Зиялы қауыммен жүздесті

Зиялы қауыммен жүздесті

Қазақстан Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгел Алматыда Қазақ спорт және туризм академиясында зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді. «Ұлы Дала қырандары» қоғамдық бірлестігінің ұлттық спорт түрлерінің дамуына айырықша мән бергендіктен, бұл кездесуге аталған оқу орнының студенттері ерекше ықыласпен қатысты.

Қоғам қайраткері, жазушы Сәдібек Түгел жиналғандарға сайлауалды бағдарламасындағы басты ұстаным етіп алған төрт тұғырды тарқатып айтты.

«Мен бағдарламамда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді басты мақсат етіп алғандықтан, барлық кездесуді ана тілімізде жүргізіп келемін. Халқымыз Ана тілі және Жер-Ана деп неге айтады? Бұл – тіл мен жер тағдырын бөліп қарауға болмайды деген сөз. Демек ұлттың жаны мен арына баланған мәселеге бейжай қарамайтын ұрпақ ар-намысты бәрінен биік қою керек. Ол үшін жастардың әлеуметтік жағдайына да көңіл бөлу қажет. Менің бағдарламамда барлық қазақстандықты баспанамен қамтамасыз ету, жоғары білім және медициналық көмекті тегін беру, зейнетақы көлемін көтеру, жастар арасындағы жұмыссыз­дықты жою мәселелері де көрініс тап­қан», – деп бағдарламасындағы міндеттерді рет-ретімен баяндады.

Мемлекет және қоғам қайраткері Жекен Қалиев: «Сәдібек – халықтың нағыз ұлы. Жаңа ғана өздеріңіз естіген төрт тұғырды түгендегеннің өзі неге тұрады? Әркімнің президенттіке үміткер болуға батылы да жете бермейді. Сәдібек мемлекеттік қызмет пен қоғамдық жұ­мыс­­ты да қатар алып жүрген, үлкен шың­далу мектебінен өткен әрі ұлттық құн­ды­лықтарды бойына сіңірген азамат», – десе, белгілі спорт ғалымы және ұйым­дастырушысы, педагогика ғылымда­рының докторы Анатолий Құлназаров: «Студент-жастарға мұндай қоғамдық бағытта спорт саласында ұзақ жыл талмай жұмыс жүргізген Сәдібек Түгелдей аза­маттан жас буын үлгі алуы тиіс. Мен оның бойындағы бастаған ісін аяғына дейін жеткізетін табандылық пен жауапкершілік сияқты қасиеттеріне тәнтімін», – деп сөзін түйіндеді.

«Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай: «Сәдібектің бағдарламасы ұлттың жанына, діліне, болмысына құрылған», – дей келе, оның Құлагер ескерткішін орнатқан ерлігіне арнап жазған «Оралу» атты өлеңін оқыды.


Айдана БЕГІМ