Жерді жалға алу тәртібі өзгерді: енді кімдерге беріледі?

Енді өтініш берушілер жерді игерудің алғашқы бес жылында бір гектарға шаққандағы инвестиция көлемін көрсетуге тиіс.

Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов 2025 жылдың тамыз айынан бастап ауыл шаруашылығы жерлерін уақытша өтеулі пайдалануға (жалға алу) беру бойынша конкурс өткізу ережелеріне өзгерістер енгізілгенін мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Басты жаңашылдық – конкурстық ұсыныстарға қойылатын міндетті есептік талап. Енді өтініш берушілер жерді игерудің алғашқы бес жылында бір гектарға шаққандағы инвестиция көлемін көрсетуге тиіс. Сонымен қатар өтінімдерді қарау барысында мына көрсеткіштер үшін қосымша балдар беріледі:

– ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарының болуы;

– мал басының саны;

– салада жұмыс істейтін мамандардың біліктілігі.

«Бұл процесс ашық әрі объективті жүргізіледі және ауыл шаруашылығын нақты дамытуға бағытталған», – деді Мұрат Теміржанов.

Сондай-ақ ведомство еліміздің жер ресурстарын ауқымды тексеру қорытындыларын жариялады. Комитет төрағасының айтуынша, өткен жылы 6,6 млн гектар аумақта топырақ зерттеулері, 7,5 млн гектарда геоботаникалық зерттеулер жүргізілген. Жалпы, ізденіс жұмыстарының қамтылған аумағы 29 млн гектардан асқан.

Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық платформасын құруға ерекше назар аударып отыр. Спикердің сөзінше, цифрландыру жер туралы деректерді жүйелеуге, ақпараттың қолжетімділігін арттыруға және жер қорын басқарудың тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.