Президенттің көмекшісі болған Қанат Шарлапаев жаңа қызметке тағайындалды

Жаңа төрағаны сайлау 23 қаңтар күні «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының XIII съезінде өтті.

Қанат Шарлапаев «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы болып тағайындалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жаңа төрағаны сайлау 23 қаңтар күні «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының XIII съезінде өтті. Қанат Шарлапаев бұл қызметке Райымбек Баталовтың орнына келді.

Өнеркәсіпті дамыту қорының ресми сайтындағы мәліметке сәйкес, Қанат Шарлапаев 1981 жылы Ресейдің Саратов облысында дүниеге келген. Ол Саратов әлеуметтік-экономикалық университетін, сондай-ақ Ұлыбританиядағы Cranfield School of Management оқу орнын тәмамдаған.

Еңбек жолын 2003 жылы банк секторында бастаған. Әр жылдары Ұлыбритания мен Чехиядағы Citi инвестициялық банкінде түрлі лауазымдарды атқарып, Ресей, Украина және Қазақстан бойынша бас қаржы директоры, сондай-ақ «Ситибанк Ресей» аға вице-президенті қызметтерін атқарған.

2022 жылдың ақпан айынан бастап «Бәйтерек ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы болды.
2023 жылдың қыркүйегінде Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметіне тағайындалып, 2024 жылдың ақпан айында бұл қызметке қайта бекітілді.

Еске салайық, Қанат Шарлапаев 2024 жылдың ақпан айының соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі болып тағайындалған еді. Сәуір айында «Бәйтерек» холдингінің директорлар кеңесінің мүшесі атанып, кейіннен «Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ директорлар кеңесіне де енді.

Бірақ 2025 жылдың қыркүйегінде Қанат Шарлапаев Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі қызметінен босатылғаны белгілі болды.