Фотокөрме өтті

Фотокөрме өтті

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы ұсынған кандидат Төлеутай Рахымбековтің сайлауалды штабының өкілдері үгіт-насихат науқаны аясында фотокөрме ұйымдастырды. Елорда төріне шалғайдағы елдімекен тұрмысынан сыр шертетін суреттер қойылып, қала тұрғындарының жақынырақ танысуына мүмкіндік жасалды.

Көпшілік назарына ұсынылған туынды­ларда ауылдың қазіргі тұрмыс-тіршілігі, бет-бейнесі және әлеуметтік мәселелері керемет көрініс тапқан. Шара аясында кан­дидаттың сайлауалды бағдарламасы да таныс­тырылды.

– Бұл фотосуреттерден ауыл тіршілігін жан-жақты көруге болады. Бәрі бар. Ауылдағы тірлік. Балалар өмірі. Үлкендер мен жастар арасындағы қарым-қатынас. Кейбір әлеуметтік мәселелер. Әрине, осы фотосуреттердің негізгі жиынында, негізгі мазмұнында біздің кандида­тымыздың бағдарламалық мақсаттарымен үлкен сәйкестік, үлкен үйлесім бар, – дейді «Ауыл» ХДПП Орталық аппаратының жетекшісі Қуаныш Сейтжанов.

Елордадағы көрмеге республикалық жарыста үздік атанған туындылар қойылды. Яғни, осы мақсатта бірер ай бұрын «Ауыл» пар­тиясы арнайы байқау жариялап, оған еліміздің барлық аймағынан 300-ден аса фотосурет келіп түскен еді. Араларынан ең үздік деп таныл­ғандары көпшілік назарына ұсынылып отыр. Президенттікке үміткер Төлеутай Рахым­бековтің сайлауалды бағдарламасы осындай ауылдардағы тұрмысты жақсартып, әлеуетін арттыруға бағытталған.

Бұған қоса, шалғай елдімекендердегі рухани құндылықтарды сақтау, ұлттық дәстүрді дәріптеу және жастармен жүйелі жұмыс істеу сияқты мәселелерді де қамтиды. Кадидаттың өзі сайлауалды бағдарламасын жақын күндері өңірлерге жасайтын сапарында кеңінен та­ныстырмақ.


Айдана БЕГІМ