Көптеген кәсіпкер тауарын Ресейдегі қоймаларға алдын ала жөнелтіп, сол жерден сатып алушыларға жеткізеді. Бұл жүйе сауданы жеңілдеткенімен, белгілі бір қатерлерді де қатар алып келеді. Қоймадағы өрт, табиғи апат немесе логистикалық іркіліс кезінде кәсіпкер өз тауарының сақталуына тікелей ықпал ете алмайды. Мұндай жағдайда компанияның жауапкершілігі, ақпараттың ашықтығы және шығынды өтеу тәртібі бірінші орынға шығады.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының алдын ала мәліметі бойынша, Ресейдегі Wildberries қоймаларына жасалған шабуылдардан Қазақстанның 100-ден астам кәсіпкері зардап шеккен. Олардың жалпы шығыны 1 миллиард теңгеден асады. Дегенмен бұл түпкілікті көрсеткіш емес. Қазір зардап шеккен сатушылардың толық тізімі мен материалдық залалдың нақты көлемі нақтыланып жатыр.
Оқиғадан кейін Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі ресми ақпарат жинауға кірісті. Ведомство Wildberries-тің Қазақстандағы ресми өкілі – «ИМВБКЗ» ЖШС-ға сауал жолдады. Министрлік платформада жұмыс істейтін қазақстандық кәсіпкерлердің саны, зардап шеккен сатушылар, оқиғаның олардың жұмысына ықпалы және компанияның міндеттемелерді орындау тәртібі туралы мәлімет сұратқан.
«Объективті әрі ресми ақпарат алу мақсатында Wildberries компаниясының Қазақстандағы ресми өкіліне сауал жолданды. Онда платформа арқылы тауар сататын қазақстандық кәсіпкерлердің саны туралы мәлімет сұралды. Сондай-ақ зардап шеккен сатушылардың бар-жоғы мен оқиғаның олардың жұмысына ықпалы анықталады. Компанияның қазақстандық сатушылар алдындағы міндеттемелерін орындау тәртібі де нақтыланады», – делінген Сауда және интеграция министрлігінің хабарламасында.
Бұған қоса, министрлік дипломатиялық арналар арқылы Қазақстанның Ресейдегі Елшілігіне де тиісті сауал жолдаған. Елшілік Ресейдің құзырлы органдарымен және Wildberries компаниясымен байланыс орнатып, қазақстандық кәсіпкерлердің мүддесіне қатысты мәселелерді пысықтауға атсалысады. Оқиға Ресей аумағында болғандықтан, ресми мәлімет сол елдің жауапты органдарымен бірлесіп нақтыланады.
Ведомство барлық ақпарат жиналмайынша оқиғаның Қазақстан нарығына ықпалына қатысты түпкілікті баға беруге асықпай отыр. Министрліктің түсіндіруінше, трансшекаралық электронды сауда коммерциялық және логистикалық тәуекелдермен байланысты. Мұндай жағдайда тараптардың жауапкершілігі келісімшарт талаптары мен қолданыстағы заңнамаға сәйкес қаралады.
«Оқиға Ресей Федерациясының аумағында болды. Сондықтан ресми ақпарат дипломатиялық арналар арқылы және Ресейдің құзырлы органдарымен өзара іс-қимыл негізінде алынады. Министрлік өз құзыреті шегінде қазақстандық кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қорғау үшін қажетті шараларды қабылдап жатыр. Қосымша ақпарат алынғаннан кейін қажет болған жағдайда тиісті түсініктемелер беріледі», – деп хабарлады ведомство.
Министрліктің қазіргі міндеті – зардап шеккен кәсіпкерлер мен шығын көлемі туралы нақты дерек жинау. Осы мәліметтер негізінде ғана оқиғаның салдары бағаланып, кәсіпкерлерге қосымша түсініктеме беріледі.
Қолдау шаралары кезең-кезеңімен жалғасады
Өрттен кейін кәсіпкерлерді алаңдатқан басты мәселе – келтірілген шығынның қалай өтелетіні болды. Wildberries компаниясының мәліметінше, қазір сатушыларға толық өтемақы емес, бизнестің жұмысын тоқтатпауға бағытталған қолдау шаралары жүзеге асырылып жатыр. Компания шығын көлемін бағалау жалғасып жатқандықтан, төлемдерді бірнеше кезеңмен аударуды таңдаған. Алғашқы кезеңде қолдау алғандардың қатарында қазақстандық сатушылар да бар.
«Біз зардап шеккен сатушыларға арналған қолдау төлемдерінің екінші кезеңін бастадық. Бұл жолы 97 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкіліне қаражат аударылады, олардың арасында алғашқы кезеңде төлем алған кәсіпкерлер де бар. Қаражат жақын арада сатушылардың платформадағы балансына түседі және қолданыстағы төлем кестесіне сәйкес қолжетімді болады. Қазір шығын көлемін бағалау жалғасып жатыр. Сондықтан сатушыларды қолдау шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады», – дейді Wildberries компаниясының PR өкілі Ольга Ниязалиева.
