Жер бетіндегі жаратылысты сұлулықпен суреттеген Жаратқанның шеберлігіне шек келтіре алмаспыз. Тұмса табиғаттың көркемдігін көзбен көріп, жүрекпен қабылдау әр пенденің қолынан келе бермейді. Алайда сол табиғат пен адамзаттың жан дүниесі бітеқайнасып кеткен. Табиғат ананың мұңын сезіп, майын тамызып қарапайым халыққа жеткізетін ақын мен суретшілер секілді. Сол әдемілікті қызықтауға Алакөлде Алматы облысының әкімшілігі мен Туризм басқармасының бірлесуімен ұйымдастырылған «Алакөл қанаты» атты құстар фестивалі мүмкіндік берді. Бұл фестиваль бірнеше жыл қатарынан өткізіліп келеді. Ұйымдастырушылар негізінен орнотологиялық туризм саласын дамытуға күш салып жатыр. Міне, келген қонақтарды Алакөл табиғи-климаттық шипажайдың «Пеликан» демалыс орталығы жылы қарсы алды.
«Алакөл қанаты» – құстарды бақылайтын Қазақстандағы жалғыз фестиваль. Олардың қоныстанған жерінің өзі бір ғанибет. Жазық дала мен тау бөктері қосылып, тарихы тылсымға толы Алакөл көліне тоғысқан – бейне бір жер жаннаты. Фестивальдің бағдарламасы бойынша маңайдағы әртүрлі тіршілік ортасын саяхаттап, сондағы құстардың тіршілігін бақылауға болды. Оның ішінде жағалау да, жазық дала да, тау да бар. Әрбір тіршілігі бар ортаның өзінің мекендейтін құсы болады, сонысымен әр жер өзінше қызық.
– Құстар фестивалі негізі құстардың жер аударуына байланысты осы аралықта ұйымдастырылады. Оның басым бөлігі осы кезде жұмыртқа салып, махаббат ойындарын ойнайтын кезең. Арасында қоректеніп, алыс жолға күш жинайтыны да бар. Міне, осы кезде құстарды бақылауға мүмкіндік болады. Ресейден келген сібірліктер үлкен, кіші аралдарға бармай-ақ демалыс орынның өзінде құстың көбін көргенін айтты. Қызығы, біздегі құстар жиынтығы олардікінен мүлдем басқа. Жалпы, құстар – экология мен өмірдің индикаторы. Мәселен, соғыс болып жатқан Сирия, Ирак сияқты елдерден ұшып, жол тізбегін салмайды. Тіпті жол салғанның өзінде бағытты өзгертіп салады. Соғыс аяқталса да біраз уақыт ол елдің үстінен ұшпайды, – дейді фестиваль ұйымдастырушысы Наталья Боровая.
Оның айтуынша, Алакөлге қонып, ары қарай Үндістанға, Африкаға ұшып кететін тырналар бар. Ресейдің кейбір жерінде жылы жақтан ұшып келген құстар мекендейтін көлдер болады. Суы қатпағандықтан құстарға өте қолайлы. Ал бізде қыс қатты болғандықтан құстың көбі тұрақтамай, ұшып кетеді екен. Құстарға қызығушылық болу үшін бірқазан, шағала, тырна секілді ірі құсты көру керек. Қызыққа кіріп кеткен соң, құстар өміріңе айналады. «Құс – бәрімізге ортақ. Ол мына елде ұя салады, мына елде мекендейді деп бөліп жармайды. Сондықтан халықаралық ұйымдар да халықаралық бағдарламаларды жасайды. Мысалы, Қазақстандағы орнитологиялық аймақтың бәрі халықаралық деңгейде бекітілген. Мәселен, релипті шағала әлемде үш-ақ жерде ұя салады. Олар: Моңғолияның Эдзингол көлі, Бурятияның Борей-Турей көлі және Алакөл. Бұл – қызыл кітапқа енген, сирек құс. Ұя салуға Алакөлге келіп, жаз бойы болады. Көбіне көл шағаласынан бірге жүргендіктен оны ажырату қиын.
Алакөл қорығында 120-ға жуық құстың түрі бар болып есептеледі. Ол тек суда мекендейтіндер ғана, ал тау, жазық далада қаншама?! Былтыр санақ жасағанымызда құстың 80 түрі болды. Сондықтан құстың 200-ге жуық түрін көруге болады», – деді Наталья Боровая.
Фестиваль аясында Алматы облысының әкімдігі мен Туризм басқармасының бірлесуімен «Жағажайлық емес кезеңдегі демалыс орындарының жұмыс істеу мүмкіндіктері» атты тегін екі күндік семинар өтті. Семинарға Алакөл жағалауындағы демалыс орындарының қызметкері мен Ақши және Көктума ауылындағы қонақүй иелері қатысып, пікір алмасты. Оған қоса, екі күн қатарынан отандық дизайнерлер мен қолөнершілердің туындылары «Құстар жәрмеңкесі» атты көрмеде көрсетілді.
– Өзім алматылықпын. Қолданбалы өнермен бала кезден айналысамын. Түрлі-түсті темір, сүйек-саяқ, ағаш сияқты таза материалдармен жұмыс істеймін. Бұл фестивальге бірінші рет қатысып отырмын. Бірақ жаныма, шығармашылығыма жақын адамдарды таптым, – дейді қолөнерші Сергей Черкашин. Ал Лариса Аюткина болса, кішкентай қуыршақтарды мың теңгеге бағалаған. «Жұмыстың ақысы көлеміне байланысты. Мысалы, қуыршақтар мың теңге болса, одан үлкен жұмыстар – 25 мың теңге. Оларды пластика-соғу арқылы жасаймын. Онда да ақша табу үшін емес, шығармашылық еркіндік. Бір сөзбен айтқанда, ой еркіндігі керек. Бір кезде құлдарды жасадым, көңілім соны қалады. Мәселен, көңіл күйің болмаса, қуыршақ жасауға да ниетің болмайды. Сондықтан жаның нені қалайды соны істеген дұрыс. Ал жұмыстарымды көңілінен орын тапқандар алатынын жеткізді ол. Бұдан басқа суретші-сиқыршы қонақтарға өзінің алуан түрлі бас киім коллекциясын ұсынды.
«Северный ветер» және «Аквафон» тобының қатысуымен Алакөл жағасындағы кештер қызықты өтті. Бардтық концертпен бірге Алакөл жайында фильм де көрсетілді. «Құстай самғау» атты психолог Наталья Имтосимнің психологиялық тренингіне қатысуға мүмкіндік туды. Сонымен бірге, италиялық суретші, «Италия» білім орталығының директоры Кармин Барборадан майлы бояумен кенепке сурет салуды үйретіп, қатысушыларға сабақ берді. Сонымен бірге, Алакөлдегі аралтөбелерге барып, ондағы тіршілікпен танысуға мүмкіндік болды.
Фото: Юрия Беккера