Prada мен Lamborghini бетперде тігуге көшті

Prada мен Lamborghini бетперде тігуге көшті

Жаһанды жайлаған корона­вирус көптеген танымал бренд­тің өндіріс бағытын өз­гертуге ықпал етті. Louis Vuitton, Dior, Celine, Fendi және бас­қалары медициналық киім мен бет­перде тігуге кірісті. Ал Lam­borghini дәрігерлерге арнап бет қор­ғайтын экран әзір­леп жатыр. Құдды бір со­ғыс жағ­да­йын­дағы қажет­тілік секілді. Егер статистикаға көз салсақ, әлем бойынша коронавирусты жұқтырғандар саны 1 миллион адамнан асып жығылды. Нау­қас­тар ең жиі тіркелген елдердің қа­тарында АҚШ, Италия, Испания, Германия, Қытай, Франция, Иран бар. Алайда Қытайда инфекция таралуы азайып жатса, Батыс Еуропа мен Солтүстік Америкада дерт жұқ­тырғандар саны сағат сайын ар­тып келеді. Әсіресе, АҚШ-тағы жағдай күрделі. Қыс­қа мер­зімде науқас саны 10-20 мың­нан 250 мыңға бір-ақ көтерілді. Дүниежүзі бойынша корона­ви­русқа шалдыққандардың 5 пайызы көз жұмды. Алайда сол Испания, Италия, Франция және Британияда бұл сан 10 пайыз­дың айналасында. Көптеген мем­­лекетте жаппай карантин жа­рия­­ланды. Өндіріс тоқтады. Медициналық заттардың жетіс­пеушілігі байқала бастады. Қо­ғамдағы осы қиындықты көр­­ген сән, пар­фюмерия, көлік с­а­ла­сының танымал компаниялары өз өндірісінің бағытын өзгертуге кірісті. Олар енді медициналық киім, респиратор, бетперде шы­ға­рып жатыр. Сұранысқа сай ұсыныс. Киім орнына бетперде. Christian Dior, Louis Vuitton, Givenchy, Guerlain, Moët & Chandon және басқа да брендтер­ге иелік ететін Францияның атақ­ты LVMH компаниялар тобы өз еліне 40 млн бетперде жеткізбек. Ал Gucci, Balenciaga, Saint Laurent тауар белгілерінің иесі Kering те медициналық киім мен бетперде шығара бастады. Қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты Испанияның Zara, Италияның Prada, Швецияның H&M Group компаниялары да өз өндіріс бағытын медицинаға қажет киімдерді тігуге бұрды. Prada бұл іске 18 наурызда көшті. Компанияның жоспары бойынша 6 сәуірге дейін 80 мың ком­би­незон және 110 мың бетперде дайын болуы тиіс. Испанияның Zara және басқа да бренд киімдерін басқарушы Inditex компаниясы еліндегі меди­цина қызметкерлеріне 300 мың бетперде жіберу туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ Испанияның медициналық киімдерге деген қажетін өтеу үшін өз фабрикаларын, әсіресе Қытайда орналасқан өндіріс орындарының жұмыс бағытын өзгертуі мүмкін. Яғни, бетперде, қолғап, қорғаныс көзілдірігі, медициналық бас киім шығару жос­пары бар. Британияның дизайнер­лер кеңесі барлық дизайнерлер мен бренд киімдерді шы­­ғарушы компаниялардан жұртқа қажет қорғаныс заттарын өндіруді сұрады. Тек алыптар емес, Christian Siriano, Pyer Moss және Collina Strada сынды АҚШ-тың шағын брендтері де бетперде тігуге көшіпті. Әрине, аталған ірі құрылымдар өз өнімінің бәрін тегін тарата ма, әлде жартысын сатылымға шығара ма, ол жағы белгісіз. Бірақ жаппай карантин орнағанда (жұмыс орындары жабылғанда) бұл компаниялар үшін тауар мен ақша айналымын, өндіріс процесін, жұмыс орын­дарын сақтауға жақсы мүмкіндік. Сондықтан кеше ғана бірнеше мың доллардың киімін, қол сөм­кесін тігіп жатқан ірі фабрикалар арзан бетперде шығаруға қуана кірісуі әбден мүмкін. Өйткені ка­ран­тин уақыты қашан аяқта­лары белгісіз. Оған қоса, бұл бренд­­тер әлем бойынша өздерінің жүздеген, мыңдаған дүкенін жапты. Не қажет: иіссу ма, спрей ме? Ко­ронавирус пандемиясы бет­­перде ғана емес, антисеп­тикалық гель, спрей, санитай­зерлерге деген сұранысты жоға­ры­лат­ты. Нарықта олардың же­тіс­пеу­шілігі туды. Жоғарыда атал­ған LVMH конгломераты құра­мындағы қымбат иіссу, кос­метика да шығаратын Christian Dior, Guerlain, Givenchy және басқалары антисептикалық гель өндіруді де қолға алды. Бұл жө­нінде LVMH басшысы әрі Еуропаның ең бақуатты адамы Бернар Арно хабарлады. Бұл өзгеріс компанияларға аса үлкен қиындық туғызбапты. Гельдерді Kenzo брендінің құтыларына құйып, 20 наурызда тарата бас­таған. LVMH ұстанымы бойын­ша антисептикалық гель Фран­циядағы емхана мен ауруха­наларға тегін таратылады. Бір аптада 12 тонна гель өндіруді жоспарлап отыр.   