Степногор қаласында 8 мыңнан астам тұрғынға жылу тұтынғаны үшін заңсыз түрде қосымша ақы ұсталып келген. Жағдайды бақылауға алмағаны үшін қала әкімі Гайдар Қасенов тәртіптік жазаға тартылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Ақмола облыстық прокуратурасының мәліметінше, 41 көпқабатты тұрғын үйде жылу үшін іс жүзіндегі есептегіш құралдағы көрсеткіштермен емес бекітілген нормативтер негізінде есептеліп келген. Осының салдарынан тұтынушыларға төлем заңсыз түрде ұлғайтылған болып шықты.
– Жоғарыда аталған фактілер жылумен қамтушы ұйымның Қазақстан Республикасының “Жылу энергетикасы туралы” заңының талаптарын өрескел бұзғанын айғақтайды. Прокурорлық қадағалау актісі бойынша 8 мыңнан астам тұрғынға жылу энергиясы үшін жалпы сомасы 8,1 миллион теңге сомасында қайта қайта есептеу жүргізілді. Заңбұзушылықтарға жол берілгені үшін қала әкімі Гайдар Қасенов тәртіптік жауапкершілікке тартылды, – дейді Ақмола облыстық прокуратурасынан.
Естеріңізге сала кетсек, өткен жылдың соңында да Степногор қаласының әкімі абаттандыруға нашар бақылау жасағаны үшін сөгіс беріліп, тәртіптік жауапкершілікке тартылған еді.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы