Байқоңырға экологиялық апат аймағы мәртебесі керек пе?
Байқоңырға экологиялық апат аймағы мәртебесі керек пе?
1,008
оқылды

Бала кезде дауыл борай соғып, шатыр түгілі үйді қоса ұшырып әкетердей үрей туғызатын. Сонда үлкендер «Е-е, тағы да ракета ұшқан ба?» дейтін самарқау ғана. Расында, кешке теледидардан әлдебір себеппен «Байқоңырдан» көк жүзіне ғарыш кемесінің аттанып кеткені жайлы ақпар тарап жататын…

Былтыр Цифрлық даму, қор­ғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Байқоңыр» ғарыш айлағы аумағын экологиялық апатты аймаққа жатқызбайтын­да­рын жария етті. Министрлік мәлі­метінше, отынның көп бөлігі әуеде жанып кететіндіктен, таби­ғатқа төнер айтарлықтай қауіп жоқ. Бұл туралы вице-министр Марат Нұрғожин былтыр «Союз» зымы­раны апатқа ұшырағаннан кейін пікір білдірген. Оның ай­туын­ша, негізгі жану процесі жерден 47 ша­қырым биіктікте болғандықтан, айналаға еш залал келтірмейді. «Шамамен 22 тонна керосин жерге түскен. Алайда басқа мұнай өнім­дері секілді керосин де жанғыш заттардың төртінші класына жатады. Сол себепті, ешқандай қауіп төндір­мейді деп ойлаймын» деген еді вице-министр. Министрлік осылай ойлай келе, «Байқоңырға» экологиялық апат аймағы мәртебесін беруді артық деп тапқан секілді. Ал шын мә­нін­де, ғарыш айлағы мен маңын­дағы елдімекен тұрғындарын осын­­шама апат пен гептил «мол­шы­лығын» түк «сезінбей» отыр деуге келмес. «Ға­рыш­тық зерттеу­лер мен техно­ло­гия­лар» журна­лы­ның бас ре­дак­торы Нұрлан Әсел­қан­ның айтуын­ша, экологиялық зардапты азайту үшін алдымен ресейлік «Протон» зы­мырандарынан бас тарту керек. – Ол жерде тамырын тереңге жайған, табиғи тепе-теңдікті бұ­зып, адам денсаулығына елеулі зиян келтірген проблема бар. Ең алдымен, улы жанармаймен ұша­тын «Протон» секілді зымыран­дарды пайдалану мәселесін тез арада шешу керек. Себебі, ол зымы­­­ранның бәріне Байқоңыр­дағы арнайы бекеттер арқылы жанармай құйылады. Ол жерге жа­қындауға болмайды. Өйткені бөлініп шыққан түрлі улы заттар жер қыртысы арқылы еркін тарауы мүмкін. Мұны шешудің жалғыз-ақ жолы – улы отын тұтынатын зы­мы­рандардан мәңгілікке бас тарту яғни, бұл жерде әңгіме гептил туралы болып отыр, – дейді ол. Сарапшы сондай-ақ вице-министрдің тұжырымын түбегейлі жоққа шығаруға болмайды дейді. Себебі, табиғат керосин кесірінен ластанып жатқан жоқ. – Марат Нұрғожин бұл жерде гептилмен ұшатын емес, сұйық оттегі және керосин пайдаланатын зымырандар туралы айтып отыр. Ал керосиннің жануы табиғатқа қауіп тудырмайды. Жанған кезде одан ешқандай қауіпті, улы заттар бөлініп, ауаға тарамайды. Қазір орбитаға ғарышкерлерді алып шығып жүрген «Союз» кемесі, украиналық «Зенит» зымырандары керосин немесе сұйық оттегі ар­қылы ұшып жүр, – деді сарапшы. Қорыта айтқанда, Нұрлан Әсел­қан «Байқоңыр» ғарыш айла­ғын апатты аймақ деп санамайды. Оның тұжырымына сүйенсек, ғарыш айлағының ішіндегі ішінара нысандарды – апатты мекен деп байлам жасауға ғана болады. – «Байқоңырды» экологиялық апат аймағы деп санамаймын. Деген­мен ол жерде экологиялық бақылау жасау және қалпына кел­тіру мақсатында арнайы шара­лар қабылдануы керек. Бұл мәселені қазіргі күйінде қалдыруға бол­майды. Ол жердегі жанармай бекеттерін – шағын экологиялық апатты аймақ деп айтар едім. Ау­мағы әрі кетсе 100 де 100 метр бо­ла­тын шығар. Сондықтан ол ны­сан­дар терең зерттеліп, улы, қауіп­ті заттардан тазартатын жұмыс­тар істелуі керек, – деді маман. Ал белгілі эколог, Халықаралық экология академиясының прези­денті Мұсағали Дуамбеков мұндай шешіммен келіспейді.

– «Байқоңырға» экологиялық апат аймағы мәртебесі берілуі керек. Қызылорда облысы – ең ауыр экологиялық жағдайларды бастан өткерген аймақ. Облыстағы ең үлкен зардап ретінде Аралды айтамыз. Оның көлемі азайып, табанындағы тұздың бәрі айналаға тарап, ауаны ластап жатыр. Негі­зінен шөл мен шөлейттен тұратын, суы аз, тұзы көп өлке. Егер эколо­гия­лық мәртебе берілмесе, онда сол жердегі тұрғындар ие болатын азды-көпті қаржылық жеңілдіктер де жойылады, – дейді эколог. Техника ғылымдарының док­торы Жайлаубай Жұбатовтың редакциясымен 2011 жылы жарық көрген «Экологическая безопас­ность деятельности космодрома «Байконур» атты кітабында зы­мыран ұшу процесінен кейін қор­шаған ортаға келер зиян туралы егжей-тегжейлі айтылып, біршама нақты дәлел келтіреді. «Көптеген ғылыми зерттеулер мен экспедициялар зымыран-ғарыш технологиясы қалыпты жұмыс кезінде де, төтенше жағдай­ларда да барлық қоршаған ортаны қорғау нысандарына – топырақ, су, атмосфералық ауа, флора және фаунаға әсер етеді. 1967-2010 жыл­дар аралығында 258 апат болған. Қоршаған орта қашанғы мұндай сынаққа төтеп бермек? Көптеген ғарышы жақсы да­мы­ған елдер ғарыш айлақтарын – не­гізгі табыс көзі ретінде қарас­ты­рады. Ғарыш кеңістігін игеру бойын­­ша әлемде бәсекелестік жоға­ры. Бұл олар үшін пайдалы. Еш­кім наразылық білдірмейді. Ха­лық­ты экологиялық қауіптен сақ­тан­дыру қызметтері жолға қойыл­ған. Мәселен, Жапонияда балық аулау ұйымдары жапон ғарыш орталықтарынан акусти­калық ластану (шу) үшін арнайы өтемақы алады. Жаһандық «қор­ша­ған орта және даму туралы дек­ларацияда» қоршаған ортаға кел­тірілген зиян әрекеттердің зардап­тары үшін жауапкершілік пен өте­мақыға қатысты ұлттық заң­дарды әзірлеу керек деп қарасты­рылған» деп жазады ғалым. «Байқоңыр» бастан кешіп отыр­­ған нақты зардаптар хақында академик Қайыржан Бекішұлы мен ҚарМУ магистранты Ботагөз Есейдің зерттеу мақаласында талдап көрсетілген. «Соңғы 30 жыл көлемінде осы салаға қатысты мамандар химия­лық жанармаймен жұмыс істейтін зымыран двигательдерінен бөлі­нетін қалдықтардың атмосфера­ның төменгі қабатына ауқымды масш­табта зиянды әсері жоғын дәлелдесе, 40 жылдан бері жинақ­талған мәліметтерге қарағанда олардың зиянды әсерін анық көруге болады.

Ғарыш айлағының жұмысы қоршаған ортаға мынадай кері әсерін тигізеді: – Ұшу процесінен кейін атмос­фераның табиғи режимі бұзылады;

– Атмосфераны және жер беті қа­бат­тарын токсинді зымыран жанармайының қалдықтарымен ластайды;

– Атмосфераның озон қабатын бұзады;

–Территорияларды ұшу аппа­рат­­тарының қалдықтарымен, сынақтарымен зақымдайды;

– Қышқылды жаңбырдың жаууына себепші болады;

