"Орамал салып жатқан видеода қарындасым емес...": Нұрайдың ағасы шындығын айтты (видео)

Сұлтан Серікбай әлеуметтік желіде таралып жатқан видеоның барлығында Нұрай түсірілмегенін атап өтті.

Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың ағасы Сұлтан Серікбай әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға байланысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мұны қызметінен босатылған бұрынғы полиция қызметкері жариялап, сұхбат берген болатын.

Сұлтан Серікбай әлеуметтік желіде таралып жатқан видеоның барлығында Нұрай түсірілмегенін атап өтті. Мысалы, қызды үйіне әкеліп, орамал салып жатқан сәттегі бейнеде ақ көлікпен келгені байқалады.

Ал ағасы қарындасын қара түсті және басқа маркалы көлікпен алып қашқанын, үстінде басқа киім болғанын айтты.

Сонымен қатар полиция бөлімшесінде түсірілген бейнежазбада қарындасына барынша қысым көрсетіп, қорқытып бейнежазбаға түсіргенін айтты. Сол кезде Нұрайдың моральдық, физикалық тұрғыда қатты шаршап тұрғаны байқалады.

Айта кетейік, күдікті Шерхан Аймахан қайғылы оқиғадан бірнеше ай бұрын Нұрайды күштеп алып қашып, мәжбүрлі түрде өзіне тұрмысқа шығуға көндірмек болған. Қыздың туыстары қарсы болып, үйіне алып кеткен.

Одан кейін күдікті қыздың ізінен қалмай аңдып, ақыры пышақтап өлтіргені белгілі болды.

Өкініштісі, Нұрай көзі тірісінде полицияға сталкинг бойынша жүгініп, көмек сұрағанымен, нәтиже болмаған. Салдарынан оқиға қайғылы жағдаймен аяқталды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.