Көздеген мақсатқа жету үшін темірқазық болар жоспар құрылады. Сол сияқты министрліктер де өз жұмысын Президент Жолдауына, өздерінің стратегиялық жоспары мен мемлекеттік және салалық бағдарламаларына негіздеп жүргізеді. Себебі, ол құжаттар Елбасы жиі айтатын өмір сапасын жақсартуды көздейді. Мембағдарламалар жүзеге асса Жерұйықта өмір сүретіндей-ақ мүмкіндігіміз бар. Алайда, іс жүзінде олай емес. Оның себебі көп. Біз біреуіне ғана тоқталамыз – бағдарламаны жүзеге асырушы құрылымдар арасында диалог жоқ. Министр не деді, әкім не деді? Иә, министрліктер мен облыс әкімдіктерінің өзара байланыста жұмыс істемейтіні, көп жағдайда, Үкімет отырыстарында айқын көрінеді. Министрлер кабинетінің жиынын онлайн режимде қарай отырып, әкім-қаралар өз міндеттерін біле ме өзі деген ойға қалатынымыз жасырын емес. Мысал айтсақ, 9 сәуірде өткен Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов соңғы 4 жылда Батыс Қазақстан мен Павлодар облыстарында шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесінің төмендегенін мәлімдеді. Оның дерегін дәйек еткен Премьер-министр Асқар Мамин: «БҚО-да бағдарламаны іске асыру кезеңінде шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 5,8 пайызға төмендеген, субсидия бөлінген жобалар саны – 397. Бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен 14 пайызға төмен болып отыр», – деп БҚО әкімінен жауап күтті. Қызық осы тұста басталды. А.Көлгінов Премьер-министр айтқан цифрды жоққа шығарды. «Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, министрліктің берген цифры толық емес. 397 емес, бізде 440 жоба. Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі бойынша соңғы үш жылдың қорытындысы бойынша, 2015 жылы үлес – 39, 9 пайыз, 2016 жылы – 41,9 пайыз, 2017 жылы 40,1 пайызды құрап, тұрақты өсім көрсетті», – деді БҚО басшысы. Ұлттық экономика министрлігі мен БҚО әкімдігінің арасындағы осындай цифр сәйкессіздігіне куә болғанымыз бар. Тоқтатылды ма, жоқ па? Министр мен әкімдер деректерінің антитезасы жеңіл рельсті көлік құрылысына (LRT) қатысты да тіркелді. Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов 16 сәуірдегі Үкімет отырысында LRT құрылысы тоқтатылғанын айтқан болатын. Бұл жаңалықты іліп әкеткен ақпарат құралдары әлеуметтік желі қолданушыларына «дәмді» тақырып тауып бергендей еді. Алайда ертесіне – 17 сәуір күні Мәжіліске келген Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов құрылыс тоқтатылған жоқ деп мәлімдеді. «ЛРТ құрылысы тоқтатылған жоқ. Астана ЛРТ – өте маңызды инфрақұрылымдық жоба. Енді Қаржы министрлігі мен әкімдік осы жобаны қаржыландыруды тездету мәселесін зерттеп жатыр», – деді Р.Дәленов. Құлақтан гөрі, көзге сенеміз. Олай болса, министр Дәленовтің құрылыс тоқтатылған жоқ дегенімен келісу қиын. Өйткені, Есілдің сол жағалауындағы құрылыс нысанында қыбыр еткен жан жоқ. Құрылысшылар базасы орналасқан жерден қытай күзетшісінен басқа ешкімді таппайсыз. Өйткені, құрылыс тоқтап тұр. Екі-үш ай, бәлкім жарты жылдан соң құрылыс жанданатын да шығар, бірақ оған дейін LRT құрылысының тоқтатылғаны – факт. Айтқандай, осы жобаның аяқталу мерзіміне қатысты ақпарат та әртүрлі. Кей деректе жоба жыл соңында аяқталады десе, Р.Дәленов өткен жылдың маусымында Ұлттық экономика вице-министрі болып тұрғанда берген бір сұхбатында LRT жобасы 2021 жылы аяқталады деген болатын. Осы жобаға қатысы барлар, ең болмаса, бір бас қосып, ел-жұртқа не деп жауап қайтару керегін келісіп алса дейсің, мұндайда. Бизнесті қолдайтын «бір терезе» қажет Министрлер пен әкімдер арасында өзара байланыстың нашарлығына бір мысалды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметовтің баяндамасынан байқағанымыз бар. «Бизнеске беріліп жатқан көмектің 60 пайызы субсидияны құрайды. Ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлік субъектілеріне жылына 227 млрд теңге көмек (субсидия) көрсетіледі. Соңғы 5 жылды алсақ, бұл сома 1 триллион теңгеден асты. Осы аралықта ауыл шаруашылығы өнімі 2,3 есе өсіпті. Алайда, бұл қаржының тиімділігіне сараптама жасалмаған», – дейді ол. Ал жылына 40 млрд теңге субсидия беру қарастырылған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының тиімділігін қарасақ, соңғы 5 жылда берілген субсидия 156,2 млрд теңгені құраған. Шағын бизнестің жылдық табысы екі есе өсіп, 23,2 трлн теңгеге жеткен. Құйылған әрбір субсидиядан 6 теңге салық түсіп отыр. А.