– Ауқымды масштабта тем­ператураның жоғарылауына әсерін тигізеді. Зымыран жанармай компо­нент­теріне кіретін токсинді қосы­лыстардың табиғи жағдайы ми­кробтар мен өсімдіктерге әсері ту­ралы түсініктер мүлдем жоқ. Сон­дықтан осы бағыттағы зерт­теулер қазіргі кезде аса өзекті мәселелерге жа­тады. Көпсатылы «Про­тон» зымыран жет­кіз­­гі­ші­нің алғаш­қы блогы (алты бак­ты блок бола­ды) жұмы­сын аяқ­тап, жер­ге құла­ған­да 1,5 тонна­дан – 3,5 тоннаға дейін гептил қалдығы жерге төгіледі. Сон­да бір рет ұшырыл­ғанда орта есеппен 2 тонна геп­­тил жерге төгіл­ген­де, 44 жылда 520 000 тонна гептил төгіледі. Эколо­гиялық қауіпсіздікті сақтадық дегеннің өзінде, Ұлттық аэро­ғарыш агент­тігінің мәлім­деуінше, қазіргі кезде зымыран жеткізгіші­нің жерді зақымдайтын гептил мөлшері 150-200 литр ша­масын құрайтыны анықталған» деп жазылады аталған еңбекте. Мамандардың айтуынша, Еу­ропа елдері ғарыш ісінде әлде­қа­шан тиімді экологиялық стан­дарт­тарға көшіп алған. – Еуропада ғарыштық құры­лымдар, жұмыстар экологиялық таза деңгейде жүзеге асырылады. Бізге солардың озық тәжірибесін игеру керек. Олардың зымыранда­ры оттегі және сутегі арқылы ұшып жа­тыр. Мұндай зымырандар ке­зінде бізде де болған. Нақтырақ айтар болсақ, 1987-88 жылдары ұшы­рылған «Энергия» деген зы­мы­ран болды. КСРО тарағаннан кейін Ресей–Қазақстан–Украина бұл жайында ортақ келісімге келе алмай, «Энергияның» қызметі тоқ­татылды. Әрине, қазір мұндай тип­тегі зымырандарды қайта жаң­ғыртуға болады. Ғарыш айлағы бар, тәжірибе бар, тек экологиялық таза әрі технологиялық мүмкіндігі жоғары бастамаларға кірісу қажет. Кеңес Одағы істеген нәрсені біз істей аламыз ғой, – дейді Нұрлан Әселқан. Мұсағали Дуамбеков құрған «Антигептил» қоғамдық ұйымы осы бағытта 3-4 жыл жұмыс атқар­ған. Алайда ол кезде лайықты же­тіс­тікке жете алмадық. Дегенмен сол еңбегіміздің алғашқы нәтижесі биыл көрініп қалады дейді сарап­шы. – Себебі, осы жылы «Протон» зымырандары соңғы рет ұшыры­лады. Одан кейін Ресей аталған зымырандарды толықтай Влади­вос­токқа ауыстырмақшы. Сон­дықтан сонау 2013 жылдары ат­қарған шаруамыз енді-енді нәти­жесін беріп жатыр деп ойлаймын. Сол кездері экспедиция жасап Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Атырау облыстарына барып, ақбөкендердің жүрген, жайылған, өлген жерін зерттеп, жануарлардың қырылуына гептил себеп болған деген тұжырым жасадық. Бай­қоңыр ғарыш айлағының зардабы өте ауыр екенін мойындауымыз керек. Дамыған мемлекеттерде бұл мәселе шешілген. Францияның тынық мұхиттарындағы ғарыштық кешендерінде әрбір зымыран ұш­қан сайын сол жердегі тұрғындарға көлемді өтемақы төлеп отырады. Осылайша, ондағы адамдар ден­саулығын күтіп ұстап, тексертіп отыру үшін әлгі қомақты қаржыны еркін пайдаланады, – дейді эколог. Гептилдің зияндылығы сонша, ол ауаға тез араласып, су мен то­пырақ тұрмақ, металл бетіне де еркін сіңіп кетеді екен. «Оның ағзаны «мүжуі» білінбейді, ұзақ жылдарға созылады. Яғни, гептил­мен залалданған ағза арада бірнеше жылдар өткен соң да ауруға ұшы­рауы мүмкін. Ең қауіптісі – гептил ауада, суда, топырақта ыдырап, одан аса улы заттар бөлініп, тара­лып, сіңеді. Ағзада жинақталып, жасушалық деңгейге дейін ене алады. Сондықтан да, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы оны аса қауіпті химиялық қосылысқа жатқызады» деп жазады Қайыржан Бекішұлы өз еңбегінде. 2013 жылы заңгер Әнуар Түгел Байқоңыр қаласы маңын эколо­гиялық апат аймағы деп жариялау туралы бастама көтерген. Оның айтуынша, Байқоңыр қаласының төңірегі – экологиялық дағдарыс аймағы ретінде ғана қарастыры­лады. Соған қарамастан Қызыл­орда облысында науқастарға ауруының экологиялық зардаптан болғаны туралы арнайы диагноз қойылмайды екен. Бұл туралы отандық Baq.kz сайтында жазыл­ған. Өңірде аурудың «экологиядан туғанын» анықтайтын ғылыми институт жоқ. Сондықтан дәрі­гер­лер ауырған адамды қабылдау немесе ем-дом қолдану кезінде бұл мәселені мүлде қарастырмайды. Арал мен Байқоңыр проблема­сы­нан аяусыз зардап шегіп отырған өлкеге экологиялық ауруларды зерт­тейтін және науқастарды емдейтін үлкен орталық керек-ақ. Мұны Денсаулық сақтау министр­лігі қаперге алса игі. Бұл орайда өңірге «экологиялық апатты ай­мақ» мәртебесі беріліп, елге өтема­қының төленуі тұрғындарға аз да болса сеп болмақ. Мақала жазу барысында Қы­зылорда облысы әкімдігіне хабар­ласып, өтемақының жай-жап­сарын сұрадық. Баспасөз қызметі «бұл мәселенің алдағы уақытта Үкі­метаралық отырыс кезінде қара­латынын» айтты. «Әзірге Байқоңырлықтар облысқа тиесілі 30 пайыз үстемақы алып жүр. Егер осы мәселе шешілсе, 50 пайызға көтеріледі» деп жауап берді бас­пасөз қызметі.

Абай АЙМАҒАМБЕТ