Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің шалғай өңірлеріндегі көлік қолжетімділігін арттыру мәселесін бірнеше рет көтерген болатын. Осы тапсырма аясында Шығыс Қазақстан облысының Зайсан және Катонқарағай аудандарында жаңа әуежайлардың құрылысы басталды. Бұл – тек құрылыс нысандары емес, өңірдің инвестициялық және туристік әлеуетін арттыратын стратегиялық жобалар. Нысандардың құрылысын «ЭЛХОН» ЖШС жүргізуде.
Бүгінде Зайсандағы әуежай құрылысында жұмыстардың басым бөлігі аяқталған. Былайша айтқанда, 87 пайыз бітіп тұр. Ұшу-қону жолағы, рульдеу жолы, перрон, дренаж жүйесі, кіреберіс жол мен инженерлік инфрақұрылым толық салынып болған. Қазір командалық-диспетчерлік пункт пен әкімшілік ғимараттардың құрылысы жүргізілуде.
Ал Катонқарағайдағы құрылыс жұмыстары жоспарға сай жалғасып жатыр. Мұнда құрылыс-монтаждау жұмыстарының 66 пайызы орындалған. Ұшу-қону жолағы мен перронның негізгі бөлігі аяқталуға жақын. Терминал ғимараты мен қосалқы нысандар бой көтеруде. Жұмыстардың сапалы әрі бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуі облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тұрақты бақылауында.
Бұл екі әуежайдың пайдалануға берілуі өңір тұрғындарының жол жүру уақытын қысқартып қана қоймайды. Әсіресе табиғаты ерекше Катонқарағайдың туристік әлеуеті жаңа деңгейге көтеріледі. Ал Қытаймен шекаралас Зайсан ауданы үшін әуе қатынасының ашылуы сауда-логистика саласының дамуына тың мүмкіндік береді. Мамандардың пікірінше, көлік қолжетімділігі артқан сайын инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту және қызмет көрсету саласын кеңейту де жеңілдей түседі.
Тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде
Облыста инфрақұрылымдық жобалармен қатар тұрғын үй құрылысы да қарқын алды. Биыл Шығыс Қазақстанда барлық қаржыландыру көзі есебінен 961 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Оның 860 мың шаршы метрі көпқабатты үйлер болса, қалған 101 мың шаршы метрі жеке тұрғын үйлердің үлесіне тиесілі.
Жыл соңына дейін пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 408,4 мың шаршы метр болады деп жоспарланған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен жоғары. Ал алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 150,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, шілде айының қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 156,1 мың шаршы метрге жетеді деп күтілуде.
Тұрғын үй құрылысының басты мақсаты – тек құрылыс көлемін арттыру емес, баспанаға мұқтаж азаматтардың мәселесін шешу. Осы бағытта биыл әлеуметтік осал топтарға арналған 701 пәтер сатып алу жоспарланған. Оның 401-і «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында облыстың 52 елді мекенінде салынған үйлерден алынады. Қалған 300 пәтер Өскемен қаласы мен Зайсан, Алтай, Катонқарағай және Үлкен Нарын аудандарындағы көпқабатты тұрғын үйлерден сатып алынбақ.
Қазіргі уақытта өңірде жалпы саны 1 302 пәтерді қамтитын 21 кредиттік тұрғын үй салынып жатыр. Жыл соңына дейін тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 232 кредиттік пәтер беріледі. Жалпы есеппен алғанда, биыл 933 тұрғын жалдамалы немесе кредиттік тұрғын үйге қол жеткізеді.
Жол-көлік инфрақұрылымы да басты назарда
Өңірдің тұрақты дамуы жол-көлік инфрақұрылымының сапасына да тікелей байланысты. Сондықтан облыста көпірлерді жөндеу мен жаңа көпір салу жұмыстары қатар жүргізілуде. Қазір Язовое көліне апаратын жолдағы Ақ Берел өзені арқылы өтетін көпір қайта жаңғыртылып жатыр. Бұл жоба жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, шалғай елді мекендердің көлік қатынасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Осинов асуындағы қайта жаңғырту жұмыстары да маңызды жобалардың бірі саналады. Мұнда Козловка өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы аяқталған. Ал Пихтовка өзені арқылы өтетін көпір пайдалануға берілген соң, қайта жаңғыртылып жатқан жол учаскесі толықтай көлік қозғалысына ашылады.
Өскемен қаласының көлік жүйесін дамыту бағытында да ауқымды жобалар қолға алынған. Серікбаев көшесін Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірмен байланыстыратын жол салу жоспарланып отыр. Бұл жоба қала ішіндегі көлік ағынын оңтайландырып, кептелісті азайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар «Шемонаиха – Усть-Таловка» автожолындағы Үбі өзені арқылы өтетін көпір қайта жаңғыртылуда. Ал Шнайдер көпіріне түсетін жүктемені азайту үшін Үлбі өзені арқылы жаңа автокөлік көпірінің жобасы әзірленіп жатыр.
Бір-біріне тығыз байланысты жобалар
Туризм саласын дамытуға бағытталған жұмыстар да жүйелі жалғасуда. Былтыр Катонқарағай ауданындағы тарихи Ескі Аустрия жолындағы ұзындығы 24 метр болатын көпір қалпына келтіріліп, туристік бағыт қайта ашылды. Бұл өңірдің тарихи және табиғи мұраларын тамашалауға келетін саяхатшылар үшін қолайлы жағдай қалыптастырды.
Шығыс Қазақстанда жүзеге асып жатқан бұл жобалардың барлығы бір-бірімен тығыз байланысты. Әуежайлар көлік қатынасын жақсартады, жол-
дар мен көпірлер өңір ішіндегі байланысты күшейтеді, ал тұрғын үй құрылысы халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге ықпал етеді. Инфрақұрылымның жаңаруы инвестиция тартуға, туризмді дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Сондықтан бүгінгі құрылыс жұмыстары тек жаңа нысандар салумен шектелмейді. Бұл – өңірдің ұзақмерзімді дамуына салынған инвестиция. Жоспарланған жобалар сапалы әрі уақытында аяқталса, Шығыс Қазақстанның экономикалық әлеуеті артып, тұрғындардың өмір сүру деңгейі де жаңа белеске көтеріледі.
Омар Ұларбекұлы