Қазақтың өз бюджеттік әуекомпаниясы бар

Қазақтың өз бюджеттік әуекомпаниясы бар

Қазақстандық FlyArystan лоукостері алғашқы рейсін орындады. Алматыдан шыққан ұшақ Нұр-Сұлтан қаласына келіп қонды.

Салтанатты рейсті «Нұр­сұл­тан Назарбаев» халықаралық әуежа­йын­да «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, Индустрия және инфрақұры­лым­дық даму ми­нистрі Роман Скляр, Air Astana президенті Питер Фостер, жур­на­листер мен блогерлер қарсы алды. 
FlyArystan бюджеттік әуеко­м­паниясы флотының конфигура­циясы 180 орынды төрт Airbus 320-232 ұшағынан тұрады, олар­дың орташа пайдаланылған ­мер­зімі 6 жылды құрайды. Қыз­мет­кер­лер штаты 180 адамнан тұрады. Бұл туралы Индустрия және ин­фра­­құ­рылымдық даму минис­тр­лігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ұшқыштар мен аға бортсерік­тердің бір бөлігі «Эйр Астана» командасынан алынды. 2021 жыл­­дың соңына қарай әуе компания­сының әуе паркін 15 әуе кемесіне дейін ұлғайту жоспарлануда.
FlyArystan жолаушыларға ың­ғайлы болуы үшін жоғары сервис пен қолжетімді ұшуларды қамта­масыз етумен қатар бортқа Recaro 3 530 SLIM неміс өндірісінің был­ғарымен қапталған жаңа крес­ло­сын орнатты. Оның қа­йырмалы жұ­қа арқалықтары бар және кең­дігі 70 см-ден 82 см-ге дейін жетеді.  Жолаушылар үшін бір бағытқа билет құны 3 999 теңгеден баста­латын қолжетімді ұшуларды ұсына отырып, FlyArystan бұрын ұшақпен ұша алмаған жолаушы­лардың жаңа сегментін тартуды жоспарлап отыр.
– Біз Қазақстанның кейінгі толқын жастарына ұшу ұтқырлығы мен қолжетімдігі қажет екенін түсінеміз. Лоукостердің класси­ка­лық үлгісі бойынша жасалған FlyArystan дер кезінде және қа­жетті сағатта пайда болды. Ішкі және халықаралық бағыттарда жолау­шылар ағыны едәуір өседі деп бол­жап отырмыз. Уақыт өте келе біз ұшу­ларды шетелдік әуежай­лар­дан да бастауды жос­парлап отыр­мыз, – деді Air Astana әуе ком­па­ния­сының президенті Питер Фостер. FlyArystan 2019 жылы 29 нау­рыз­да Алматы – Тараз – Алматы, сондай-ақ Алматы – Орал – Алма­ты бағыттары бойынша билет сата бастады.
Кейіннен Алматыдан Нұр-Сұлтанға, Қарағандыға, Павлодар мен Шымкентке билет сатыла бастады. Бүгінде республиканың 6 қаласына әуе билеттері сатылып жатыр. 
Қазақстандықтар қуаныш­та­рын жеткізумен қатар еліміздің бас­қа аймақтарына билеттер саты­луын күтіп жатыр. Мәселен, елі­міз­дің батыс аймағында Орал­дан басқа тағы 3 облыс орталығы бар. Алматы не Астанадан ол жаққа ұшақ­пен жету қымбат. Егер темір­жолмен не болмаса көлікпен шық­саңыз, онда көп уақытты талап етеді. Осы тұрғыда жаңадан құрыл­ған бюджеттік әуекомпания Ақ­тау­ға, Атырауға не болмаса Ақтөбеге рейстерді жылдамдатып ашса, тұрғындардан алғыс еститіні анық.
Сонымен қатар Қызылорда, Қостанай, Петропавл, Көкшетау, Семей, Талдықорған, Жезқазған тұрғындары да әуе байланыстың тиімділігін сезінгісі келеді. Әри­не, әуекомпания ангарындағы төрт ұшақ мұндай қажеттілікті бір сәтте орындай алмайтынын да түсінеміз. Бірақ халық саны мен ол облыс­тардың экономикалық әлеуетін ескере отырып, маңызды бағыттар­дың кезек күттірмей ашылатынына сенеміз.
Алғашқы қазақстандық лоу­кос­­тердің рейстеріне билеттерді әуе компанияның flyarystan.com ресми сайты арқылы брондауға болады.