Өз күші мен келешегіне сенімді

Өз күші мен келешегіне сенімді

Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Ар­мения президенті Армен Саркисянмен кездесті. Армян елінің бас­шы­сы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­шы­лығымен мемлекетіміз қол жеткізген жетістіктерге жоғары баға береді.

Мәртебелі мейман «маңызды шешім­дер қабылдаудағы Елба­сының даналығы мен халқын алға бастаудағы қарқынды істерін» атап өтті.

Өз кезегінде Д.Назарбаева Ас­тана экономикалық форумы­на белсенді қа­тысқаны және Еуразиялық медиа форумға тұрақты қолдау көрсеткені үшін А.Сар­кисянға алғыс білдірді.

– Еуразиялық медиа форум­ға сіздің қатысуыңыз баршаға ортақ тосынсый болады. Сіз «ме­диа форумның әкесі» саналасыз және медиа қоғам­дастығының батыс бөлігі ара­сында оны ілгерілету үшін көп­теген іс атқардыңыз, – деді қазақ­стандық парламенттің жоғарғы пала­тасының басшысы.

Армения президенті еліндегі ішкі саяси жағдай туралы ха­бардар ете келе, қазіргі күрделі мәселелерді еңсеру және даму­дың жаңа жолына шығу үшін Армения халқының мүмкіндігі жеткілікті екенін баса айтты.

Сенат төрағасы Армения транзит ­ке­зеңін еңсеретініне се­нім білдірді, сондай-ақ еліміздегі маңызды саяси оқиғалар туралы А.Саркисянға әңгіме­леп берді. Да­риға Назарбаева Қазақстан хал­қы бо­лашаққа зор сеніммен қарай­тынын жеткізді.

– Бейбітшілік пен тұрақты­лықты сақ­тау және Елбасының стратегиялық бағы­тын жалғас­тыру – басты міндет! – деді ол.

Сенат басшысы Арменияның Ұлттық жиналысымен ынтымақ­тастықты одан ары дамытуға мүдделілік білдірді. Д.Назарбае­ваның пікірінше, заң шығару қызметі бойынша тәжірибе ал­масу және екіжақты қарым-қа­тынастарды кеңейту жолдары туралы пікірлесу арқылы пар­ламенттік достық топтарының әлеуетін белсенді пайдалану қажет.

Тараптар ынтымақтастық­тың келешегі зор салаларын тал­қылады. Армения президенті Ереванның жасанды интеллект пен IT технологияларды дамыту, тамақ қа­уіп­сіздігін қамтамасыз етудегі тәжі­ри­бесімен бөлісуге дайын екенін мәлім етті.

Сенат төрағасы шетелдегі армян диаспорасын ҚХР, Ресей және басқа да елімізбен шекте­сетін үшінші мемле­кеттермен сауда жасаудағы артықшы­лық­тарды пайдаланып, Қазақстанға инвес­тиция салуға шақырды.


Елдос СЕНБАЙ