Бүгінде Nur Otan партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» әлеуметтік қайырымдылық жобасы аясында ашылған Қарағанды облысындағы Достық үйінде ардагерлерге арналған «Белсенді өмір сүру орталығы» үлкен маңызға ие. Мекемеде мәдени-рухани клубтар, тіл үйрету және компьютерлік сыныптар жұмыс істейді. Аталған мекемеде зейнет жасындағы қариялар шахмат ойнап, кітап оқып, домбыра тартып, қолөнермен шұғылданады, тіпті фитнес залында жаттығулар жасай алады.
Орталықтың жұмысымен Мәжіліс депутаты Арман Қожахметов танысып қайтты. Ол өз кезегінде денсаулықты нығайтуға орталықтың көмегі көп екенін жеткізді.
Nur Otan партиясы Қазыбек би аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Алма Бектұрова мен Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдык келісім» коммуналдық кәсіпорнының директоры Ерлан Құсайын зейнеткерлердің уақытын тиімді өткізуде таптырмас орын саналатын мекемеде барлық жағдай жасалғанын ерекше айтып өтті.
– Орталықтың басты мақсаты – зейнет жасындағы адамдарды белсенді өмірге тарту және ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ету. Зейнеткерлердің йогамен, аэробикамен айналысуы үшін фитнес зал, шахмат пен тоғызқұмалақ ойнайтын бөлмелер, домино, кинотеатрлар, компьютерлік сыныптар, қолөнер клубтары жұмыс істейді. Мұнда сондай-ақ, апта сайын тегін заңгерлік, психологиялық, медициналық консультациялар, мотивациялық семинарлар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады, – деді Алма Бектұрова.
Мәжіліс депутаты Арман Қожахметов те кездесу барысында осындай орталықтарды Қазақстанның әрбір қаласында ашу керек екенін тілге тиек етті.
Ұжым басшылығы алдағы уақытта өмір сапасын жақсартып, қаладағы қариялардың қарттық кезеңін белсенді өткізуіне арналған орынға келетіндердің қатары көбейетініне сенімді.
Шара соңында Мәжіліс депутаты Арман Қожахметов қонақтар кітабына пікір қалдырып, орталық жұмысына оң бағасын берді.