«Біздің мемлекетіміздің басты мақсаты – тұрақты экономикалық өсу мен азаматтарымыздың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз ету. Еліміздің индустриалдық және инновациялық әлеуетін кең ауқымда дамыту түйінді фактор болып саналады. Менің принципті түрдегі ұстанымым сіздерге белгілі және бүгінгі жиын оның дәлелі бола алады. Біз өзіміздің өндірушілерді барынша қолдайтын боламыз» деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бренд қалыптастыруды тапсырды. Тіпті, Мемлекет басшысы «Жалпы, біз бес жыл ішіндегі шикізат емес экспорт өсімін 2022 жылы бір жарым есеге, ал 2025 жылға қарай екі есеге жеткізуіміз керек» деп нақты міндет қойды. Негізі, индустриалдық бағдарлама – мемлекеттің экономикалық дамуының берік іргетасы. Сондықтан Үкіметтің назары бұған ауған. Елбасының бастамасымен соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. Индустрияландыру үдерісінің арқасында инвестиция көлемі 8 трлн теңгеден асатын 1 250 жаңа өндірістік кәсіпорын ашылып, 120 мың жұмыс орны құрылды. Бес жүзден астам жаңа өнім түрлерінің шығарылымы жолға қойылды. Мәселен, «Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамыту» мемлекеттік бағдарламасының алғашқы бесжылдығында Қызылорда қаласында өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген 4 жоба іске қосылды. Оның ішінде 2 жоба тұрақты жұмыс істесе, 2 жоба жұмысы тоқтап тұр. Бағдарламаның екінші бесжылдығында Қызылорда қаласында өңірлік индустрияландыру картасына енген үш жоба іске қосылып, оның біреуі жұмыс істесе, тағы біреуі биыл сәуір айында іске қосылмақ. Жалпы, 2015 жылдан бастап индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының 2-кезеңінің басталған уақытымен салыстырсақ, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 2,8 пайызға жуық, жалпы қосылған құн – 17 пайыздан астам, ал шикізаттық емес экспорт көлемі 19 пайызға өскен. «2018 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілген тампонажды цемент өндіру зауыты 6 цемент түрін өндіреді және көршілес өңірлерге ғана емес, 2019 жылдың шілдесінен бастап экспортқа шығаруда. Мәселен, Өзбекстанға 40 мың тонна экспортталуда. Ал қара тақта тастарды автоклавты қайта өңдеу бойынша жоба іске асырылып жатқан «Баласауысқандық» ванадийлі кен орнынан жыл сайын Ресей мен Ұлыбританияға 200 тоннадан астам аммоний метаванадаты экспортталады», – деді Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов. Былтыр «Арал тұз» акционерлік қоғамы тұз өндіру көлемін 25 пайызға ұлғайтты. Бұл дегеніміз – жылына 400-ден 500 мың тоннаға дейін өскені. Биыл тағы 10%-ға артуы мүмкін. 2022 жылға қарай өндіру көлемін 700 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Осы жылға «Индустрияландыру картасы» аясында ас тұзын терең өндіру зауыты құрылысының теміржол тұйығы, автожол құрылысы және электрмен жабдықтаудың жобалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өтті. Енді инфрақұрылымдар құрылысының қаржыландырылуы ресейлік инвестор есебінен жүргізіледі. Жобаның құрылыс жұмыстары 2020 жылдың сәуір айында басталады деп күтілуде. Айталық, «BSK Қаратау» ЖШС-нің ас тұзын терең өндіру зауыты құрылысы жобасына 2,9 млрд теңге жұмсалмақшы. Зауыттың аумағы – 10 гектар. Іске қосылса, 500 жұмыс орнын қамтып, жылына 100 мың тонна ас тұзы, 200 мың тонна техникалық тұз өндіреді деп күтілуде. Бұл жоба – өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына 2018 жылы енгізілді. Сондай-ақ қуаттылығы 120 мың тонна болатын ас тұзын өндіретін үшінші испандық цехтың құрылысына кірісуде. Сонымен бірге Арал ауданында кальцийлендірілген сода өндіретін алғашқы зауыт құрылысының жобасын тиісті министрліктермен келісудің соңғы кезеңі жүргізілуде. Өткен жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданы бойынша «Индустриялық-инновациялық дамыту» жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның бірінші бесжылдығында құны 41 млрд 520 млн теңгені құрайтын 4 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 206 адам жұмыспен қамтылған. Кәсіпкерлер тарапынан жүзеге асырылатын «Шаған» шаруа қожалығы мен «Күріш ақтау зауытының құрылысын салу және зауытты іске қосу» жобасы ұсынылып, кәсіпкердің өз қаржысымен іске асырылмақшы. Сонымен қатар былтырғы жылдың мамыр айында ет комбинатының іргетасы қаланды. Мемлекеттік қолдау ретінде кәсіпкерге ауызсу жүйесін жүргізуге 42,7 млн теңге бөлінген. Қазір су жүйесін жүргізетін мердігер мекеме анықталып, құрылысы жалғасып жатыр. Ал электр қуатымен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттік өтінімді облыстық мәслихаттың қарауына енгізу жоспарлануда. Мысалы, «Сыр маржаны» ЖШС-нің ет комбинатын салу жобасына 832,5 млн теңге қажет. Оның 70 адамды жұмыспен қамтып, жылына 5 000 тонна ет өндіру мүмкіндігі бар. Қазір мемлекеттік қолдау ретінде Талсуат елді мекенінен 15 гектар жер телімі беріліп отыр. Бүгінде экспортсыз, нарықсыз индустрияландыру деген түкке де тұрмайды. Мәселен, инвестиция мен мемлекеттік қолдау болса, зауыт салудың еш қиындығы жоқ. Ал қазір барлық халықаралық қатынас нарыққа қолжетімділіктің маңайына топтасқан. Сондықтан біз сапалы маркетингке назар аударуымыз керек. Сол үшін инвестициялық, туристік және салалық брендтер жүргізе отырып, отандық өнімді брендке айналдыру өз қолымызда.
Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы