Президенттің экономика салаларын цифрлық трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында ғылым мен нақты сектор кооперациясын нығайту, сондай-ақ ғалымдарды қолдау шаралары талқыланды.
Жиынды ашқан Премьер-министр жаңа Конституция жобасын ашық әрі нақты түсіндірудің маңыздылығына тоқталды. Құжатта қоғамда болып жатқан жоспарлы саяси және экономикалық өзгерістер көрсетіліп, ел дамуының жаңа бағдарлары, оның ішінде білім, ғылым және инновация саласындағы басымдықтар белгіленгені атап өтілді.
«Ата Заңның жаңа жобасы – болашаққа бағдарланған прогрессивті құжат. Онда адам және оның құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде жария етілді. Біз Конституция жобасында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Заң мен тәртіп» жаппай үстемдік құрған, «Әділетті әрі таза Қазақстанды құру» идеясы халықтың кең қолдауына ие болғанын көріп отырмыз. Жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясы басты орынға қойылады. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы саяси жүйенің тұрақтылығы мен сабақтастығын орнықтыра түседі», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жаһандық деңгейдегі өзгерістер мен жоғары технологияның қарқынды дамуы және «орта державалар» рөлінің артуы жағдайында конституциялық реформаның заман талабына сай уақытылы жасалған қадам екені баса айтылды.
Талқылау барысында ғылыми ортаның өкілдері жаңа Конституция жобасын қолдап, пікір білдірді. Ғылымды мемлекеттің тұрақты дамуының негізі ретінде шоғырландыру жөніндегі бастамалар ерекше атап өтілді.
«Жаңа Конституция жобасы адам құқығы мен бостандығын мемлекеттің басты басымдығы ретінде бекітіп қана қоймай, Қазақстанның ұзақмерзімді ғылыми-технологиялық дамуының негізі саналады», – деп атап өтті Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев.
«Бүгінде медицина ғылымының дамуы – ғылыми прогресс қана емес, сонымен қатар ұлттық қауіпсіздік пен орнықты денсаулық сақтау жүйесін нығайтудың негізгі факторы. Конституцияның жаңа жобасында ғылымды мемлекеттің тұрақты дамуының негізі ретінде қарастыру аса маңызды екені сөзсіз. Бұл ғылыми білім мен зерттеулердің және ғылыми кадрлардың еліміздің қосалқы емес, тікелей стратегиялық ресурсы екенін мойындауды білдіреді», – деді академик Вячеслав Локшин «өмір және денсаулық туралы ғылым» бағытын стратегиялық деңгейге шығару қажеттілігін атап өтті.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Ғылым және технологиялар жөніндегі өңірлік кеңестердің маңыздылығы атап өтілді, олар жергілікті жерлерде ғылыми-инновациялық дамуды басқарудың пәрменді тетігі болуға тиіс.
Салалық мемлекеттік органдардың өкілдері ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың іс жүзіндегі нәтижелері туралы баяндама жасады. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев тау-кен металлургия кешені бойынша соңғы бес жылда сала кәсіпорындары шамамен 150 млрд теңге инвестициялап, 1,5 мыңнан астам жобаны жүзеге асырғанын атап өтті. Әзірлемелерді енгізу тікелей экономикалық тиімділікті және өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыруды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар физика-математика ғылымдарының докторы, атом энергетикасы қауіпсіздігі, басқарылатын термоядролық синтез, радиоэкология және радиациялық технологиялар саласы бойынша профессор Эрлан Батырбеков, физика-математика ғылымдарының докторы Асқар Жұмаділдаев пікір білдірді. 2025 жылғы желтоқсанда Үкімет бекіткен Ғылымды шоғырландыру аумақтарын құрудың және дамыту тұжырымдамасы ғылыми әлеуетті шоғырландыруға, озық технологияларды жедел енгізуге және ғылыми кадрларды даярлауға жағдай жасайтыны атап өтілді. Кремний саласын дамыту мәселелеріне, соның ішінде кремнийді зерттеу саласындағы іргелі зерттеуге және еліміздің технологиялық дамуы үшін маңыздылығын көрсете отырып, бейінді зауыттар салуға назар аударылды.