«Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Нұртай Әбіқаевпен сұхбат.
– Нұртай Әбіқайұлы, Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қайда жүрсе де қазақтың тарихи отаны біреу-ақ. Ол – Қазақстан. Атамекеніміз жалғыз, ол – бір уыс топырағына дейін қасиетті Қазақ Елі», – деген еді. Осы жалғыз Отанымыздың қадір-қасиетін түсініп, Қазақстанға келгісі келетін ағайынның тарихи көші қалай түзеліп жатыр?– Тәуелсіздік алғалы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шетте жүрген қандастарымыздың тағдырынан бір сәтте қол үзбегенін айту керек. Елбасының тікелей араласуының негізінде бауырларымыздың туған жеріне қоныс аудару легі әліге дейін тоқтаған емес, тоқтамайды да. Бұған Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында отандастарға жан-жақты қолдау мен көмек берудің кешенді бағдарламасын және көшіп келген ағайынға қажетті инфрақұрылым жасаудың бағдарламасын әзірлеу туралы тапсырмалары дәлел бола алады.
Шеттегі ағайынды қолдау бүкіл қазақ әлемін толғандырады. Сондықтан Елбасының 23 сәуірде өткен Nur Otan партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде кезектен тыс Президент сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынуы– ширек ғасырдан астам уақыт бойы дүниежүзі қазақтарының бірлігін ту еткен мемлекет саясатының одан ары үйлесімді жалғасуының кепілі.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірқатар бұқаралық ақпарат құралындағы мәлімдемелері, «оралман» орнына «қандастар» деген ұғымды қолдану керек деген пікірлері осы саяси сабақтастықтың тағы да бір көрінісі деп білуге болады.
Жалпы, қазақ қандастарымыздың тарихи отанына көшіру Кеңес Одағы кезінде басталды. Өткен ғасырдың 30-жылдарында күштеп ұжымдастыру және тәркілеу саясаты салдарынан қазақтардың елден көшіп кету үрдісі басталғаны белгілі. Сол кезде-ақ Кеңес үкіметі қателігін түсініп, қазақ зиялыларының араласуымен шетке көшкен қазақтарды елге қайтару әрекетін жасаған. Алайда ол кезде бұл шаралар коммунистік режимнен үрейленіп қалған халық тарапынан кеңінен қолдау таппады.
Шетелдегі қазақтарды тарихи отанына қайтару шараларының келесі кезеңі 1962 жылы Кеңес Одағы және Қытай арасындағы жағдайдың салқындауы, қытайлық басшылықтың кіші халықтарға деген саясатының қатаюымен байланысты. Шекара асып, атажұртқа қоныс аударған қазақ саны бұл уақытта түрлі деректер бойынша 60-100 мың адамға жетті.
Тәуелсіздік кезеңінде ресми деректерге сүйенсек, 1991-2018 жыл аралығында тарихи отаны Қазақстанға қоныс аударған қандастарымыздың жалпы саны – 1 039 619 этникалық қазақ немесе 303 263 отбасы. Осы көрсеткіштің 18 пайызы 1991-2001 жылдар аралығына қатысты. Ең үлкен қоныс аудару кезеңі 2002-2011 жылдарға жатады. Қоныс аударған қандастардың жалпы санының 72 пайызы осы кезеңде елге келген.
Қазақстан Үкіметі 2008 жылы 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасын қабылдаған болатын. Яғни, «Нұрлы көш» бағдарламасы өзінің тиімділігін көрсетті. Ал енді одан бергі кезеңде қоныс аударғандар саны күрт түсіп кетіп, сол жалпы санның 10 пайызын ғана құрап отыр. Мысалы, 2016 жылы – 33 754, 2017 жылы – 18 605, 2018 жылы – 14 541 этникалық қазақ елге оралған.
– Елбасы шеттегі және елге көшіп келетін ағайынды қолдау үшін «Отандастар қорын» құрды. «Қор Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп, отандастарға жан-жақты қолдау мен көмек берудің іс-шараларын анықтап, соған сәйкес кешенді бағдарлама әзірлесін» деп арнайы тапсырды. Осы ретте не істелді?
