Көгалдандыруға үлес қосты

Көгалдандыруға үлес қосты

Әміржан Қосановтың сайлауалды штабының мүшелері кеше Өскемен қаласында үгіт-насихат жұмыстарын жалғастырды. Атап айтқанда, штаб белсенділері облыс орталығының дамып келе жатқан ауданында «Қаланы көгалдандыру» шарасын өткізді.

Абаттандыру шарасы барысында, облыстық штабтың басшысының қатысуымен қала тұрғындары арасында сайлау алдындағы үгіт-насихатын жүргізіліп, жаңа ауданда ағаштар отырғызылды.

Сонымен қатар, кейбір тұрғындар кан­дидаттың сайлауалды тұғырнамасының бағыттарымен танысып, штаб белсенділерінің қаланы көгалдандыруға арналған бағыттарын құптады.

Ал ҚР президентіне кандидат Әміржан Қосанов үгіт-насихат жұмысын әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы жалғастырды. Трансляциялар Instagram, Facebook және YouTube желілерінде өтті және жарты сағатқа созылды. Кандидат өзінің сайлауалды тұғыр­намасында көрініс тапқан «Саяси бостан­дықтар» тақырыбында сөз сөйледі. Хабар та­рату бұл жолы орыс тілінде сөйлейтін аудито­рияға арналды. Себебі, өткен эфирде бұл тақырып бойынша ол қазақтілді аудитория үшін сөз сөйлеген болатын. Кандидат, сондай-ақ қолданушылардың саяси-әлеуметтік сұрақтарына жауап беріп, олар атаған мәселелер туралы пікір білдірді.

ҚР президентіне үміткер Әміржан Қосановтың республикалық штабына ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқық­тары бюросы келіп, штаб жұмысымен танысты. Кездесу кезінде кандидат сайлауалды плат­фор­ма­сындағы негізгі бағыттар, өңір­лердегі жұмыс және өз жоспарлары туралы айтып берді.

 

Айдана БЕГІМ