Жұрттың сұранысына сай өз­геріске L’Oréal және Coty сынды косметикалық компаниялар да бейімделіп жатыр. Мысалы, L’Oréal құрамындағы Garnier бренды антисептикалық сұйық­тықты қарттар үйі, дәріхана, емханаларға жеткізбек. Coty ком­паниясы да гельді тегін та­ратуды ұйғарыпты. Арақ-шарап шы­ғару­шылар да осы бағытқа ауысуға бел буған. Француздың Pernod Ricard алкоголь өндіруші компаниясы антисептикалық гель шығаратын Laboratoire Cooper компаниясына 70 мың литр таза спиртті тегін жеткізу міндетін өз мойнына алыпты. Pernod Ricard-тың Швецияда Absolut ара­ғын шығарушы бөлімі гель өндір­мек. Яғни, спиртті көңіл кө­теретін ішімдік үшін емес, вирусты за­лалсыздандыратын сұйықтыққа пайдалануды жөн көріп отыр. Мұндайда қолдағы бар затты саналы түрде жұмсау маңызды. Суперкар, шаңсорғыш және зымыран. Қалауын тапса, қар жанады. Қажеттілік туса, тек киім ғана емес, басқа өндіріс орындарын да халыққа қажет тауарларды шығаруға бұра алады екен. Италияның Automobili Lamborghini көлік компаниясы Сант-Агата-Болоньез қала­сындағы филиалдарын дәрігер­лерге арнап хирургиялық бет­перде мен бет қорғайтын экран өндіруге көшті. Оны Болоньядағы ауруханаға жібермек, ал өз кезе­гінде аурухана өкілдері өнімнің сапасын бақылап тұрады. Нақ­тырақ айтсақ, көліктің салонын қаптау бөлімі күніне мыңға жуық бетперде тікпек, ал зерттеу бө­лімі 3D-принтер арқылы поли­карбонаттан тәулігіне 200 бет қор­ғайтын экран жасап шығармақ. Бүгінде науқастарды емдеуде өкпеге жасанды дем беру аппараты жоқтың қасы. Себебі коронавирус ең алдымен адамның өкпесіне зақым келтіреді. Аппараттың жетіспеушілігінен кейбір қарт науқастар одан саналы түрде бас тартып, ауруханадағы жастарға беруді сұрай бастады. Миллиардер Ричарда Брэнсонның Virgin Orbit ғарыш компаниясы аталған аппараттың өте қарапайым нұс­қасын жасап шығыпты. Ком­па­нияның зымыран двигателін жасау­шы инженерлері дәрігер­лермен бірге өкпеге жасанды дем беру аппаратын ойластырған. Енді АҚШ билігі оны қолдануға рұқсат берсе, құрылғыны жаппай өндірмек. 5,8 млрд долларға ие британ­дық басқа миллиардер Джеймс Дайсон өзінің Dyson шаңсорғыш компаниясында аталған өкпені емдеуге қажет аппаратты өн­дірмек. Бұл ұсынысты Британ үкі­меті жасаған екен. Себебі ауа ағынын басқару саласындағы компанияның тәжірибесі көмегін тигізуі мүмкін. Енді Dyson күрделі жобаны қысқа уақытта жасап шығаруы тиіс. Жалпы, бұған дейін Британияның денсаулық сақ­тау министрлігі 66 млн халық үшін ауруханалардағы 8 755 ап­парат жетпейтінін мәлімдеді. Бұл ақпараттан соң HSBC өкпеге жасанды дем беру аппаратын шы­ғара алатын стартаптарға жедел несие беруге дайын еке­нін хабарлады. Ал АҚШ-та ауруха­наларда 160 мың аппарат бар. Резервте 12 700 тұр. Ал пандемия ушықса, 960 мың науқасты ем­деуге тура келеді екен. Яғни, ты­ныс алу үшін маңызды құрылғы бар­лық елде жетіспей жатыр. Мұндай қысылтаяң кезде белгілі филантроп, өнертапқыш, миллиардер, Tesla мен SpaceX басшысы Илон Маск та шетте қалмады. Ол Қытайдан 1 255 өк­пеге жасанды дем беру аппара­тын сатып алды. Сондай-ақ өзі­нің қоластындағы жоғары тех­­­нологияға негізделген компа­ния­лар да осы аппаратты шығар­мақ. Ол туралы Маск 19 наурызда ха­барлады. Дегенмен оны жо­балап, әзір­леу үшін уақыт керегін ес­кертті. Сондай-ақ SpaceX құра­мын­дағы скафандр дайындайтын бөлім бетперде тігуге көшкен. Міне, осылайша әлемнің ірі компаниялары өз еліне қолынан келген көмегін ұсынып жатыр. Басқалары аурухаларды немесе вакцинаны зерттеген ғылыми ор­талықтарды қаржылай қолдауда. Бір жағы бұл қайырымдылық белгісі болса, екінші жағы өндіріс процесі жұмыс істеп тұр. Бұл ком­паниялар үшін маңызды. Жал­пы, әлемнің әр бұрышында жария­ланған карантин миллиондаған тұрғынды өз үйінің тұтқынына айналдырды. Бұл — мыңдаған зауыт, фабрикалардың жұмысы тоқтады деген сөз. Егер пандемия одан әрі жалғаса берсе, онда ин­фекциялық дағдарыс әлемдік экономикалық дағдарысқа ұла­сатыны анық. Бүгіннің өзінде АҚШ-та жұмыссыздар са­ны 6,6 млн-ға жетті. Ал жа­һан эконо­микасы 2020 жылы бол­жанған 2,6% емес, 0,5% ғана өседі деп Moody’s агенттігі мә­лімет таратты. Яғни, биыл экономикалық даму 5 есе кемиді деген сөз.  

Әлихан ИСМАН