашылығын, құс өсіруді дамытуға мүмкіндік береді.

Өңір шаруалары соңғы жылдары өсімдік шаруашылығын әртараптандыруға бет бұрды: жоғары рентабельді дақылдарды өсіру өңдеу өнеркәсібін алға сүйреп, өңірде жаңа өндірістердің пайда болуына түрткі болды.

Күнбағысы сары алтындай

Шығыс Қазақстан ежелден күнбағыс майының орталығы саналады. Қазірдің өзінде мұнда жылына шамамен 1 млн тоннаға дейін шикізат өңдей алатын 13 май зауыты жұмыс істейді. Соның нәтижесінде республика бойынша өндірілетін өсімдік майының 40 пайыздан астамы осы өңірге тиесілі. Күнбағыс майын өндіруде Қазақстан бойынша екінші орынға шығып, бұл саладағы негізгі күштің бірі екенін көрсетіп отыр.

Өңдеуді дамыту – жай ғана экономикалық есеп емес. Бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігі, импортқа тәуелділікті азайту, жергілікті өнімнің өз нарығында үстем болуына қатысты маңызды фактор.

2024 жылдың соңында өңірде тағы бір ірі жоба Altai Mai зауыты іске қосылды. Толық циклді, жоғары технологиялы экстракциялық зауыт жылына 169 мың тонна өсімдік майын шығарады. Жоба 2021 жылы басталған, ал іске қосылуы агроөңдеу саласына жаңа серпін берді. Өйткені мұндай зауыттар ауылда өсірілген өнімді сыртқа шикізат күйінде жібермей, өзімізде өңдеп, дайын тауар ретінде шығаруға жағдай жасайды. Яғни, экономика тілімен айтқанда, қосылған құн қалыптасып, пайда мен табыс ел ішінде қалады.

Бүгінгі таңда жобаға құйылған инвес­тицияның жалпы көлемі 26 млрд теңгеден асты, оның ішінде жергілікті бюджеттен 2,5 млрд теңге қаржы жұмсалған. Қаржы­ландыру ауқымы жобаның стратегиялық маңыздылығын көрсетеді. Кәсіпорынның іске қосылуы отандық өнім шығаруды едәуір ұлғайтуға және Қазақстанның ішкі нарығын жоғары сапалы тазартылған дезодорацияланған күнбағыс майымен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Өндірістік циклі тұтас болып келетін өнеркәсіп түрлері отандық азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және жалпы саланың тұрақты дамуына елеулі үлес қосады.

Зауыт қазіргі заманғы экологиялық стандарттарға толық сәйкес келеді. Өйткені озық жабдықтармен жабдықталған, тазарту құрылыстары бар және қалдықсыз өндіріс қағидаты бойынша жұмыс істейді. Өндірістік қуаттылықтар жыл сайын 74 мың тоннаға дейін өсімдік майы мен 64 мың тонна шрот шығаруға мүмкіндік береді. Тәулігіне кәсіпорын 500 тоннадан астам күнбағыс тұқымын немесе 400 тонна рапсты өңдейді.

Сонымен қатар облыста биыл Глубокое ауданы Предгорное ауылындағы «Алтын Шығыс» ЖШС май зауытында тазарту, дезодорациялау және май орау цехын салу жобасын іске қосу жоспарлануда. Қуатты­лығы жылына 300 мың тонна өнім өндіреді.

Инновация экспортқа тірек

Экспорттық бағыттарды кеңейтуге ерекше назар аударылды. Өнімдер қазірдің өзінде халықаралық талаптарға сәйкестігін растайды: Қытай Халық Республикасына жеткізуге келісімшарттар жасалды. Экспорттық географияны кеңейту Шығыс Қазақстанның әлемдік май өнімдері нарығының сенімді қатысушысы ретіндегі ұстанымын нығайтады.

Бұған дейін облыс басшысы Нұрымбет Сақтағанов «АПК-ны цифрландыру – сән қуалау емес. Бұл субсидияларды бөлу үдерісін ашық әрі тиімді етудің жалғыз жолы», – деп атап өткен болатын. Осындай қолдаудың нәтижесінде экспорттық динамика да өткен жылы жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Атап айтқанда, шетелдік нарыққа өңір 159 млн АҚШ долларына 156 мың тонна өнім жіберді, бұл ұлттық май экспортының шамамен 30%-ын құрайды.

Шығыс Қазақстан кәсіпорындарының өнімдері Қытай мен Орталық Азия елдерінде тұрақты сұранысқа ие. Шанхайдағы 8-ші қытайлық халықаралық импорт көрмесінде аймақтың кәсіпорындары қытайлық компаниялармен 26 млрд теңгеге жаңа ірі келісімшарттар жасасты. Бұл шығыс өңірдің өнімдері бәсекеге қабілетті екенін және халықаралық серіктестер жоғары сенім артып отырғанын білдірсе керек.

