Қазақстанда заңсыз лотерея ойнатқаны үшін айыппұл енгізу ұсынылды. Атап айтқанда, сәрсенбі күні өткен Мәжіліс отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Дегенмен Палата Төрағасы Нұрлан Нығматулин заң жобасын екінші оқылымға дейін жан-жақты жетілдіріп, тіпті заңсыз лотерея ойнатқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды. Айта кетейік, қазір қолданыста жүрген «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заң 2016 жылы қабылданған. Алайда қазір ол заңға енбей қалған бірқатар мәселе бары анықталып отыр. Депутаттарға жаңа заң жобасын таныстырған Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, нормативтік актілерге түзету енгізіліп, толықтырылады. Яғни, Азаматтық кодекске, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске, «Жарнама туралы» заңға және «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заңға өзгеріс енгізіледі.
– Лотерея қызметі туралы шағын түсініктеме бергім келеді. Лотереяда – лотерея операторы лотерея қатысушыларының енгізген ақшасын жинайды және кейіннен оларды осы қатысушылардың арасында таратып береді: барлығына емес, сәттілік түскендерге кепілдік береді. Енді кез келген ойынды лотереяға жатқызудың шарты ретінде заң жобасы арқылы лотерея өткізу үшін, белгілі бір мөлшерде ақша, қаражат жинаған адам лотерея операторы немесе лотерея таратушысы болып саналады. Бірыңғай лотерея операторынан лицензия алмай, осындай лотерея өткізіп, пайда тапса, заң бұзу болып саналады, – деді министр.Иә, бұдан былай кез келген әдіс арқылы (билет, кітап, бұйым, т.б сату) адамдардан ақша жинап, затты ұтысқа қою – автоматты түрде лотерея саналады. Егер ұтыс ойнатқыңыз келсе, міндетті түрде лотерея ойынын жүргізуші ұлттық оператор «Сәтті Жұлдыз» АҚ-нан лицензия алуға міндетті боласыз.
ЗАҢСЫЗ ЛОТЕРЕЯ ОЙНАТУДЫҢ ЖАЗАСЫ ҚАНДАЙ?
Осы уақытқа дейін әлеуметтік желіде лотерея тәсілімен ұтыс ойнатуға, әкімшілік немесе басқа да жауапкершілік қарастырылмаған болатын. Енді ондай кеңшілік жоқ, әкімшілік айыппұл салынады. «Егер лотерея операторы болып саналмайтын адам лотерея өткізсе, бірінші рет ескерту жасалады. Ал бір жыл ішінде бұған дейін ескерту алған адам тағы да лотерея ойнатса, оған әкімшілік айыппұл салынады. Жеке тұлғалар үшін бұл 200 АЕК, шағын бизнес субъектілері мен коммерциялық емес бірлестіктер үшін – 700 АЕК, орта бизнес үшін – 1 000 АЕК, ірі бизнес үшін – 2 000 АЕК. Міне, осындай жауапкершілік жүктеледі», – деп түсіндірді Ақтоты Райымқұлова. Бірақ бірінші рет ескерту жасап, ол адам бір жыл ішінде ешқандай ойын өткізбесе, ешқандай шара қолданбайды деген өзгеріске Мәжіліс төрағасы келіспейтінін білдірді.«Заң бұзған адамдарды неге тек ескертумен босатуымыз керек? Әрине, гуманизация бағытында да жүрген дұрыс. Бірақ олар бір жыл ішінде тағы қайталамасын деп күтуіміз керек. Сондықтан екінші оқылымға дейін оларды жазалауды күшейтуді ақылдасайық. Егер заң жобасы қабылданып, осы норма заң бұзу болып саналса, оны ескерту беріп босату – менің ойымша қажеті жоқ», – деді Нұрлан Нығматулин.Бұл тұрғыда палата төрағасы жаңа заң жобасы арқылы Әкімшілік құқық бұзу туралы кодекстің 445-бабындағы 4-бапты бірінші және екінші пунктпен толықтырып, әкімшілік айыппұл салуды ұсынды. Яғни, оның көлемі жеке тұлғаларға 200 АЕК-ке (530,2 мың теңге) дейін, ал заңды тұлғаларға 2 мың АЕК-ке (5,3 млн теңге) дейін болуы мүмкін. Осыған байланысты, депутаттар мен министрлік өкілдері заң жобасының екінші оқылымына дейін аталған норманы және бір пысықтауға келісті.
ОЙЫН ТУРАЛЫ ЗАҢНЫҢ ОРЫНДАЛУЫН КІМ ҚАДАҒАЛАЙДЫ?
Екінші оқылымға дейін ескеретін тағы бір жайт бар. Ол заңның орындалуын қадағалап, мониторинг жасайтын мекемені анықтап алу. Осы уақытқа дейін бұл жұмысты жоғарыда айтқан ұлттық лотерея операторы «Сәтті Жұлдыз» АҚ атқарып келген. Мәдениет және спорт министрінің мәліметінше, 2019 жылы лотерея операторы 647 мекенжайды анықтап, деректер экономикалық тергеу орындарына жіберіліпті. Нәтижесінде, 320 қылмыстық іс қозғалып, 571 орындарындағы ойындар жабылған. Алайда «Сәтті Жұлдыз» АҚ – коммерциялық ұйым. Мемлекеттік органдар атқаруы тиіс қызметті жекеменшік компанияға тапсыруға болмайтыны анық. Ал ол құзыретпен айналысуға Мәдениет және спорт министрлігінде штат жетіспейді. Осы себепті Мәжіліс Төрағасы министрге келесі оқылымға дейін осы мәселені анықтап алуды да тапсырды.ЛОТЕРЕЯНЫҢ ТІЗГІНІН КІМГЕ БЕРГЕН ТИІМДІ?
