Нұр-Сұлтан қаласы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев Қоныс аударушылар мен аз ұлттардың істері жөніндегі Федералдық үкіметтің өкілетті уәкілі Бернд Фабрициуспен кездесті.
Кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Возрождение» қазақстандық немістер қауымдастығы» қоғамдық қорының Қамқоршылар кеңесінің Төрағасы Альберт Рау, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ директоры Саттар Фазылұлы Мәжитов, Федералдық үкіметтің өкілетті хатшысы Себастьян Клапперт, Қазақстандағы Германия елшілігінің саяси бөлімінің жетекшісі Валентина Гольдманн қатысты.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қоныс аударушылар мен аз ұлттар істері жөніндегі Федералдық үкімет арасындағы өзара сенімді нығайту, Қазақ еліндегі этникалық немістер мен Германиядағы этникалық қазақтарды қолдау бойынша Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасы арасындағы ынтымақтастықты нығайту және кеңейтуге байланысты екіжақты қатынастардың мәселелері мен негізгі аспектілерін талқылады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаев Қазақстан қарым-қатынас орнатудың барлық кешені бойынша Германиямен ынтымақтастықты дамытуға басымдық беретінін айта келе, Ассамблеяның бүгінгі жұмысына тоқталды.
− Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сіздерді бірегей және әлемдік саясатта баламасы жоқ қоғамдық келісім институты – Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысымен және жалпы құрылымымен қысқаша таныстырғым келеді. Қазақстанда 100-ден астам этнос өкілдері тұрады. Мемлекет барлық этностың мәдени дамуына қолдау көрсетіп отырады. Бұл − елдегі тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз етуде оң нәтиже береді. Бүгінде республикада 1025 этномәдени бірлестік жұмыс істейді, оның 29-ы республикалық бірлестік. Сонымен қатар 40 Достық Үйі бар, ал Алматы қаласында Республикалық Достық үйі істеп тұр.
Барлық өңірлерде ассамблеяның қамқорлығымен қоғамдық келісім кеңестері және облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейде, сондай-ақ ірі кәсіпорындар ұжымдарында отбасындағы толеранттылыққа тәрбиелеу мәселелері бойынша Аналар кеңестері құрылды.
Тәуелсіз Қазақстанда «Возрождение» неміс қоғамы және неміс ұлттық мәдени орталықтары құрылды. 1994 жылы Алматыда Неміс үйі ашылды, ол бүгінде немістердің мәдени және әлеуметтік-саяси өмірінің орталығына айналды, - деді Жансейіт Түймебаев.
Оған қоса, Қазақстандағы неміс ұлтының азаматтары (шамамен 180 мың адам), сондай-ақ Германияда өмір сүретін бұрынғы қазақстандықтар (900 мыңнан аса адам) және этникалық қазақтар (шамамен 1 мың адам) екі ел арасындағы қарым-қатынасты жақсартатын маңызды буын болып саналатын атап өтті.
Неміс тарапы Қазақстандағы мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін гуманитарлық жобаларды дамытуға көмек көрсетуде. Жалпы, Қазақстан мен Германияның көпжоспарлы ынтымақтастығын дамыту – екіжақты қатынастың ұзақ мерзімді сипатын растайды.