Шетелге турист ретінде барып, уақытша жұмыс істеп келгісі келетіндердің қарасы онсыз да көп. Талай қазақ солай жан бағып жүр деуге болады. Еңбегі қаналып, елге әрең дегенде оралатындары да бар. Жә, әңгіме ол туралы емес. Әңгіме – арамыздағы көзі ашық, көкірегі ояу жандардың адамның ақылын бағалайтын елдерге, көптеп кете бастауында болып тұр. Дамушы елден дамыған елге саналы түрде кетуді жөн көретіндер мұны әлемдік тәжірибедегі қалыпты үрдіс деп санайды. Ол да мүмкін. Бірақ ұланғайыр аумақты алып жатқан атырапта онсыз да азбыз деп жүргенде, жастардың жаппай шекара асып жатқаны жақсы құбылыс емес.
Ақыл-ой иелерінің дамушы елдерден дамыған елдерге көшуі ақыл ағыны деп аталады екен. БҰҰ есебіне сүйенсек, 2017 жылы әлемде 258 миллион мигрант тіркелген. Жаһан жұртының
3,4 пайызы өзінің тарихи Отанын тастап кеткен. Өкініштісі сол, бізде де оқып келуге, уақытша еңбек етуге емес, атажұртын артта қалдырып, шетелде біржола тұруға бел байлаған отандастарымыз көп. 2016 жылы 34 900 адам Қазақстаннан кетіп, басқа мемлекетке қоныстанса, 2017 жылы 37 704 отандасымыз шетелге басы бүтін көшіп кеткен. Былтыр бұл тізім 40 мыңға жетті.
Сарапшылар мұның бірінші себебін елдегі әлеуметтік тұрақсыздықтан көреді. Басқа елге барса, байлықтың астында қалатын көзқарас қалыптастып үлгергенін айтады. «Бұрын сыртта оқыған, елге кеп еңбек ететін білімді жастарды «Мәскеу көрген» деп құрметтеуші едік. Қазір, шүкір, ондай жастар ортамызда көп. Бірақ солардың дені елге келгесін білім алған жеріне қайта кеткісі кеп тұратын болды. Ол аздай, елдегі ақылды мамандық иелерінің де шетелге аңсары ауа бастады. Оның ең басты себебі – елдегі саясатқа көңіл толмаушылықта жатыр. Былтыр сыртқа көшкендердің ішіндегі 71,3 пайыз – орыстар, 8 пайызы – немістер, 6,6 пайызы – украйндар, 4,5 пайызы –қазақтар. Сол қазақтардың 73 пайызы 16-62 жастағы орта буындағы адамдар екен. Сарапшы ретінде айтарым, бұл үдеріске Үкімет үндемей қалуға болмайды. Тоқтам керек. Біздегі көбіне біліміне сеніп кететіндер көп. Оларды онда жібермеудің немесе сонда оқыған жастарды елге әкелудің жолын қарастыру керек. Әрине, әр адамның қайда өмір сүргісі келетінін өзі шешуге толық құқы бар. Бірақ мұның салқыны ұлтқа, мемлекетке тимей қоймайды», – дейді экономист Абай Жұмаділов.
Статистикаға сенсек, шетелге кетіп жатқандардың дені орта жастағы және білімді адамдар. Олардың ішінде техникалық білімі бар мамандар. Қоныс аударған әрбір екінші азаматтың жоғары білімі бар. Әсіресе, біздің елде қара жұмыс саналатын сантехник, электрик мамандары шетелде өте жоғары деңгейде бағаланады.
Finprom.kz порталының дерегі бойынша елден кеткендердің ішінде 3,6 мыңы – экономика мамандары, 2,8 мыңы – бизнес саласында жүргендер, 1,8 мыңы – медицина мамандары болса, 2,6 мыңы педогогика мамандары екен.
«Жоғары жалақы, жайлы өмір кімге ұнамасын?! Шетелге қоныс аударушылардың ішінде көбіне дәрігерлер, мұғалімер бар. Дені кету себебін елдегі жалақының, әлеуметтік қамқорлықтың аздығымен байланыстырады. Алайда алаңсыз өмірді армандайтындардың онда барғанмен шекесі шылқып кетеріне ешкім кепілдік бере алмайды. Екінші жағынан адамның ақылын бағалайтын қоғамнан орын алудан қорықпау да керек. Мұны отанға опасыздық деп айтуға болмайды», – дейді әлеуметтанушы Нұрсәуле Көмек.
Алғашында жақсы жұмыс ұсынып, жағдайымды жасағанда қуанып, ата-анам да бұл шешіміме риза болды. Сонда жүріп үйлендім. Ал балаларым өмірге келе бастағанда, олардың нағыз қазақ болып өспейтініне толық көзім жетті. Мұны айту үшін таңды таңға ұрып жырлау керек. Өзім де елді сағынып, Отаныма оралғым келді.
Қалай десек те, бүгінде шетелге кету идеясы ақылдылардың арасында пайда болды. Әлеуметтік желілерде қазіргі қоғамдағы көрініске көңілі толмайтындықтарын ашық білдіріп, қолдарын сілтеп отырған жұрттың қарасы қалың. Олардың дені, Америкаға, екінші кезекте Канадаға барғылары келеді.
Әсіресе, АҚШ-тың азаматтығын алғысы келетіндердің қарасы көп екен. 2017 жылы грин картаға тапсырыс бергендердің саны 60 мың болса, 2018 жылы 90 мың болған.
Ұлыбританиядағы Шеффилд университетінде оқып келген Ботагөз Маратқызы да шетелге кету ойының барын жасырмайды. «Мен көрген елдер өзіме ерекше ұнады. Батыс Еуропа, Америка сияқты елдерде өмір сүру өте ыңғайлы. Маған ондағы мәдениеттің жоғарылығы ұнады. Көп нәрсе үйрендім. Енді мен онда біржола тұруды ойламасам да, көкжиегімді кеңейту үшін барғым келді», – дейді ол.
Ал Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетінің түлегі Руслан Жақыпов Ресейде тұрған 12 жылын өз елінде өмір сүрген 6 аймен алмастыра алмайды. «Алғашында жақсы жұмыс ұсынып, жағдайымды жасағанда қуанып, ата-анам да бұл шешіміме риза болды. Сонда жүріп үйлендім. Ал балаларым өмірге келе бастағанда, олардың нағыз қазақ болып өспейтініне толық көзім жетті. Мұны айту үшін таңды таңға ұрып жырлау керек. Өзім де елді сағынып, Отаныма оралғым келді. Әлі де кеш емес деп ойлаймын. Үш баламның осы елдің азаматы, қожайыны екенін сезініп қоймай адал еңбек еткенін қалаймын. Болашақта балаларымның шетелде білім алғанына қарсы болмасам да, онда тұруына жол бермес едім. Өйткені олар өркениетті, азат қоғамда өмір сүргенімен, бөтен елге сіңіп кете алмас еді», – дейді.
Тағы бір қызық дерекке тоқталайық. Тектанушы Әлия Сағымбаева газетімізге берген сұхбатында осы мәселенің бір ұшын тарқатқатқандай болды.
«Бүгінгі таңда, әсіресе, жастар арасында шетелге қоныс аударғысы келетін, шетелде білім алуды армандайтындар көбейді. Мұндай ой, көп жағдайда, кезінде саяси қуғын-сүргін көргендердің ұрпақтарына тән екен. Қиыны сол, олар шетелге барғанда да сол елдің билігімен келісімде өмір сүре алмайды. Себебі, ол елден қашқанымен, генде қалған ақпараттан құтылмаған», – дейді Әлия Сағымбаева.
«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген мақалға да ойлана қарай бастадық. Жыл сайын мына қарқынмен көшкен қазақтарға қарап, өзге елде сұлтан болғысы келетіндердің қарасы көбейіп кеткендігін көреміз.
Сарапшылар олар бәрібір ойлануы керек екенін ескертіп отыр.
P.S.
Әйгілі неміс физигі, Нобель сыйлығының иегері Ханс Йенсен: «Елден ғалымдар, инженерлер, дәрігерлер, ақыл-ой иелері кетсе, сол елдің сәні – интеллигенция құриды. Ондай елде бизнесмендер билікке келеді, көшедегі кім көрінген саясаткер атанады. Ал әртістер мен спортшылар, базардағы алыпсатарлар депутат болады», – депті. Бұл да сол заманда дамушы елден үдере көшкен зиялыларға арналған алаңдау сөз деп ұқтық.
Қасіреті сол, біз осының сәл-ақ алдында тұрмыз...