– Елбасы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында шеттегі қандастарымызға байланысты мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын айқындап берді. Олар – шеттегі қандастарымызды жан-жақты қолдау, Қазақстанға көшіп келген ағайындардың бейімделуіне көмек беру және осы жұмыстарды іске асыруда заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету. Осы тапсырмалар аясында «Отандастар қоры» қызметінің жалпы ұстанымы белгіленді, 2019-2022 жылдарға арналған Жол картасы жасалды.
Біздің мақсатымыз – ұлттық бірегейлікті сақтау, қазақ диаспорасына қатысты мемлекеттік саясатты қалыптастыруға ықпал ету. Заңнамалық сүйемелдеу қолға алынды. Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасы және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары (Қазақстан Үкіметінің 29.09.2017 жылғы №602 қаулысы) бекітілді. Сонымен бірге, Қазақстан Үкіметі 2018-2022 жылдарға арналған шетелдегі қазақтарды қолдау бойынша іс-шаралар жоспарын әзірледі.
«Нұрлы көш» мемлекеттік бағдарламасының тиімділігін ескеретін болсақ, Елбасының бағдарлама қабылдау жөніндегі тапсырмалары өміршеңдіктен туындап отырғанын анғаруға болады. Қазір арнайы мемлекеттік бағдарлама жоқ. Тек қана квоталар арқылы елге ораламын деген қандастарға бірқатар жеңілдіктер қарастырылған.
Сондықтан басты міндетіміз – шеттегі отандастар туралы бұрыннан жинақталған мәліметтерді өзектендіріп, жүйелеу, қосымша зерттеулер жүргізу. Сол арқылы ғылыми тұрғыдан тұжырымдалған еліміздің экономикалық, демографиялық, миграциялық мүмкіндіктері негізінде, өздері тұратын елдердегі кәсіби тіршілік ерекшеліктеріне сай бизнес-модельдеу арқылы қазақ диаспорасы өкілдерін Қазақстан Республикасына көшіру, елге келген репатрианттарды бейімдеу, шетелдердегі қазақтарды қолдау тетіктері бойынша диаспоралық саясат бағдарламасын әзірлеу.
Сондай-ақ бағдарлама аясында салалық заңнамаға үлкен көңіл бөлу қажет. Қабылданатын заңнамаға «Плояк картасы», «Түркияның «көк картасы» секілді «Қазақ картасын» енгізгеніміз жөн. Бұл карта шетелдегі қазақтарға қазақстандық азаматтармен бірдей, сайлау және сайлану құқығынан басқа, Қазақстан территориясында емін-еркін жүріп-тұруына, бизнеспен айналысуына, меншік иесі болуына, заңды түрде жұмысқа тұруына, тегін білім алуына, медициналық қызмет жүйесін қолдануға толық мүмкіндік туғызады.
Бұдан бөлек, мемлекет басшыларының қатысуымен Қазақстанның киелі, қасиетті орындарында Отандастар форумын өткізу көзделіп отыр. Форум барысында мемлекет басшылығы отандастарымыздың елге келуіне, орнығуына құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қолайлы жағдай жасайтын, қазіргі кезде дайындалып жатқан жаңа мемлекеттік бағдарлама туралы жария етеді. Біздің ойымызша, мұндай бастама, отандастар тақырыбына деген жоғары ықыласты ескере отырып, елімізде және шеттегі қандастарымыздың ортасында кеңінен позитив толқыныс тудырады. Осы жұмыстарды ыждағаттылықпен, жүйелі түрде жүзеге асырған жағдайда, сіз айтпақшы «Қазақстанға келгісі келетін ағайынның тарихи көші» жаңа сапалық деңгейге шығарары сөзсіз.
– Шет мемлекеттерден Отанымызға оралғысы келетін азаматтар түрлі құжат толтыру тауқыметін бастан кешетін. Елбасы «Елшіліктер азаматтардың құжатын қамдап, қоныстанатын жері туралы кеңес беруі тиіс. Оны Сыртқы істер министрлігіне тапсырамын. Сонда шекарадағы шырғалаң да, елге келген соң құжат түгендеу үшін ары-бері сабылу да болмайды», – деді. Осы мәселе қалай болып жатыр?
– Сыртқы істер министрлігі мен еліміздің шет мемлекеттердегі дипломатиялық өкілдіктері алыс жерлерде тұратын ағайындарға қолдау көрсету бойынша жұмыстарды жүйелі түрде атқарып келеді.
2011 жылғы 22 шілдедегі «Халықтың көші-қоны туралы» заңына сәйкес, еліміздің шет елдердегі консулдық мекемелері Отанымызға өз еркімен қоныс аударуға ниет білдірген этникалық қазақтарға келу, оның ішінде оралмандарды қабылдаудың өңірлік квоталары шеңберінде Қазақстан Үкіметі айқындаған өңірлерге келу және қабылдау шарттары мен әлеуметтік қолдау шаралары туралы тиісті ақпараттар береді.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасының визаларын беру қағидаларына сәйкес тиісті құзыретті мекемелермен келісу бойынша этникалық қазақтарға шақырусыз алғашқы кезде 1 жылға дейін, ал қайта өтініш жасағанда 3 жыл мерзімге дейін жеке сапар визаларын рәсімдейді. Егер қандастар Қазақстан визаларымен елге келіп, тарихи отанында тұрақты тұруға қалғысы келсе, онда олар осы жерде тұрақты тұруға рұқсатты Ішкі істер министрлігінің миграциялық қызмет бөлімшелерінен ала алады.
Бұдан бөлек, «Отандастар қоры» және «Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы» елге келген ағайындар үшін қолжетімді жағдайлар жасау мақсатында осы саладағы өзекті мәселелерді Байланыс-орталығы жолымен шешуді қолға алды. Nur Otan партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелері және «Қазақтелеком» АҚ да бұл жұмысты атқаруға қолдау білдіріп отыр.
«Байланыс орталығы» шетелдердегі отандастарға, сондай-ақ тарихи отанына келген этникалық қазақтарға бостандықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуы мақсатында ақпараттық және кеңес беру қызметтерін орындайтын болады.
Бүгінгі күні Бірегей байланыс-орталығы 1404 (ұялы қоңыраулар үшін), 8-800-080-1404 (Қазақстан бойынша қоңыраулар үшін), +7 (7172) 981404 (Қазақстан және шетелден шалынатын қоңыраулар үшін) нөмірлері бойынша қолжетімді.
Болашақта Отанына оралған отандастарға мемлекеттік органдардың көрсететін қызметтерінің барлық кешенін автоматтандыру және оңтайландыру негізінде «бір терезе» қағидасын ұсыну ойымызда бар. Бұл бірінші кезекте төлқұжат және тіркеуге қатысты. Мүдделі органдармен бұл мәселені талқылап, шешімін табамыз деген сенімдеміз.
– Құрылтайда Мемлекет басшысы халқымыздың саны 18 миллионға жетті деп жариялады. «ХХ ғасырда Солтүстік Кавказдан – 550 мың адам, Қиыр Шығыс пен Кореядан – 100 мың адам, Ресейдегі неміс ұлтынан 600 мың адам, еврейлер мен гректерден 1,5 миллиондай адам күштеп көшіріліп, жасанды түрде көпұлтты елге айналдық», – деді. «Шет мемлекеттерде 5 миллиондай қазақ тұрады» деген мәліметті жиі ұшыратамыз. Басқа елдердегі қазақтың жалпы саны қанша осы?
– Шетелдердегі қандастарымыздың жалпы саны 5 миллион адамнан артып жығылады. Қазіргі болжам осындай. Нақты санын айту қиын. Өйткені әр елде әртүрлі сан айтылады. Мысалы, кейбір шетелдік деректер әлемде қазақтар саны 18 миллионнан асады дейді. Мұның 12 миллионы Қазақстанда тұрады деп есептесек, онда басқа елдердегі қазақтың санын жобалауға болады.
Осы ретте шетелдердегі қазақтардың санын анықтау үшін сарапшылар арасында сауалнамалар ұйымдастыру жоспарымызда бар. Дегенмен халық санағын жүргізу барысында объективті ресми мәліметтер болмайынша, басқа елдердегі қазақтың жалпы саны қанша екеніне тап басып айту қиын.
– «Қысқа мерзім ішінде қазақ диаспорасын гуманитарлық бағыттағы әдебиеттермен, оқулықтармен, әдістемелік құралдармен қамтамасыз етуді тапсырамын» деген Елбасы тапсырмасы қалай орындалып жатыр?
