Жеңіс күні қарсаңында Маңғыстау облысының әкімі, Nur Otan партиясы облыстық филиалының төрағасы Ералы Тоғжанов соғыс және тыл ардагерлерінің шаңырағында болып, қарияларды мерекемен құттықтады. Батыс Қазақстан облысының тумасы, бүгінде Маңғыстау өңірінде тұрып жатқан 96 жастағы кейуана Қамқа Үмбеталина әскер қатарына 1942 жылы шақыртылыпты. Ол соғыс кезінде №9 әуе әскерінің бірінші Қиыр Шығыс майданында ұшқыш болған. Елге оралған соң көп жыл мұнай саласында еңбек етіп, абыройлы зейнетке шыққан.
Сұрапыл соғыс жылдары тылда еңбек еткен жандар да ешқашан ұмыт қалған емес. Сондай кейіпкерлердің бірі Табын Оржанов та – тыл ардагері.
Болашақ ұрпаққа бейбіт ғұмыр сыйлаған Қамқа Үмбеталина мен Табын Оржановпен емен-жарқын әңгімелескен аймақ басшысы өзінің жылы лебізін білдірді. Ол сондай-ақ ардагерлердің Отан қорғаудағы ерлігі бүгінгі ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеудің діңгегі екенін айта келе, Жеңістің әлем үшін маңызына тоқталды.
– Өскелең ұрпақ жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің ауызбіршілігі мен ерлігі, ерекше табандылығы мен Отанға деген ыстық сезімінің арқасында жеңіске қол жеткізгенімізді білуі тиіс, – деді әкім Ералы Тоғжанов.
Өз кезегінде, ардагерлер де естеліктерімен бөлісіп, ізгі тілегін жеткізді.