Әлеуметтік желіні ақтарып отырсам, біреу «жалақы дымға жетпейді, кедейленіп барамыз» деп жазыпты. Бірақ сол адамның бармаған жері жоқ. Тіпті, концерт үшін Бакуге барып қайтыпты. Қарап тұрсаңыз, осылай «ақша жоқ» деп жылай беретіндер көп. Бірақ шын мәнінде солай ма?
Өткенде Алматыға «Реал» келгенде билеттің бағасы ұшып тұрды. Сатып алу үшін кезекке тұру керек. Сайтқа он мың бірдеңесінші болып тіркелдік. Ақша жоқ болса, адамдар Мбаппені көру үшін 150 мың теңге төлеуге дайын болатын ба еді? Әлеуметтік желіні аша қалсаңыз, шетелде қыдырып жүргендерді, айфонымен мақтанып жатқандарды жиі көреміз. Автосалонға барсаң, құжынаған адам.
Былтыр «Свой дом» жаңа үйді сатылымға шығарғанын естіп, көріп шығайын деп кіргенмін. Ұзын-сонар кезек. Талон алсам, алдымда 57 адам бар екен. Он минуттай күткенмін. Қоңырау екі рет соғылды. Яғни, сол он минуттың ішінде екі пәтер сатылды деген сөз.
Дубай, Ыстанбұл деген қазақтардың қаласы секілді болып кеткен. Бурдж-Халифаның айналасынан кемінде он қазақты кездестіресің. Вьетнам, Хайнань, Мальдив аралдарына барып қайту әншейін сән болып қалды ғой. Демалыста шетелге шықпадым десең, таңғалып қарайтын деңгейге жеттік. Жылдан-жылға туристердің артып отырғанын статистика да дәлелдейді.
Осының бәрін көріп-біліп отырып, жағдай нашар, кедейшілік деп қалай айтамыз? Егер халықта шынымен ақша жоқ болса, айфондар ыстық пирожки секілді талан-тараж сатылып кетпес еді. Шетелге қыдыру арман болып қалар еді.
Бұдан қала берді, той-томалақ көп. Аста-төк дастархан. Қымбат асаба, әншілер жүреді. Той жарайды, тіпті, жаназа кезінде де дастарқан жаюдан атан жарыс болып жатыр.
Нағыз кедейшілікті біздің аталарымыз көрді. Сығарға биті қалмай, тулақты пісіріп жеді. Әке-шешелеріміздің де аузынан ақ май ағып тұрмады. Дастарқанға бауырсақ шашып жіберіп, талай тойды өткізді. Ал қазір ше? Дастарқанымызда құс сүтінен басқаның бәрі бар. Біз осы, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған дәуірде өмір сүріп жатқан сияқтымыз. Ендеше жағдай нашар деп қалай жылаймыз? Халықта ақша жетеді, тек нысап жоқ секілді. Қалай ойлайсыз?
Дәурен СЕЙІТЖАНҰЛЫ,
Adal adam You Tube арнасының жүргізушісі
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.