«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қазығұрт ауданын көркейту мақсатында алдымен аудан орталығы, округ орталығы, кейін жыл сайын 5 ауылды көркейтіп, абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы Қазығұрт ауданындағы жұмыс сапарында айтты.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Естайұлы Қазығұрт ауданында болып, «Аманкелді» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Қожалықтың жер көлемі – 2 322 гектар. Өндіретін өнім түрлері – I, II және III репродукциялы бидай тұқымы мен жеміс-жидек өнімдері. Онда 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Тамшылатып суару әдісімен 405 гектар алқапқа жеміс-жидек егіп отыр. Атап айтқанда, 150 гектарға – алма, 88 гектар жерге – шабдалы, 31 гектарға – шие, 94 гектарға – алхоры, 25 гектарға – өрік, 17 гектарға – алмұрт, 120 гектарға – тайфый сортындағы жүзім.
Қожалық жұмысымен танысқан аймақ басшысы өнімдерді экспорттауды қолға алу қажетін айтты.
Аудандағы сапар «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Қазығұрт ауданында іске асырылатын жобаларға арналған жиынмен жалғасты. Онда Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Телғараев бағдарлама аясында атқарылар жұмыстармен таныстырды.
«Қазығұрт ауданына «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 2019 жылы 608 млн 757 мың теңге бөлу жоспарлануда. Жолдарды орта жөндеуге – 343 млн 192 мың теңге, ал білім саласы бойынша мектептерді ағымдағы жөндеуге 37 млн 915 мың теңге қаралды. Сондай-ақ жоба аясында орталық футбол алаңы, балабақшалар, мәдениет үйі, орталық кітапхана ағымдағы жөндеуден өтеді», – деді аудан әкімі.Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан басшылығына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын қолдап, ауыл-аймақты көркейтуді тапсырды.
«Жоба жүйелі түрде іске асуы қажет. Алдымен аудан орталығы, округ орталығы, кейін жыл сайын 5 ауылды көркейтіп, абаттандыру жұмыстары жүргізілу керек. Ауылдарда нысандар көбірек салынып, көшелер жөнделіп, саябақтар саны жыл сайын артуы тиіс», – деді Өмірзақ Естайұлы.
Түркістан облысы