«Сені өлтірген жоқ қой...»: түнде қыздың өміріне қауіп төндірген адам айыппұлмен құтылды (видео)

Оның балағат сөз айтып, қорқытқан сәті бейнежазбаға түсіп қалған.

Семей қаласында жұмыстан қайтып келе жатқан бойжеткенді түн ортасында белгісіз азаматша аңдып, подъезд алдында қоқан-лоққы көрсеткен, – деп жазды Aikyn.kz. 

Ол артынан ілесіп келіп, балағат сөз айтып, Аружанды қорқытқан сәті бейнежазбаға түсіп қалған. 

«Соқыр болып қалғың келе ме?» дегені де анық естіледі.

Жәбірленуші Аружан туысқан ағасын көмекке шақырып, үйіне жеткен. Осы оқиғаға қатысты сот отырысы өтіп, шешім де шыққан. Алайда Аружан сот әділ өтпеді деп санайды. Өйткені айтуынша, өміріне қауіп төндірген қыз тек айыппұлмен құтылған.

Жәбірленушінің айтуынша, полиция қару кезенбеген жағдайды қоқан-лоққы ретінде қарастырмаған.

«Сот залынан шығып бара жатқанда менің көңілім толмай тұрғанын көріп, оның анасы «Тірі қалдың ғой, өлтірген жоқ қой» деді. Мен «Ең бастысы өлтірмегені ме? Басқа ештеңе мазаламай ма?» дедім», - дейді Аружан көзіне жас алып.

Ол қазір жалғыз жүруге қорқатынын, қатты психологиялық соққы алғанын айтады.

Желі қолданушылары күдіктінің жеңіл жазамен құтылғанына наразылық білдіріп жатыр. Оның бұған дейін де талай адамның өміріне қауіп төндірген видеолары желіде жарияланды.

Желідегі оқырман қайғылы оқиға болмай тұрып, қоғамға қауіпті адамға әділ жаза қолдану керегін айтып жатыр. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.