«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірер күн бұрын отандық бизнесті бірге дамыту туралы келісімге қол қойды. Қордың басқарма төрағасы Ахметжан Есімов пен «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы Тимур Құлыбаев қол қойған келісімшарт өндірістік кәсіпорындарға Қор компанияларымен ұзақ-мерзімді келісімшарт жасауға, бизнестің дамуын қамтамасыз етуге және отандық өндірушілерді қолдау үшін тиімді шешім қабылдауға бағытталған.
– Отандық тауар өндірушілерді қолдау – «Самұрық-Қазына» АҚ сатып алу жүйесін дамытудағы негізгі мақсаттардың бірі. Қазақстандық тауар өндірушілердің дамуының арқасында Қор компаниялары сапалы тауарды тиімді бағамен сатып алып жатыр, соның арқасында сатып алуға бөлінген қаражат айтарлықтай үнемделіп келеді, – деді Аметжан Есімов қол қою рәсімінен кейін.
Оның айтуынша, келісімшарт шеңберінде жаңа өндірістерді қолдауға бағытталған, кем дегенде, 10 оффтейк-келісім жасау жоспарланған. Осы тұста айта кетсек, Қор мен «Атамекен» ұлттық палатасы жаңа өндірістерді қолдауға бағытталған жаңа механизм – оффтейк келісімдер жасауды өткен жылы енгізген болатын. Аталған механизмнің арқасында кәсіпкер әлі өндіріле қоймаған тауарға ұзақ мерзімді тапсырыс алады. Ол тапсырысты алу үшін қойылатын негізгі талап – Қазақстанда сол тауардың балама өндірістері болмау керек.
Қор мен Палата басшылары өндірісті жаңғыртуға бағытталған ұзақмерзімді келісімдер жасау механизмінің тиімділігіне сенеді. Сондай жаңа механизмнің бірі – «Атамекен» палатасы құратын «Сатып алудың бірыңғай терезесі». Аталған құрал бизнеске нарықтың ауқымын шамалауға мүмкіндік береді, сатып алу үдерісінің жариялығын арттырып, тәуекелдерді азайтады.
«Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы Тимур Құлыбаевтың айтуынша, ұсынылып отырған қолдау шаралары адал бизнеске арналған.
– Кәсіпкерлер өз кезегінде жергілікті өндірісті жаңғырту және цифрландыру бойынша ұсыныс енгізуі керек. Келісімде қарастарылған бастамалардың іске асуы отандық өнеркәсіптердің жаңа технологияларды игеріп, қосымша құны жоғары тауарларды өндіріп, көрші елдер нарығына шығуына жағдай тудыратынына сенімдімін, – деді ол.
Келісім шеңберінде отандық бизнесті қолдауға бағытталған бірқатар шара жоспарланып отыр. Биыл Қор, «Атамекен» және салалық қауымдастықтардың қатысуымен импорттың орнын алмастыру мақсатында «қарапайым заттар экономикасының» (жеңіл өнеркәсіп, жиһаз құрастыру, азық-түлік өнеркәсібі, құрылыс материалдарын шығару, машина құрастыру) өнімдерін арттыруға бағытталған Жоба кеңсесі ашылады. Кеңсе сараптамасына сүйене отырып, «Атамекен» палатасы импорттың орнын алмастыру әлеуетін анықтап, отандық өндірушілерді қолдау мен дамытудың нақты стратегиясын құрастырады. «Атамекен» палатасы индустриалды сертификат енгізу шеңберінде отандық өндірушілер шығаратын тауарлардың түгел қамтылуын қамтамасыз етеді. Аталған сертификаттары бар өндірушілер алдын ала квалификациялық іріктеуден өткенде қосымша 20 пайыз балл алады.
Айта кетсек, жыл басында Қор мен «Атамекен» ҰКП «Кабельдік-өткізгіш өнім» және «Арнайы аяқкиім» санаттары бойынша сатып алу стратегияларын бекітті. Бұл стратегиялар бойынша Қордың сатып алуларындағы үнемдеу 439 млн теңге болады деп көзделіп отыр. Сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтың арқасында жоғары вольтты трансформаторлар өндіретін «Азия-Траффо» зауыты бұрын Қытай, Ресей мен Украинадан сатып алынған құрылғыларды өндіре бастады. Бұл жобалар ішкі инвестицияны арттырып, 200-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді.
Бұған дейін «Қордың тауар, еңбек және қызмет сатып алу ережелеріне» Қор ішіндегі сатып алу үлесін азайтуға бағытталған өзгерістер енгізілген болатын. Осылайша, ашық тендер арқылы сатып алынатын өнім көлемі 387 млрд теңгеден 1 трлн теңгеге дейін жетті. 2018 жылы Қор ішіндегі сатып алулар барлық сатып алудың 90 пайызы немесе 3 трлн теңгені құрады.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша, сатып алудағы үнемдеу 121 млрд теңгені құрады. Холдингаралық сатып алулардың көлемі 4 500 тауар позициясынан 409-ға дейін қысқарды, яғни құны 309 млрд теңге болатын сатып алулар бәсекелес ортаға берілді. Жаңа тәсіл 22 млрд теңгені үнемдеуге жол ашты. Сонымен қатар 8 000 кәсіпкерлік субъектісі қосымша тапсырыс алды. Биыл жаңа тәсілдердің арқасында үнемдеу көлемін 146 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланып отыр.