Компания бұған дейін алғашқы кезеңде 88 мыңнан астам сатушыға қолдау төлемдерін аударған. Сонымен қатар өңірлік қоймаларға транзиттік жеткізу тегін ұйымдастырылып, тауарларды сақтау шарттары жеңілдетілді. Логистика құнына әсер ететін өңірлік индекстер уақытша бекітіліп, кейбір санаттағы тауарларға сатып алушылар үшін берілетін жеңілдіктер платформаның өз қаражаты есебінен ұлғайтылған. Бұдан бөлек, WB Банк сатушыларға несие каникулын ұсынып, есепшоттарға қызмет көрсету ақысын және рубльмен жасалатын аударымдар үшін комиссияны алып тастаған.
«Біздің мақсатымыз – кәсіпкерлердің сатылымын сақтап қалуға көмектесу және олардың қосымша шығынын барынша азайту. Сол себепті логистика мен қойма қызметтеріне бірқатар жеңілдік енгіздік, ал WB Банк сатушыларға қаржылық қолдау шараларын ұсынды. Қазір оқиғаның барлық салдары бағаланып жатыр. Осы жұмыстың қорытындысына қарай қолдау тетіктері де кеңейтіледі. Біз серіктестерімізді қабылданатын барлық шешім туралы ресми арналар арқылы тұрақты түрде хабардар етіп отырамыз», – дейді компания өкілі.
Соңғы күндері әлеуметтік желілерде Wildberries Қазақстанда шұғыл түрде жаңа қоймалар іздеп жатыр деген ақпарат тарады.
Алайда компания бұл мәліметті жоққа шығарды. Оның айтуынша, Қазақстанды қоса алғанда, барлық қатысушы елдерде логистикалық нысандарды салу бұрыннан бекітілген жоспар бойынша жалғасып келеді. Қазір негізгі күш тауарларды әртүрлі қоймалар арасында тиімді қайта бөлуге және серіктестердің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар компания алдағы уақытта Қазақстанның мемлекеттік органдарымен және бизнес қауымдастықтарымен бірқатар жұмыс кездесуін өткізіп, қазақстандық сатушыларды қолдау жөніндегі жол картасын талқылауды жоспарлап отыр.
«Біз логистикалық инфрақұрылымды бұрыннан бекітілген жоспар бойынша дамытып келеміз және жаңа нысандардың бір бөлігі жақын уақытта іске қосылады. Қазір басты міндет – тауарларды қоймалар арасында тиімді қайта бөліп, серіктестердің бизнесінің тұрақтылығын сақтау. Қазақстандағы мемлекеттік органдармен және бизнес қауымдастықтарымен кездесулер өткізіп, қазақстандық сатушыларды қолдау жөніндегі жол картасын талқылауды көздеп отырмыз. Бұл бағыттағы барлық шешімдер туралы серіктестерімізге ресми арналар арқылы тұрақты түрде хабарлап отырамыз», – деді Ольга Ниязалиева.
Шығын көлемі нақтыланып жатыр
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, қазір елдің барлық өңірінен ақпарат жиналуда. Алдын ала есеп бойынша, Ресейдегі Wildberries қоймаларына жасалған шабуылдардан Қазақстанның 100-ден астам кәсіпкері зардап шеккен. Олардың жалпы шығыны 1 миллиард теңгеден асады. Алайда зардап шеккен сатушылардың толық тізімі мен материалдық залалдың нақты көлемі әлі нақтыланып жатыр.
Палата бұл жұмысты өңірлік кәсіпкерлер палаталарымен, жергілікті атқарушы органдармен және салалық қауымдастықтармен бірлесіп жүргізуде. Кәсіпкерлер ұсынған мәліметтер жинақталып, келтірілген шығын көлемі растайтын құжаттар негізінде есептеледі. Бұл ақпарат кейін өтемақы төлеу және құқықтық қолдау көрсету мәселелерін шешу үшін қажет.
«Атамекен» мәселені мемлекеттік деңгейде қарауды ұсынды. Палата Сауда және интеграция министрлігіне ресми хат жолдап, қазақстандық кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау үшін мемлекетаралық өзара іс-қимыл тетіктерін пайдалануды сұраған.
Сонымен қатар мемлекеттік органдар, «Атамекен» палатасы, Wildberries басшылығы және кәсіпкерлер қатысатын жұмыс тобын құру ұсынылды. Мұндай алаң шығынды бағалаудың ортақ тәртібін әзірлеуге, төлемдерді жеделдетуге және зардап шеккен сатушыларға құқықтық қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.
Wildberries қоймаларындағы оқиға бір ғана компанияның ішкі мәселесі болып қалған жоқ. Ол халықаралық маркетплейстер арқылы жұмыс істейтін қазақстандық кәсіпкерлерді қорғау тетіктерін жетілдіру қажеттігін көрсетті. Ендігі маңызды мәселе – кәсіпкерлердің шығынын өтеумен қатар, осындай жағдайларда мемлекет, бизнес пен платформаның қалай әрекет ететінін алдын ала айқындайтын нақты жүйе қалыптастыру.
Кәмила дүйсен