«Денсаулық» пойызы Алматыдан аттанды. Сәуірдің 29-нда басталған ұзақ жол жыл соңына дейін жалғасады. Шалғай аймақтар мен кішігірім станциялардың ұзын саны – 195. Міне, сол аумақтың барлығы қамтылып, тегін медициналық көмек көрсетіледі. Мұндай жоба сонау 2010 жылы бастау алып, күні бүгінге дейін жемісті нәтижелерімен қуантып келеді.
Аталған жобаны «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамына қарасты «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қоры мен Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып қолға алды. Басты мақсат – неғұрлым көп халықтың медициналық көмек алып, қандай да бір дерттің алдын алу. Әсіресе, ауылдық жерде тұратын ағайынның емханаға баруға мүмкіндігі бола бермейді. Соның салдарынан аурудың асқынған кезінде біліп жатады. Осындай жағдайларды азайту үшін тоғыз жылдан бері медициналық пойыздар жолға шығып келеді.Сала министрлігінің медициналық көмек ұйымдастыру комитетінің директоры Асқар Хорошаш мұндай пойыздардың алыстағы ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік беретінін айтты. Өйткені пойыз құрылымы осы мақсатқа арнайы жасақтандырылған. Барлық процедуралық, диагностикалық кабинеттер, кішігірім ота бөлмесі және телемедицина кешені де бар. «Жоба шеңберінде тұрғындар терапевт, офтальмолог, отоларинголог, невролог, хирург, акушер-гинеколог, кардиолог, стоматолог, маммолог, педиатр және өзге де дәрігерлердің қабылдауында бола алады. ЭКГ, УДЗ жасатуға мүмкіндік бар. Егер науқастың жағдайы күрделі болса, оны анықтап, аудандық не облыстық емханаларға бағыттаймыз», – дейді Асқар Хорошаш.
Бұл жолғы ерекшеліктердің ішінде мамандардың салауатты өмір салты, дұрыс тамақтану, профилактикаға қатысты кеңестері бар. Себебі, көп дерттің алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстану керек. 2018 жылы медициналық пойыздар 4 ай қызмет көрсеткен. Осы уақыт ішінде 40 мыңнан астам адам қаралған. Тұрғындардың басым көпшілігінде қан айналым жүйесі, онкологиялық және созылмалы аурулар анықталған.
«Пойыз Алматы қаласынан бастау алып, 21 желтоқсанға дейін жүреді. Биыл баратын облыстардың санын арттырдық, Қазақстанның барлық өңірлерінің 195 бекетін аралап шығады. Медициналық пойыз кестесіне сәйкес бірінші болып Алматы облысының тұрғындарына тегін медициналық көмек көрсетіледі. Осы өңірден соң пойыз Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарына бағыт алады. Бұдан ары Орталық Қазақстан бекеттерінің тұрғындарына қызмет көрсете отырып, пойызымыз батыс өңірлерге алған бағыты оңтүстікке жалғасады да, Жамбыл облысында бағдарын аяқтайды. Жалпы жол жүріп өту қашықтығы он тоғыз мың километрден астам (19 093 км). Пойыз кестесі www.medpoezd.kz және www.sk-trust.kz/ru сайттарында қолжетімді», – дейді Samruk-Kazyna Trust КҚ Бас директоры Дияс Әзбергенов.
Жоба бюджеті – 473 800 000 теңге. Шығындар медициналық пойыздардың жүруін ұйымдастыруға, тамақтануға, жабдықтарға, вагондарға техникалық қызмет көрсетуге, спутниктік байланысты қосуға, отынға және тағы басқаға бағытталады.