Елімізде «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заңның 2016 жылы қабылданғанын жаздық. Осы заң бойынша, 2017 жылдың ақпан айында бірыңғай оператор таңдалып, сол жылдың қыркүйегінен бастап «Сәтті Жұлдыз» АҚ жұмыс істей бастады. Оған дейін республикада лотерея қызметін жүргізуге 76 компанияға лицензия беріліп келді. Қазақстандағы лотерея ойындарын өткізу операциясын бір өзі иеленген компанияның қаржы айналымы да жақсарып, 2018 жылы көрсеткіш 2,6 млрд теңгеге жетсе, былтырғы тоғыз айда 4 млрд теңгені құраған. Айта кетейік, бұл тұрғыда бірыңғай оператордың спортты қолдау жөнінде міндеттемесі мен әлеуметтік жауапкершілігі бар. «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» заңға сәйкес, «Сәтті Жұлдыз» АҚ билет сатылымы мен жүлде қоры арасындағы айырмашылықтың 10%-ын спортты дамытуға жұмсауға міндетті. Дегенмен компания ойынның 15% кірісін аудару туралы бастама көтеріп, 2019 жылға дейін спортты дамытуға 286 млн теңгеден астам қаржы аударып келді.Иә, спортқа немесе әлеуметтік өзге де салаға қаржы құю әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар. Мысалы, Ұлыбританияда бірыңғай оператор спортты дамытуға жыл сайын 500 млн доллар көлемінде қаражат бөліп отырады. Оның тиімділігі сол, 1996 жылы өткен Олимпиада ойындарында Англия құрамасы 1 алтын медаль алса, 2016 жылғы кезекті ойында 26 «алтын» жеңіп алған.Ал Испанияда лотерея компаниялары мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қаржылай және басқа да көмек жасап тұруға міндеттеме алған. Бұл процестің қалыпты жағдайға айналғаны сонша, испандықтар лотерея ойнауды қайырымдылық шарасына қатысу деп түсінеді, яғни халық билеттен түскен ақшаның едәуір бөлігі мұқтаж жандарға жететініне сенімі мол. Сол сияқты АҚШ-та лотерея билетін сатудан түскен қаржының 63%-ы жүлде қорына аударылса, 5%-ы – ұйымдастырушыларға, 6%-ы – билет сатушыларға, 26%-ы қайырымдылыққа (білім саласы) жұмсалады. Яғни, барлығы ашық түрде жүргізіледі. Әрине, Америкада тұрғындардың 80%-ы лотерея ойнайтындықтан, түсетін түсімнің көлемі айтпаса да түсінікті болар. Алыстан мысал іздемей-ақ көрші мемлекет Ресейді алсақ, елде 2014 жылдан бастап лотерея туралы заң қабылданып, мемлекеттік емес компаниялардың лотерея ойнатуына мүлдем тыйым салынды. Қазір РФ-да жұмыс үш қатысушының арасында жүреді: ұйымдастырушы, оператор және таратушы. Мұндағы ұйымдастырушы Қаржы министрлігі мен Спорт министрлігі. Таратушы – «Столото» мемлекеттік компаниясы. Мұндағы мақсат – мемлекет лотерея бизнесін өз бақылауына алып, ашық өтуіне жауапты болып отыр. Бұл аудиторияның сенімін қайта оралтуға септігін тигізді. Мәселен, 2014 жылы лотерея ойынына қатысушылар халықтың 4%-ын ғана құраса, ойын өткізетін мекеменің меншік құқығы мемлекеттің тікелей қарамағына өткен соң, көрсеткіш 4 жыл ішінде (2018 жылы) 27%-ға жеткен. Қазір Ресей әлем бойынша лотерея билетінің сатылымы жөнінен 27-орынға шықты. «Столото» мемлекеттік компаниясының сайты арқылы сатып алушылар да көбейген, мәселен, 2019 жылғы І жартыжылдықта электронды түрде 37 млн адам лотерея билетін онлайн түрде сатып алыпты. Бүгінгі күні елде күн сайын 705 мың қағаз билет сатылса, 600 мыңның үстінде билет онлайн өтеді. Нәтижесінде, лотерея ойыны бизнесінен РФ бюджетіне 12,5 млрд рубль құйылған. Одақтас мемлекеттің осы тәжірибесін неге Қазақстанға енгізбеске? Біріншіден Ресей үкіметі лотереяны ұйымдастыруды мемлекет қарамағанына алып, азаматтардың сеніміне ие болды. Рас, КСРО кезінде де лотерея мемлекеттің бақылауында ойнатылып, түрлі жобаны қаржыландыруға жұмыс істеген. Мәселен, ойыннан түскен қаражат маскүнемдікке қарсы күреске, үйсіз-күйсіз балаларды қорғауға және сауатсыздыққа қарсы бағдарламаларға жұмсалып отырды. Одақ құлаған соң лотерея көлеңкелі бизнестің шырмауында кетіп, алдау-арбау көбейген соң адамдар оған мүлдем сенуден қалған болатын. 2014 жылдан бастап ресми Мәскеудің ойынды ұйымдастыруды екі министрлікке бөліп беру саясаты жағдайды оңалтып берді. Екіншіден, бюджетке түсетін түсім күрт артқан. Сондықтан Қазақстанның Мәдениет министрлігі де осы тәжірибені електен өткізіп көргені жөн секілді. Бауыржан БАЗАР