Жаһандық журналистиканың қысқы мектебі өтті

Халықаралық іс-шараға университет басшылығы, факультеттің профессор-оқытушылары, шетелдік ғалымдар, «Euronews TV» мен BBC WORLD телеарнасының журналистері, еліміздің танымал медиа холдингі мен коммуникациялар желісінің директорлары, PR менеджерлер және Оңтүстік Кореяның Сунгшин университетінің (Сеул) студенттері қатысты.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының ұйымдастыруымен 2026 жылдың 26 қаңтарында Алматы қаласы «Тау-Тұран» демалыс базасында БҰҰ-ның халықаралық білім беру күніне орайластырылған «Тұрақты даму мүддесіндегі білім: жаһандық және инновациялық процестер» атты  VI халықаралық жаһандық журналистика және шығыстану қысқы мектебінің ашылу салтанаты өтті.

Халықаралық іс-шараға  университет басшылығы, факультеттің профессор-оқытушылары, шетелдік ғалымдар, «Euronews TV» мен BBC WORLD телеарнасының журналистері, еліміздің танымал медиа холдингі мен коммуникациялар желісінің директорлары, PR менеджерлер және Оңтүстік Кореяның Сунгшин университетінің (Сеул) студенттері қатысты.

Шараны журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай ашып, қысқы мектепке осы жылы алғаш рет шетелдік студенттердің қатысып отырғанын атап өтті. 

BBC World телеарнасының бұрынғы журналисі, медиа және коммуникация профессоры Мұхаммад Шераз әлемдік деңгейдегі қоғамдық және мемлекеттік телеарналардың насихат жүргізудегі әдіс-тәсілдері және ақпараттық саясаттары туралы нақты деректерге толы әңгіме айтты. Ал, Оңтүстік Корея елінің Қазақстандағы “KazKorean» газетінің тілшісі Жанг Вонки мырза шетелдіктердің біздің еліміз туралы алған әсерлері және қандай пікірлерді жиі айтатыны туралы қызықты презентация жасады.

“Alatau Aqparat” медиахолдингінің бас директоры Ержан Төлек дәстүрлі БАҚ пен сайттардың әлеуметтік желідегі дамуы, медиа маркетинг, тираж мәселелерін көтеріп, қазіргі ақпарат кеңістігіндегі жаңашыл көзқарастарын бөлісті.

Ал MEGA коммуникациялар желісінің директоры Мадина Иманалиева пиар саласы мамандарына қажетті әдет-дағдыларды мысалдармен дәлелдей келіп, журналистика факультеті жас мамандарға нақты не береді және не бермейді деген сауалдарды алға тартып, өзінің тәжірибесі негізінде жауап берді. Сонымен қатар шара барысында “HeadHunter”-дің Орталық Азиядағы маркетинг және PR менеджері Мұхамед Бағдатұлы қаржы, HR саласындағы PR мамандардың жұмыс істеуіндегі ерекшеліктер туралы құнды ойларын бөлісті.

Шығыстану факультеті, Қиыр Шығыс кафедрасының меңгерушісі Ақерке Абаған Орталық Азия туралы корей халқының көзқарасы және Қазақстан мәдениетінің шетелдерде насихатталуы туралы өз ойын ортаға салды. Ал, ЮНЕСКО-ның журналистика және коммуникация кафедрасының меңгерушісі Орынтай Ошанова тұрақты даму мақсатында журналистік білім берудің жаңа міндеттері мен қоғам рөлінде атқарар маңызды қызметтері туралы пікірімен бөлісті.

Шара барысында еліміздің білім нарығына қажетті PR және коммуникация мамандарын даярлаудың өзекті мәселелері туралы факультеттің жұмыс берушілері өз ұсыныстарын бөлісті.

Орынтай Ошанова,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

журналистика факультетінің доценті