Жалпы, қайта өңдеу қуаттарын дамыту өткен жылы АӨК өнімінің экспорт көлемін 20%-ға ұлғайтуға мүмкіндік берді, бұл ретте қайта өңделген өнімнің үлесі 69%-ға жетті, ал 2024 жылы 63,9% болатын.

Облыста суармалы егіншілік жоспарлы түрде, себебі су үнемдеу технологияларын енгізуге баса назар аударылып отыр. Мысалы, өткен жылы облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 1,5 мың гектардан астам алқапта жаңбырлатып суару жүйесін орната отырып, 5 жобаны іске асырды. Таяу болашақта осы технологиялардың көмегімен аумақты 30 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда.

Ақ мол болса, бақ мол болар

Соңғы жылдары облыста сүт шаруа­шылығы көлемі артып келеді. 2025 жылғы 11 айында шикі сүт өндірісі 10%-ға, бұл ретте ауыл шаруашылығы құрылымдарында 9%-ға ұлғайды. Осыған дейін облыс әкімі Нұрымбет Аманұлы Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған шарада: «Ауыл шаруашылығы – өңір экономи­касының іргетасы. Біздің міндет – агра­рийлерге жеңілдетілген несиеге және заманауи техникаға қол жеткізуді қамтамасыз ету», – деп, мемлекет мүддесі жаңа тех­нологияны шаруаларға қолжетімді ету екенін тағы бір еске салған болатын.

Расымен де, былтырғы жылдың соңында облыста жасампаз еңбектің, инновацияның және мемлекеттік қолдаудың нышанына айналған екі заманауи сүт-тауар фермасы пайдалануға берілді. Олар бүгінде өңірдің және бүкіл елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуда. 

Алтай ауданының Полянское ауылында 1 075 жемдік ірі қара малға есептелген «Мойылды-Байқоңыр» ЖШС мега-фермасы іске қосылды. Жобаға 4,7 млрд теңге инвестиция салынды, бұл облыстың ауылдық аумақтарын дамытуға және экономикалық қуатына қомақты үлес болды. Ферма жоғары сапалы сүттің тұрақты өндірілуіне кепілдік беретін өзінің жем-шөп базасымен қамтамасыз етілген. Кәсіпорынның кезең-кезеңімен іске қосылуы алғашқы нәтижелерге қол жеткізді: асыл тұқымды мал басының түсуі және жомарт Алтай жерінде өндірілетін сүт өңір мен елдің мақтанышына айналады.

Шығыс Қазақстан облысында Ұлан ауданында «Украинка» ШҚ роботтан­ды­рылған сүт-тауар фермасының ашылуы да маңызды оқиға болды. Ферманың қуатты­лығы ауқымды модернизациядан кейін 460 бас сауын табынына жетті. Бұл жобаға жалпы көлемі 2,7 млрд инвестиция құйылған. Ферма роботты сауу жүйесімен және малды азықтандыру мен күтудің автоматтан­ды­рылған желілерімен жабдықталған. Сон­дықтан оны өнімділікті арттыратын және аймақтағы мал шаруашылығы мә­дениетін жаңа деңгейге көтеретін техно­ло­гиялық серпіліс деп айтуға толық негіз бар.

Алтай мен Ұлан ауданының бірегей табиғи-климаттық жағдайлары екі фермаға да ерекше құндылық береді. Себебі сапалы сүт өндіру үшін таза тау ауасы мен шөбі шүйгін жайылымның, жазы салқын климаттың маңызы зор. Табиғат пен технологияның бұл үйлесімі Алтай сүтін туған өлкенің символына айналдырады. 

«Украинка» ШҚ «Шығыс-Сүт» корпорациясының құрамына кіреді, фермадан бастап дайын өнімді өңдеуге және сатуға дейінгі толық өндірістік циклды қамтамасыз етеді. «Мойылды-Байқоңыр» ЖШС-мен бірге бұл кәсіпорындар Шығыс Қазақстанның қуатты сүт кластерін қа­лыптастырады, жаңа жұмыс орындарын ашады, ауыл экономикасын қолдайды және өңірдің азық-түлік тәуелсіздігін нығайтады.

Екі сүт-тауар фермасын ашу – бұл жай ғана нысандарды іске қосу емес. Бұл ауыл еңбегінің дәстүрі сақталған Шығыс Қазақ­станда инновацияның ілгері басқанын білдіреді. Демек, бүгін Алтай жері дүйім жұртты азықтандырып қана қоймай, ел азаматтарына еңбек орнын ұсынып, отандық өнеркәсіптің болашағын қалыптастырып отыр деп нық сеніммен айта аламыз.

Кәмила ДҮЙСЕН