Абаев: Кредитті уайымдамаңыздар, жерге тастамаймыз

Абаев: Кредитті уайымдамаңыздар, жерге тастамаймыз

ҚР Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев Хабар 24 арнасында өткен онлайн брифингте халықты төтенше жағдай кезінде барлық талаптарды орындауға шақырды, деп xабарлады baq.kz порталы.

Қазір шетелге шықпай-ақ ауру  жұқтырғандар саны өсуде. Бұл дегеніміз – ауру қонақта, туыстардың үйінде, лифтте, автобуста, яғни кез келген жерде жұғуы мүмкін дегенді білдіреді. Көп адам бұл ескертуге салғырт қарайтынын көріп отырмыз. Мысалы, кеше – бір күн ішінде ғана төтенше жағдай талаптарын бұзғаны үшін 237 адам жауапқа тартылса, оның 74-і қамауға алынды. Бұл бейқамдық ауруханада науқастарға орын жетпеуіне әкелуі мүмкін. Бұған жол беруге болмайды, - дейді Абаев.
Ол сондықтан өзімізді, жақындарымызды ойлап, карантин шараларын бұзбауға шақырды.
Жұмысты, кредитті, бизнесті уайымдамаңыздар. Мемлекет ешкімді тастамайды, көмектеседі. Зейнеткерлерге дәрі апаруға, мұқтаж жандарға азық-түлік жеткізуге көмектесеміз. Бұғаг дейін бірнеше рет айтқанымыздай, жұмыстан босағандар немесе ақы төленбейтін демалысқа шыққандар мемлекет тарапынан төлем алады.Осындай жағдайда үкімет әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатып алуға резервтен 14,7 миллиард теңге бөлді. Оған қоса дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне және коронавируспен күресіп жатқан адамдарға жеке қорғаныс құралдарын сатып алу үшін 21, 4 миллиард теңге бөлінді. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдіктеріне жеке қорғаныс құралдарын, дәрі және медициналық құралдар сатып алуға 10, 7 миллиард теңге қарастырылған - дейді министр.