Мырзахметовтің пікірінше, бұл – өте жоғары көрсеткіш. Сондықтан бизнес үшін соңғы бағдарламаның тиімділігі жоғары. Ендеше, алғашқы субсидияны берудің қажеті бар ма? Бұл мәселені де билік бизнес өкілдерімен ақылдасып алмаса, субсидия құмға сіңген судай болмай ма? Айтқандай, субсидия атаулы жергілікті әкімдіктер арқылы берілетіндіктен, оны қай салаға бағыттауды әкімдік өзі шешеді екен. А.Мырзахметовтің айтуынша, 2017-2018 жылдары кейбір әкімдіктерде жоспарлау жұмысы төмен болғандықтан, жаңа жобаларға қаражат жетпей қалған. «Мәселен, Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында жаңа жобаларға субсидия берілмейді. Өйткені бұл өңірлерде субсидия жоспарлау жұмысы нақты қойылмаған. Кейбір өңір басшылары сол өңірдің басымдықтарын жақсы білмейді. Қай бизнесті дамытуды, қай салаға субсидия құю керегін білмегендіктен, көп кәсіпкер жақсы жобаларын бағдарламаға қоса алмай отыр», – дейді. «Атамекен» ҰКП жетекшісінің дерегіне сүйенсек, шағын және орта бизнеске 7 мемлекеттік орган, яғни 6 министрлік пен Ұлттық банк 525 қызмет түрін көрсетеді. Сонымен қатар кәсіпкерлерді қолдаудың 100-ге жуық түрі бар. Осынша қолдау бола тұра, бизнестің тасы өрге домалап кеткен жоқ. Сондықтан А.Мырзахметов бизнесті қолдаудың сан түрлі тетігін біріктіріп, «бір терезе» арқылы беруді, сол арқылы мониторинг жасауды ұсынып отыр. Бәлкім, сонда субсидия алу арманға айналған кәсіпкерлердің жолы ашылатын шығар... Кімге сенеміз? Жуырда Мәжіліс депутаты Бейбіт Мамраев Е-halyk ақпараттық жүйесін сынға алды. Оның айтуынша, Е-halyk – жер кадастры, жылжымайтын мүлікті тіркеу жүйесімен байланыспаған. Жүйе әкелікті растау, алимент туралы мәлімет пен 2007 жылдың 13 тамызына дейін туған балалардың туу туралы куәліктерін көрсетпейді. Ол аздай алты баласы бар отбасы базада төрт адамнан тұратын отбасы ретінде көрсетілген. Әлеуметтік жәрдемақы базада жалақы ретінде көрінген. Атаулы көмек алуға (АӘК) қажетті мәліметтер мұнда жоқ болып шыққан. «Атқамінерлер ақпараттық жүйені уақытында реттемей, аналарды әуре-сарсаңға салып қойды», – деген еді депутат. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көп ұзамай Мамраев мәлімдемесін шындыққа сәйкес келмейді деп, түсініктеме берді. «Е-halyk жүйесі басқа мемлекеттік органдардың дерекқорларымен интеграцияланбағаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Мекенжайлар, үйлер мен пәтерлердің нөмірі туралы мәліметтердің жоқтығы интеграцияның болмауында емес, жергілікті атқарушы органдар (сәулет және қала құрылысы басқармалары) құратын мекенжайлар тіркеліміндегі мәліметтердің жоқтығынан дейді. Сонымен бірге, отбасы құрамы туралы мәліметтер «Азаматтық хал актілерін тіркеу» ақпараттық жүйесінің автоматты режимінде ұсынылады. Мысалы, 2007 жылдың 13 тамызына дейін туған балалар туралы мәлімет ол жүйеде жоқ. Меморгандардың ақпараттық жүйелері толық ақпаратты қамтымайтынын назарға алып, жұмыспен қамту орталығының қызметкерлеріне тиісті мемлекеттік органға жазбаша сұрау салу құқы берілгенін» айтып жауап беріпті. «Депутаттық сауалда Е-halyk жұмысында интеграциялаудың және іркілістің болмауына қатысты айтылған мысалдар мен дәлелдер дұрыс емес және дәрменсіз. Бүгінгі күні жүйе толығымен жұмыс істейді, ол арқылы жұмыс тәртібінде өтініштерді қабылдау жүзеге асырылып жатыр», – делінген жауапта. Е-halyk жүйесіне құжатты қабылдап алушылар ғана кіре алады. Сондықтан аталған жүйенің қаншалықты жұмыс істейтінін анықтау біз үшін мүмкін болмай тұр. Десе де, АЕК үшін құжат тапсыруға барған аналарды жалған сөйледі деуге ауыз бармайды. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайтыны секілді, базада барлық ақпарат шығып тұрса, жұрттың шу көтеріп несі бар? Оның үстіне, министрлік өз жауабында ақпараттық жүйелердің толық интеграцияланбағанын мойындаған. Ендеше, депутат сауалындағы деректерді негізсіз дегенін ұға алмадық. Кімге сенерімізді де білмедік. Билік пен халық арасында диалог жоқ дейтін жаттанды сөз бар. Біздіңше, сол диалог ең әуелі биліктің өз тармақтары арасында орнауы тиіс. Әйтпесе, «мен не деймін, домбырам не дейдінің» кері жалғаса береді. Халима БҰҚАРҚЫЗЫ