– Бұл мәселелерге қатысты шетелде қазақ тілін үйрету бойынша білім беру инфрақұрылымын құру қарастырылған. Бұл – қашықтықтан үйретуге негізделген интерактивтік сыныптар ашу, тіл үйретуге арналған мобильді қосымшалар жасау, шетелдегі мәдени орталықтармен ынтымақтастық құру, Президенттік мемлекеттік тілді дамыту қорымен Назарбаев Зияткерлік мектептері және басқа да оқу орындарымен бірлесіп қазақ тілі мұғалімдеріне арналған интернет платформа құру, этникалық қазақтарды қазақ тілін үйретуге арналған оқыту-әдістемелік құралын әзірлеу, гуманитарлық бағыттағы оқу материалдарын жасау, диаспоралар ішінен қазақ тілі мұғалімдеріне арнайы дайындық курстарын ұйымдастыру, тілді насихаттау, шетелде тұратын диаспоралардағы жоғары сынып оқушылары арасында «Ұлы дала елі» шығармалар конкурсын ұйымдастыру сияқты жоспарларымыз бар.
Қордаланған проблемаларды шешетін іргелі жобаның бірі – шетелдегі қазақтар үшін «Абай мәдениет үйі» орталығын құру. Барлық мәдени шара, сондай-ақ Елбасының қазақ диаспорасын гуманитарлық бағыттағы әдебиеттермен, оқулықтармен, әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы да осы орталықтар арқылы іске асатын болады.
Нақты жобаларға келетін болсақ, олардың қатарында қазақ диаспорасы өкілдерінің балаларына арналған Қазақстанда білім беру-танымдық турлар, НЗМ және «Білім инновация» лицейлері базасында – қазақ халқының тарихы мен дәстүрін қамтыған екі апталық мәдени бағдарлама (100 баладан астам) жүзеге аспақ. Яғни, «Туған жерге саяхат» – киелі жерлерге саяхат (60 орынға квота), «Зерен – 2019» республикалық білім беру жастар лагері (100 орын), «Балдаурен» жазғы лагері (300 бірлікке дейін квотаны өсіру) – Бурабай, Қапшағай және Түркістан қалаларында республикалық оқыту-сауықтыру орталықтарының базасында қазақ диаспорасы мен жергілікті балаларға арналған бірлескен демалыс ұйымдастыру.
Мұның мақсаты – шеттегі қандастарымызға қазақ тілі мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Сондай-ақ қазіргі таңда шетел қазақтары үшін жыл сайын еліміздің оқу орындарына бөлінетін квота 4 пайызға өсті. Одан бөлек, жыл сайын ЖОО негізінде өтетін дайындық курстарына 1 000 орын бөлініп отыр. «Болашақ» арқылы шетелдегі қазақ балаларына әлемнің озық ЖОО-на стипендиялық бағдарлама әзірленуде.
Жуырда «Отандастар қоры» мен ДҚҚ өкілдері Германия, Франция елдеріндегі қандастармен кездесіп қайтты. Олардың басты мәселесі – тілді сақтап қалу. Бір көңіл қуантарлық жағдай – Еуропадағы қандастарымыздың қазақ ұлтының қадір-қасиетін, салт-дәстүрін өскелең ұрпақтың бойына сіңіруге деген ынтасы. «Балаларымыз еуропалық емес, қазақ болғанын қалаймыз», – дейді олар. Оларға көмек көрсету – біздің міндетіміз.
– Көшіп келуші отандастарымызды жаңа ортаға неғұрлым тез бейімдеу, жағдай жасау, қоныстандыратын үйлер салып, әлеуметтік инфрақұрылым жасау туралы нақты бағдарлама бар ма?
– Негізінен, бұл бағытта мемлекеттің ұстанымын қамтитын Көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасы және оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бар.
Бұдан бөлек, «Отандастар қоры» ғылыми негізделген зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жылдың аяғына дейін жалпы диаспоралық мәселелер бойынша кешенді мемлекеттік бағдарламаға талдамалық ұсынымдар әзірлейді. Баспана және жұмыспен қамту мәселелері осы кешенді бағдарлама аясында жүзеге асуы тиіс.
