Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізетін жаңа заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжатты талқылау барысында қалаулылар құқық бұзушылық жасағаны үшін жауапкершілікті күшейту не ізгілендіру үшін нақты бір өлшемдер белгілейтін кез жеткенін айтты. Бұл ретте Мәжіліс төрағасы ізгілендіру үдерісіне формализмсіз және науқаншылықсыз келу қажеттілігіне назар аудартты: бұл әбден байыпталған көзқарасты талап ететін салмақты жұмыс демек, оның барысында барлық оң және теріс жақтары таразыға тең тартылып, бағамдалуы тиіс. Мәселен, депутаттар бюджетті тиімсіз игеруді анықтауға арналған критерийлердің нақты болу керегін айтты. – Жұмыс тобы заң жобасын әзірлеушілермен және барлық мүдделі меморгандармен бірге, екінші оқылымға дейін бюджет қаражаттарын тиімсіз пайдалануды анықтауға арналған барлық критерийлерді пысықтап шығуы қажет. Бұл осы кодекс аясында мемлекеттік бюджет қаржыларын игеру кезіндегі мемлекеттік органдар әкімшілік бағдарламаларының бірінші басшылары үшін дербес жауапкершілікті анықтауға мүмкіндік береді, – деді Н.Нығматулин. Депутаттар сондай-ақ сапасыз туристік қызмет көрсеткені үшін туроператорды лицензиясынан айыру немесе қызметін тоқтата тұруды қарастыратын қолданыстағы заң талабын жоятын жаңа норманың орындылығына күмәнданды. Осы орайда Нұрлан Зайроллаұлы Мәдениет және спорт министрлігінің бұл мәселе бойынша ұстанымының бұлыңғыр екенін айтты. Бұдан бөлек, спорттық жарысты ұйымдастырушылар мен спортшыларды пара беріп, сатып алғаны үшін айыппұл көлемін 200-ден 100 АЕК-ке дейін төмендету, сонымен қатар осы құқықбұзушылық үшін әкімшілік қамақ қолдануды алып тастау туралы жаңа норма да депутаттардың таңданысын туғызды. Мәжіліс басшысы палата қараған басқа бір заң жобасында жеңіс жолында спорттағы тыйым салынған әдістерді пайдаланғаны үшін жауапкершілік, керісінше, қатайтылып отырғанын еске сала келе, заң жобаларындағы мұндай кереғарлықтарға көңілтолмастық білдірді. – Енді «келісілген жеңістер үшін» жауапкершілікті төмендету ұсынылып отыр. Сонда дәйектілік, бірізділік қайда? – деген ол Мәдениет және спорт министрлігін осы мәселенің байыбына барып, басын ашып алуға шақырды. Қалаулылар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жүйелігін бұзбау үшін оған енгізілетін түзетулерді жеке заң түрінде қабылдауды ұсынды. Әріптестерінің түзетулерін қолдай отырып, Нұрлан Нығматулин бұл кодекске жыл сайын 10-15 рет түзетулер енгізілетінін және олар көбінесе ілеспе заң жобалары түрінде болып келетінін жеткізді. – Бір жағдайда жазаны ізгілендіреміз, ал ізінше жауапкершілікті күшейтетін нормалар келеді. Кейбір баптардың санкциялары жүйелі пысықтаусыз енгізіледі және ол құқық бұзушылықтардың қоғамдық қауіптілігі дәрежесіне сәйкес келмейді. Ал құқық қорғаушылар мен сот органдары үшін жүйелілік және бірізділік өте маңызды, – деген Мәжіліс төрағасы әкімшілік кодекске барлық өзгерістер мен толықтыруларды бір заңмен енгізу секілді жаңа тәртіптің орнауы «Үкіметке – заң жобаларын әзірлеу жұмысын сауатты әрі кешенді негізде жоспарлауға, ал депутаттарға – сол заң жобалары бойынша жүйелі түрде жұмыс істеуге мүмкіндік беретінін» нықтады. Жалпы отырыста Мәжіліс депутаттардың өздері бастамашы болған тұрғын үй қатынастары бойынша заңнамалық түзетулерді мақұлдады. Елбасы Н.Назарбаев Nur Otan партиясының XVIIІ съезінде және Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімінде көпбалалы отбасыларды, жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамту шараларын қабылдау туралы тапсырма берген болатын. Заң жобасы осы міндетті жүзеге асыруға және аталған санаттағы азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешудің заңнамалық негізін қалыптастыруға бағытталған. Біріншіден, «көпбалалы отбасы» ұғымы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексіне сәйкес келтіріледі. Бұл заңнамалық актілер арасындағы қайшылықты жояды. Екіншіден, «сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» ұғымы анықталады. Бұл табысы төмен, әлеуметтік осал топтарға арналған, жекешелендірілмейтін тұрғын үйдің тұрақты коммуналдық қорын құруға жол ашады. Үшіншіден, «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана», I және II дәрежелі «Ана даңқы» атақтарын алған көпбалалы аналар мен отбасылар санаты үшін енді әкімдіктерде бөлек тұрғын үй кезегі пайда болады және оларға баспананы бірінші кезекте алу құқығы беріледі. Төртіншіден, мемлекеттiк жоспарлау жүйесiнiң шегінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй және оның көлемi айқындалады. Бесіншіден, мемлекеттік жастар саясатының негізгі бағыттары «жұмыс істейтін жастар» үшін қолжетімді баспана жүйесін дамытуды қарастырады және мемлекеттік жастар саясаты жөніндегі уәкілетті органға, атап айтқанда, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне «Сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйді беру қағидаларын» бекіту құзыреті беріледі. Талқылауды қорытындылаған Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин бұл заң жобасының халық үшін маңызды екеніне екпін түсіре келе, әсіресе, өңірлерде баспанамен қамтудың барлық мәселелерінің нақты пысықталуы қажет екенін атап өтті.