Елордалық дәрігерлер жалақысы артады

Елордалық дәрігерлер жалақысы артады

Үкімет басшысы Асқар Мамин Chevron-ның Еуропа, Еуразия және Таяу Шығыстағы барлау және өндіру жөніндегі президенті Тодд Левимен кездесті. Жүздесу барысында мұнай-газ саласындағы, соның ішінде мұнай-газ машина­сын жасаудағы бірлескен жобаларды іске асыру аясында ынтымақтастықты одан ары дамыту мәселелері талқыланды.

Chevron компаниясы – Қа­зақстанның мұнай өндіру сала­сындағы ірі серіктестерінің бірі. Ол Теңіз, Қарашығанақ жоба­ла­рына, «Каспий құбыр консор­циу­мы» мұнай құбырын кеңейтуге қа­тысуда. 2018 жылы осы инвес­тор иелігіндегі ТШО өндірген мұ­най көлемі 28,6 млн тоннаны құрады. Тодд Леви биыл мұнай өндіру бойынша жоспарлы көрсеткіштер асыра орындалатынын айтты. 
Бұл ретте болашақ кеңейту жо­басын – «Сағалық қысымды бас­қару жобасын» іске асыру 2022 жылға қарай өндірісті жы­лына 12 млн тоннаға ұлғайтуға жол ашады. Жобаларда қазақ­стан­дық қызметкерлер үлесін ұл­ғайтуға көңіл бөлінгені хабар­ланды. ТШО кеңейту жобасына 45 мыңнан астам қазақстандық тартылған, бұл қызметкерлердің жалпы санының 91%-ына тең.
Кездесуді қорытындылай ке­ле, Үкімет басшысы Асқар Мамин мұнай-газ және мұнай сервисі салаларындағы жергілікті өнді­ріс­ті дамытудың маңызына тоқ­талды. Жабдықтар мен техниканы елімізде шығару индустрия­лан­дыруды дамытуға қосымша серпін береді және жаңа жұмыс орындарын құруға жол ашады.
Тараптар ынтымақтастықты жоғары бағалайтындарын білдіре келе, қолданыстағы жобаларды жалғастырып, жаңа бірлескен жобаларды қолға алу тұрғысынан стратегиялық серіктестікті өріс­тетуге ниетті екендерін жеткізді. 
Сондай-ақ Премьер-министр А.Мамин кезінде «100 мектеп, 100 аурухана» мембағдарламасы аясында салынған астанадағы №10 қалалық емханаға барып, медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімдігін арттыру жұмысының барысына қанықты.
Үкімет жетекшісі ересектер, балалар және оңалту бөлімдерін, сондай-ақ амбулаторлық хирур­гия, қалпына келтіріп емдеу және медициналық оңалту орталық­тарын тексерді. Мұнда пилоттық режимде денсаулық сақтау сала­сындағы жаңа цифрлық ше­шім­дер енгізілген. Атап айтқанда, емханада пациенттердің ағынын реттейтін және шұғыл медици­налық көмекті бірінші кезекте көрсететін Triage-жүйесі, дәрі-дәр­мекпен қамтамасыз етудің кіріктірілген ақпараттық жүйесі, қағазсыз медициналық құжат­тар – электронды денсаулық пас­порттары қолданылады. Тұр­ғындармен кері байланыс орнату үшін дәрігерлер жұмысының са­пасын бағалайтын мобильді қосымша іске қосылыпты. 
Емхананың бас дәрігері Г.Ал­пысбекова цифрландыруды енгізу нәтижесінде, жанды кезектер 60%-ға азайғанын жеткізді.Емхананы аралап болған соң Үкімет жетекшісі Асқар Маминге медициналық-санитарлық ал­ғашқы көмек көрсететін меди­ци­налық ұйымдар желісін құру жобасы таныстырылды. Жалпы алғанда, қаланың шеткері аумақ­тарындағы тұрғындарға меди­циналық көмекті көліксіз-ақ, аяқпен жетуге болатындай, мей­лінше жақын жерде көрсету мақ­сатында биыл Нұр-Сұлтан қа­ласында 11 қосымша медици­на­лық ұйым ашу көзделген екен.
Өз кезегінде Денсаулық сақ­тау министрі Елжан Біртанов Елбасының «Әлеуметтік қам­қорлық» әлеуметтік шараларын іске асыру аясында биылғы 1 мау­сымнан бастап елордада учаскелік дәрігерлердің жалақысы 224 мың теңгеге дейін, ал орта буындағы медициналық персоналдың жа­лақысы 163 мың теңгеге дейін ұлғаятынын жеткізді.


Елдос СЕНБАЙ