Біз кез келген қадамымызды терең байыптауымыз қажет. Қоныс аудару – оңай шаруа емес. Бұл – мыңдаған қандастарымыздың тағдыры, болашағы, демографиялық ахуалы, экономикамыздың дамуы. Бұл қоғамымыздың тұрақтылығы мен еліміздің берекесіне әсер ететін мәселе. Осы бағытта арнайы зерттеулер жүргізілуде. Мәселен, солтүстік өңірлерде облыс-аудан бойынша қанша елдімекен бар, ондағы тұрғындардың саны, жалпы үйлердің саны, оның ішінде босап қалған үйлердің саны, ол елдімекеннің экономикалық мүмкіндіктері мен әлеуеті туралы мәліметтер жинағы жасалуда. Қанша жайылым жер бар, жіктелген малдың саны, жылыжай шарушылығын дамыту мүмкіндіктері, ауызсу, мектеп, балабақша, медициналық мекемелерімен қамтылуы сияқты мәселелер бар.
Тағы бір өзекті мәселе – жұмыспен қамту. Сұраныстағы мамандықтар туралы нақты цифрлар болса, яғни қанша мұғалім, дәрігер, құрылысшы, мал дәрігері, спорт, мәдениет саласының қызметкерлері, агроном, арнайы техника жүргізушілері қажет деген сұрақтарға жауап алып, кез келген мәселенің алдын алып отыруымыз керек.
Елге келетін адамды қайда жібереміз, қандай баспанамен және қалай жұмыспен қамтимыз, мемлекеттің қандай жеңілдіктеріне қол жеткізіп, қандай кәсіпке бейімдей аламыз, балаларын мектеп және балабақшаға қалай орналастырамыз деген сұрақтарға кешенді жауабымыз дайын болуы керек. Бұл – халықаралық тәжірибе негізінде жасалып жатқан жұмыстар.
– Қытай қазақтарының мәселесі қалай шешімін тауып жатыр?
– Қытайдан келген этникалық қазақтардың төңірегіндегі мәселе – негізінен қос азаматтығы үшін ұсталуы немесе Қытайдағы бауыр-туыстары, жақындары және отбасымен қосыла алмай жүргендер. Бұл мәселелер дипломатиялық жолмен шешілуі тиіс екеніне назар аударғым келеді.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметтеріне сәйкес, 2018 жылдың басынан бастап қос азаматтығы үшін күдікпен Қытай аумағында 33 Қазақстан азаматы ұсталған, оның 22-сі босатылып, елге оралды. Қазіргі уақытта Қытай аумағында ұсталып немесе шыға алмай отырған Қазақстан Республикасының 11 азаматы бар.
Екінші мәселе бойынша, 2018 жылдың басынан 2019 жылдың 5 наурызына дейін 1 410 ҚХР азаматына қатысты арыз келіп түскен.
Бұл мәселе – Сыртқы істер министрлігінің тұрақты бақылауында. Олардың мәселесін шешу бойынша министрлік қытай тарапымен тиісті келіссөздер мен консультациялар жүргізуде.
Осы ретте, ҚХР азаматтарына қатысты мәселені қытайлық тарап Қытайдың ішкі заңнамаларына сәйкес және Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қатынасты ескере отырып, тығыз ынтымақтастық негізде қарастыратынын мәлімдеген.
Министрлік тарапынан іске асырылған шаралардың нәтижесінде Қытайдан шыға алмай жүрген этникалық қазақтар (ҚХР азаматтары) Қазақстанда тұратын отбастары мен туыстарына 2018 жылдың соңынан бастап, орала бастағанына назар аударамыз. Қытайдағы «кәсіптік оқу орталықтарындағы» этникалық қазақтардың 80 пайызы босатылды.
Қытайдың Қазақстандағы дипломатиялық мекемелері (ҚХР елшілігі мен бас консулдығы) Қазақстан азаматтығын қабылдаған этникалық қазақтардың Қытай азаматтығынан шығу рәсімдерін орындауда, олардың зейнетақы мәселелерін шешіп беруде.
Осы ретте, құзырлы мемлекеттік органдар тарапынан қордаланған сұрақтар нақты түрде көтеріліп, ретімен шешімін тауып жатқанын айтқым келеді.
Сұхбаттасқан
Шыңғыс ЖӘНІБЕК