Әскери колледжде қызылшаға шалдыққан кадеттердің жалпы саны 300-ге жетті

Қызылшаның жылдам уақытта таралуына мамандардың дер кезінде хабарландырылмауы себепкер болған.

Щучинск қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжде қызылшаға шалдыққан кадеттердің жалпы саны 300-ге жетті. Облыстың бас санитарлық дәрігері індеттің жаппай таралуының басты себебін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. 

Облыстық СЭС департаментінің басшысы Серік Омархановтың айтуынша, қызылшаның жылдам уақытта таралуына мамандардың дер кезінде хабарландырылмауы себепкер болған. Аурудың алғашқы белгілері 12 қаңтарда-ақ пайда болған. Алайда арада он күн өткенде жағдай күрт қиындап, 44 адам медициналық көмекке жүгінген. Ал одан кейін кадеттер саны бірнеше тәулік ішінде 50-60-тан астам кадет  дәрігерге қаралған.  

Оқу орнының медициналық қызметкерлері болған жағдайға кеш ықпал еткен,  дейді өңірдің бас санитар дәрігері. 

Естеріңізге сала кетсек, Көкшетауға әскери колледждің 90-нан астам кадеті жүгініп, оның үшеуі жансақтау бөліміне жатқызылған. Жалпы, әскери колледжде әскери қызметкерлер мен кадеттерді қосқанда 300 адам індетке шалдыққаны анықталды. Олардың бірқатары ауруханаға жатқызылса, қалғаны карантинге алынған. Қазіргі уақытта стационарда 20 емделуші қалған. 

Сонымен қатар колледж оқушыларының арасында екпе салынбағандардың болуы инфекцияның таралуына ықпал еткені белгілі болды. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.