Салтқа, дәстүрге адал-ақ ұлтпыз. Өзгені сыйлауға да өте құлықтымыз. Басқаның көңіліне қарағышпыз. «Тыныш болса екен, дұрыс болса екен» деп елпең қағып отырамыз. Қали Сәрсенбайдың есімін алты Алаштың баласы біледі.
Алматыдан үй алғанша талай табалдырық тоздырған, астынан сыз, үстінен мұз өткен кісі есігін мейлінше күзеткен; «Тұрғын үй – 91» бағдарламасымен пәтер алып, төрт бөлмелі даңғарадай баспанасына қоныстанады; төрт баласы үрпиісіп бір бөлмеге қайта-қайта тығыла беріпті; «әй, анау бөлмелерге барсаңдаршы, ойнаңдар асыр салып» десе, балалары жәутеңдеп «қожайын ұрыспай ма?» дейтін көрінеді… Тәуелсіздіктің жиырма сегізінші жылына ойыссақ та, бәріміз сол Қалидың балалары секілдіміз. Біреу ұрысып тастайтындай өмір сүріп жатырмыз. Бізге бәрі ыңғайсыз: қатты күле алмаймыз, дауыстап жүре алмаймыз; демімізді ішімізден аламыз, іштен тынамыз; ел менікі, жер менікі деп кеуде керуге еңкейген еңсеміз мұрша бермейді; қатты сөйлеуге қорқамыз, қатулы қабақ, тұнжыраған түр, арп еткен айқай естіп қаламыз ба деп елең-алаң күй кешеміз. Бір мекемеде жалғыз радио болғанды да көргенбіз. Қазақтар қазақшаға қойса, орыстілділер орысшаға ауыстырады: терезе алдына барған болып біреуі бір ауыстырып кетеді, гүлге су құйған болып қайтадан қазақшаға бұраймыз; сегіз сағат жұмыс күнінде байғұс радионың құлағы осылайша мың бұралады. Нағыз үнсіз майдан. Бұл – кеңестік кезеңдегі көрініс. Өз алдымызға ел болдық, еркін болдық, азатпыз деген мына заманда сол көрініс аса көп өзгере қойған жоқ. Құлдық санадан құтылған жоқпыз. Заман өзгергенімен, қалып өзгермеді. Бізге бәрі ыңғайсыз: мейлінше шаттана алмаймыз, шарықтата ән сала алмаймыз, қысылып, қымтырылып отырамыз; тық-тық еткен туфли даусынан қорқамыз, тарсылдаған дыбыстан, арсылдаған дауыстан қараптан-қарап секем аламыз, селк ете қаламыз; қанға сіңген үрей әбден үркек етіп тастаған. Бізге бәрі ыңғайсыз: қазақ болу ыңғайсыз, азат болу ыңғайсыз, еркін болу ыңғайсыз, жарқын болу ыңғайсыз, жүру де ыңғайсыз, тұру да ыңғайсыз; жалпы өмір сүру ыңғайсыз… Осыны жазу да ыңғайсыз… Қашан ыңғайлы болады екен?!.