Алматыда BI GROUP компаниясы салатын аурухана қорымның үстіне салынбақ па? Тарихшы Нұрлан Атығаев facebook парақшасында: «Егер құрылыс ЖЭО-2 ауданында болса, онда бұл он қорғаннан тұратын қорымның аумағы дейді. Бұл орын Алматы қаласы әкімдігінің 2010 жылғы 10 қарашадағы №4/840 қаулысымен Алматы қаласындағы жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштердің мемлекеттік тізіміне енгізілді. Ескерткіш ерте темір дәуіріне жатады және ЖЭО-2-ден шығысқа қарай 1,2 км жерде, «Западное» зиратына баратын жолдағы алаңда жатыр. Ең үлкенінің биіктігі – 7 м, диаметрі 100 м, айналасын тас сақиналар қоршаған. Қалғандары биіктігі 2-ден 4 м-ге дейін, диаметрі 30-дан 50 м-ге дейін. Мұнда бір ғана қорған емес, киелі ескерткіштер тізіміне енген қорымдар қорғаны бар. Сондықтан ескерткіштері қорғалатын аумақта мұндай жұмыстарды жүргізу мүмкін емес. Компанияның тарихи және мәдени ескерткіштермен жұмыс істеуге лицензиясы бар ма?» деп жазады. Тарихшы бұл қорғанның тарихи және мәдени ескерткіш ретінде тізімге енгенін айтып отыр. «Әр қорғанды бөлек тізімдей алмадым. Өйткені бұл қорғанды бүкіл аумақ толығымен сақталуы үшін жасадым. Ескерткіштің қорғау аумағында мұндай құрылыс жұмыстары жүргізілмеу керек» дейді. Естеріңізге салайық, Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкентте тез салынатын инфекциялық ауруханалар тұрғызылмақ. Аты жаман індетке шалдыққандарды өзгелерден оқшаулау үшін салынғалы жатқан ауруханалар науқастардың тезірек ем-дом алып шығуына мүмкіндік береді деген үміт бар. Өйткені бұл ауруханалар арнайы ауа баптағыш және желдеткіш жүйеге қосылады. Бұл медициналық қызметкерлер арасында да ауру жұқтыру әсерін азайтуға мүмкіндік туғызады. Айта кетейік, BI Group компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев «елдегі қиын жағдайды пайдаланып, арнайы инфекциялық аурухана салып, байымақ» деп қауесет таратқандарды сотқа берді.