Қазақстанда 2020 жылдан бастап барлық өңірге тегін «Балалардың туристік пойызы» жобасын іске қосу жоспарлануда. Бұл жобаны Үкіметке Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ұсынып отыр деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Балалар мен жасөспірімдер туризмінде ішкі көші-қон ағынының оң серпінін жасау үшін растайтын құжатты ұсынған жағдайда «1+2» схемасымен (бір ата-ана үшін екі бала) «KIDS GO FREE» қағидаты бойынша балалардың тегін авиамаршруттарын субсидиялау жоспарлануда. Мұндай халықаралық тәжірибені – Ұлыбритания, Катар, Тайити, Скандинавия елдерінде қолданылады», – дейді министр.
Арыстанбек Мұхамедиұлы 2020 жылдан бастап барлық өңірде тегін «Балалардың туристік пойызын» іске қосу жоспарланып отырғанын атап өтті.
«Басымдық әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға, білім байқауларының жеңімпаздарына, үздік оқушыларға беріледі. Одан бөлек, елдегі балалар-жасөспірімдер туризмін дамытуды бұдан әрі жандандыру үшін Үкімет жанындағы тиісті Үйлестіруші кеңесті құру қажет. Осы орайда, мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға Үкімет жанындағы Балалар-жасөспірімдер туризмін дамыту мәселелері жөніндегі комиссияны құруға көмек көрсету жөнінде тапсырма беруіңізді сұраймыз», – деді Үкімет басшысына Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Сурет интернеттен алынды