Жеңіс күнін тойлау қарсаңында Нью-Йорктегі БҰҰ-ның штаб-пәтерінде Ұлы Отан соғысының батыр әйелдеріне арналған фотокөрме ашылды. Көрме Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстанның тұрақты өкілдіктерінің қатысуымен ұйымдастырылды.
Іс-шараның құрметті қонақтары ретінде БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш және Нью-Йоркте тұратын Ұлы Отан соғысының ардагерлері қатысты.
Көрменің ашылу салтанатында А. Гутерриш сөз сөйлеп, соғыс тарихы «әйелдің де хикаясы» деп атап өтті. «Әйелдердің соғыс әрекеттеріне қосқан үлесі медбикелер сияқты дәстүрлі функциялармен шектелмеген. Осы көрмеде біз фабрикаларда жұмыс істеген, жүк көліктерді жүргізген және алдыңғы шепте медициналық көмек көрсеткен әйелдерді көріп отырмыз. Көптеген әйелдер ұшқыштар мен зенитшілер ретінде жауынгерлік мақсаттарын орындады. Бұл бізге әйелдердің қолынан барлығынын келетінін тағы да дәлелдейді», – деп баса айтты БҰҰ-ның Бас хатшысы.
Қазақстандық стендтерде ҚР Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейінің жәрдемімен Ұлы Отан соғысына қатысқан Қазақстан батыр әйелдерінің фотосуреттері ұсынылды. Олардың қатарында Кеңес Одағының Батырлары Әлия Молдағұлова және Мәншүк Мәметова, ұшқыш Хиуаз Доспанова, зенитші Ажар Оразғалиева, партизан Нұрғаным Бәйсейітова және тағы басқалар бар.
Ашылу салтанатына шетелдік дипломаттар мен БҰҰ Хатшылығының қызметкерлері қатысты.