Алматы облысындағы коронавирусқа шалдыққандар қатары бірден тоғыз адамға артып, қазіргі кезде Жетісу жерінде қауіпті дерттің құрығына түскендер саны 21-ге жетті. Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, тоғыз науқас та Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары. Барлығы да бір кездегі саяжай алаптарына орналасқан елді мекендерден табылып отыр. Осыған байланысты дереу жедел шаралар қолданылып, аудандағы төрт бірдей саяжай бірден карантинге жабылды.
– Кеше диагнозы расталған 11-ші пациентпен байланыста болған азаматтар провизорлық госпитальға жатқызылып, олардан сол мезетте анализ алынған болатын. Қорытындысы бүгін шықты және ауданда тағы 9 адамның індет жұқтырғаны анықталды. Облыстық штабтың келісімімен Еңбекшіқазақ ауданындағы төрт саяжай алабы – «Алтын адам», «Көксай», «Алтын алма» және «Береке» карантинге жабылды. Облыс əкімінің тапсырмасымен тұрғындардың тізімі жасалды, қажетіне қарай олар азық-түлікпен және қызмет түрлерімен қамтамасыз етіледі, – дейді Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Қалыптасқан күрделі жағдайға байланысты Еңбекшіқазақ ауданының бас санитар дәрігері қаулы қабылдады. Қазір карантин режимін қатаң сақтауды қамтамасыз ететін қызметтер өз міндеттерін орындауға жұмылдырылды. Соңғы анықталған 9 адам да коронавирус жұқтырған 11-ші науқастың жақын туыстары. Сондықтан аралас-құралас барысында барлық азаматтың сақ болғаны жөн. Бүгінге дейін Алматы облысында коронавирустың 12 жағдайы тіркелген болатын. Солардың ішінде қауіпті індет жұқтырған Есік қаласының тұрғыны, яғни облыстағы 11-ші науқаспен байланыста болғандар қатарында Талғар ауданының тұрғыны да бар еді. Осылайша, 12 сәуірде Алматы облысында коронавирус инфекциясының 21 жағдайы тіркелді. Оның 10-ы Еңбекшіқазақ ауданынан шықты.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы