Ұлы Абайдың айтқан сөзі тап қазіргі жағдайға қатысты дөп келетіндей. Астанада мерт болған балалар өлімінен кейін әлеуметтік желілерде, БАҚ-та көпшіліктің көкейінде жүрген көптеген мәселе қалқып шығып жатыр.
Соның ішіндегі ең негізгісі – көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақының аздығы, бала туғаны үшін берілетін бір реттік жәрдемақы мен жөргекпұлдың төмендігі. Көпбалалы аналарды баспанамен қамту да өзекті мәселе. Мұның бәрі баспасөзде талай рет жазылып, көтеріліп келе жатыр. Әйтсе де, осы ахуалды көріп тұрса да әлсіз топтың жанайқайына аттан қосып, жағдайды ушықтыра түскісі келетіндер де төбе көрсетіп қалады. Жөні мен жосығы бар, бірталайдан қордаланған мәселенің уыты ортақ шаңырағымыздың уығын шытынатпауы қажет. «Біздің мұң мен зарымызды жоғары жақ естімейді» деген алаң көңіл аналардың біразында бар сияқты. Байыптап қарасақ, мұның жалпылама сипаттағы сөз екенін аңғаруға болады. «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері атап көрсетілді. Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын одан ары арттыру туралы нақты міндеттер қойды. Мемлекет басшысы Үкіметке 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге дейін көтеруге тапсырма берді. Бұл түрлі салада еңбек ететін 1 миллион 300 адамның әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бюджеттік ұйым қызметкерлерінің еңбекақыларын 35 пайызға дейін көтеру тапсырылды. Сонымен қатар Президент шағын және орта бизнесті дамыту мәселесін қозғап, бұл бағытқа 30 миллиард теңге қаражат бөлінсін дегенді айтты. Бизнесті дамытудың 2050 жылға дейінгі жоспары бойынша 22 мың азамат тұрақты жұмыспен қамтылуы тиіс. Мемлекет басшысы әлеуметтік саланы жаңғырту және халықтың аз қамтылған тобына қолдау көрсету шараларын тиімді жүзеге асыруға үнемі көңіл бөліп келеді. Ақпан айының басында Президент азаматтардың табысын арттыру, тұрмыс сапасын жақсарту және көпбалалы отбасыларға қолдау шараларын күшейту жөніндегі жұмыс тобын құру туралы тапсырма берді. Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етуге басымдық бере отырып, барлық деңгейдегі бюджеттік шығыстардың басымдықтарын қайта қарау қажетін көрсетті. Бірінші кезекте атаулы әлеуметтік көмек алуға қолжетімділікті жеңілдету және көпбалалы отбасылар үшін жәрдемақы төлемдерін жетілдіру, сонымен қатар айрықша қажеттігі бар көпбалалы отбасыларға муниципалды жалдамалы пәтерлердің қолжетімдігін арттыру мүмкіндігін қарастыру шараларын қабылдауды тапсырды. Елбасы тапсырмасынан кейін бірқатар өңірлердің және республикалық маңызы бар қалалардың басшылары көпбалалы отбасыларға және өзге де көмекке мұқтаж азаматтарға нақты көмек көрсету үшін қосымша мүмкіндіктер мен қаржы көзін тапты. Астанада 4 және одан да көп бала тәрбиелеп отырған 10 095 отбасы тұрады екен. Астана әкімі Бақыт Сұлтанов қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жұмыс тобының отырысын өткізді. Әкім «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қиындықтарға тап болған әрбір отбасыға әлеуметтік қолдау мен атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді тапсырды. Нәтижесінде, аса мұқтаж отбасылардың деректер базасы жасалды. Бірінші кезеңде шұғыл түрде азық-түлік, көмір, мектеп керек-жарақтарымен қамтылып, ақпараттық-түсіндіру кеңестері өткізілді. Әрбір отбасын қолдау бойынша жеке шаралар жоспары әзірленді. Қызылорда облысы – 2014 жылдан бастап 520 түлекке Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында Ресейдің грантымен оқуын ұйымдастырған еліміздегі бірден-бір аймақ. 2013 жылдан бастап көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың, әсіресе, ауылдық жерден шыққан талапты балаларды оқытуға облыс әкімінің арнайы гранты тағайындалған. 2018 жылы аталған грант саны 2 есеге артып, 205-ке жетті. Қазір 900 білімпаз аймақта еңбек ресурстары балансына сәйкес облысқа қажетті мамандықтар бойынша еліміздің белді жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев халық алдындағы есеп беруде қысқа мерзімде көпбалалы отбасыларды, жетім балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша арнайы өңірлік бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Астанадағы қайғылы жағдайдан кейін «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «Осындай қасірет қайталанбауы үшін әрекет етуіміз керек. Бұл жайт қоғамдағы кейбір өзекті мәселелерді кезек күттірмей шешуді қажет ететінін көрсетіп берді. Шын мәнінде, көпбалалы отбасыларға жүйелі қолдау көрсету, жұмыс істейтін аналарға лайықты жағдай жасау және балалар құқығын қорғау мәселесінде әлі де болса жетілдіретін тұстардың бар екені сөзсіз. Сондықтан да халықтың жәрдемақы, баспана мәселесіне қатысты айтып, жазып жатқан сөздері орынды», – деп жәрдемақы, баспана мәселесін үкіметпен бірлесе отырып шешу үшін «Нұр Отан» партиясының жанынан Балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңес құру туралы шешім қабылданғанын мәлімдеген болатын. Қазір бұл бағытта жүйелі жұмыс басталды. Президент Әкімшілігі Мемлекет басшысы жүктеген міндеттердің орындалу барысын қатаң қадағалап отыр. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, өңір әкімдері көпбалалы аналардың әлеуметтік жағдайын жақсарту ісін назарда тұрақты ұстайтын болады. Әлеуметтік жағынан осал отбасыларды және көмекке аса мұқтаж, оның ішінде көпбалалы отбасыларды муниципалдық тұрғын үймен қамтамасыз ету де өткір мәселе. Баспана алу кезегі жылдар бойы жылжымайды. Азаматтардың табысы пәтер алуға несие алу үшін жеткіліксіз, соның салдарынан 15-20 мың теңгеге бөлме жалдап, жатақханалар немесе заңсыз құрылыстарда тұрып жатқан азаматтар қатары аз емес. Көпбалалы отбасылар мен басқа да азаматтардың өтініштері мен талап-тілектерін жедел талдауға не кедергі? Азаматтардың тұрғын үй кезегі ашық болуы тиіс. Көп ретте осы ашықтық үрдісі болмаған соң «бармақ басты, көз қыстыға» жол беріледі. Жылдар бойы кезегі бір саты алға жылжымаған соң, көпбалалы аналар ашынбағанда қайтеді? Сөз басында Абай атамыздың «Қайғы келсе, қарсы тұр, құлай берме» деген сөзін келтірдік. Бізге бір нәрсені қаперде анық ұстау керек: өз игілігімізді өзіміз жасаймыз, сырттан келіп біреу жағдай жасап бермейді; ел – ортақ, мемлекет – ортақ, жер – ортақ, ендеше, «әрекетке – берекет» деген, қапы қалмайық, қарап отырмайық, қамсыз қалмайық!