Қазақстан онлайн оқытуға толық дайын емес. Бірақ оған көшпеске амал жоқ. Оның үстіне, қазіргі кезде оқушыларға қашықтан білім беру үшін қажетті құрал мен тұғырнама атаулының бәрі бар. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің дерегінше, елімізде 3,4 миллионнан астам оқушы оқиды. ЮНЕСКО 2020 жылғы 25 наурызда пандемия кесірінен дүниежүзінде 1,5 миллиардтан астам бала мектепке бара алмай қалғанын мәлім етті. Бұл әлемдегі орта білім ордаларындағы бүкіл шәкірттердің 87,1 пайызы. 165 мемлекет мектептерін жапты. Әлем елдері арасында бірінші болып 17 ақпанда онлайн оқытуға Қытай 180 миллионнан астам оқушысын көшірді. Қазіргі уақытта дүниежүзі бойынша 870 миллионнан аса шәкірт осылай білім алады. Біздің Білім және ғылым министрлігі бұған түбегейлі әзір емес. Дегенмен оқушылардың 16 наурызда бір апта ерте каникулға шығуы пайдасын тигізді: балалар 21 күн демалып жатқанда, мемлекет онлайн сабақтар ұйымдастыруға, педагогтарды тележүргізуші рөлін атқаруға үйретуге, телесабақтар жасауға күш салды. Бұдан бөлек, орта білім беру ұйымдарында оқытуды дистанциялық режимде жүргізуге арналған әдістемелер жасалды.
Келесі дүйсенбіде, 6 сәуірде 2019-2020 оқу жылының соңғы тоқсаны жаңа форматта басталады: «Балапан» мен «Еларна» телеарналары арқылы мемлекеттік тілде және орыс тілінде барлығы 2 мың телесабақ көрсетіледі. Бұған қоса, ұстаздар мамандандырылған интернет платформаларда өз сыныптарына арнап сабақ өткізеді. Онлайн сабақтардың ұзақтығы 30 минутқа созылады.ТЖ кезінде залға адам жинап, семинар өткізуге тыйым салынған, сондықтан онлайн оқыту үдерісіне өту және жоспарлау түйткілін БҒМ мен педагогтар Kundelik.kz жүйесі, Skype, Telegram, WhatsApp арқылы талқылауға тырысып жатыр. Мұғалімдер өз сыныптарындағы балалардың ата-аналарында интернеттің, сондай-ақ бос компьютер, ноутбук, планшет немесе смартфонның бар-жоқтығы жайында мәлімет жинастыруда. Мұндай электронды құралдары жоқ отбасыларға, әсіресе баласы көп немесе жалғызбасты аналарға БҒМ мектеп компьютерлерін уақытша таратып бермек. Ал интернет жоқ ауылдарда мектеп есігін қайта ашуы мүмкін.
– Бір отбасында бірнеше оқушы болған жағдайда 1 компьютер мен 1 смартфонды пайдалану ыңғайсыз болуы мүмкін. Кейбіреулерде интернет байланысы да жоқ. Президент қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін барлық қажетті шараны қабылдауды тапсырды. Бұл мәселе ерекше бақылауда. Әкімдіктермен бірге мектептегі компьютерлерді оқушылар мен мұғалімдерге уақытша пайдалануға беру, тіпті қажет болған жағдайда мектептерге қосымша техника (планшеттер немесе компьютерлер) сатып алып, оларды да уақытша пайдалануға беру мәселесін қарастырудамыз, – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Елдос СЕНБАЙ