Бес бәсекелі күн ішінде әлемнің 48 елінен 109 команда іс-әрекеттің шеберлігін, жылдамдығын, тактикалық ойлауын және үйлесімділігін барынша көрсетті. Қазақстан құрамасына еліміздің күш құрылымдарынан құралған Kazakhstan А, Kazakhstan B, Kazakhstan C, Kazakhstan D командалары және Kazakhstan Tomiris әйелдер командасы қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Айта кетейік, Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша, Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-майор Аңсаған Балтабеков Дубайда болып, әскери қызметшілерге қолдау көрсетіп, өз тәжірибесі мен тағылымын бөлісті.
Жарыстың бесінші күнінде қатысушылар ең серпінді кезеңдердің бірі — Obstacle Course (кедергілер жолағын) бағындырды. Осы кезеңнің қорытындысы бойынша, Kazakhstan B командасы І орын иеленді, ал Kazakhstan A бесінші орынға жайғасып, үздік бестікке кірді.
Турнирдің басты жаңалығы Kazakhstan С командасының тамаша жеңісі болды, ол барлық жарыс күндерінің қорытындысында UAE SWAT CHALLENGE-2026 турнирінің жеңімпазы атанды.
Жалпы, рейтингте екінші орынды Kazakhstan А командасы жеңіп алды.
Сонымен қатар қорытынды кестеде қазақстандық командалар арасында позициялар келесідей бөлінді:
- Kazakhstan B – 8 орын;
- "Kazakhstan Tomiris – 18 орын;
- Kazakhstan D – 20 орын.
Қазақстандық командалардың жеңісі мен жүлделі орындары – отандық арнайы мақсаттағы бөлімшелердің жоғары жауынгерлік дағдыларының, дене дайындығы мен кәсібилігінің көрсеткіші. UAE SWAT CHALLENGE-2026-да сәтті өнер көрсету Қазақстанның халықаралық беделін нығайтты және біздің жауынгерлеріміздің әлемдік аренада бәсекеге қабілеттілігін көрсетті.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.