Жастардың мүмкіндігі жоғары

Жастардың мүмкіндігі жоғары

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қостанай облысына барды. Өңірдегі бірқатар кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарын аралап, қалалық әкімдіктің қоғамдық қабылдауының жұмысымен танысты. Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Қазақстан-Ресей жастарының ынтымақтастығы форумына қатысты. Еріктілердің ерен еңбегі мен ықылас-ынтасын бағалау мақсатында 2020 жылды «Еріктілер жылы» деп жариялауды, Қазақстандағы бұл қозғалыстың дамуын қолдайтынын жеткізді.

Аталған форум Қостанайдағы Жастар сарайында өтті. Қа­зақстан мен Ресейдің жас көш­басшылары бас қосып, Тобыл өзенінің жағасын қоқыстан тазалауға арналған эко-акцияға қатысты. Басты талқыланған тақырып – еріктілер қозға­лы­сының бүгінгі ахуалы. «Біріккен Ұлттар Ұйымында жұмыс істеп жүргенде халықаралық ерік­тілерді қолдайтынмын. Сол себепті, келесі жылды «Еріктілер жылы» деп жариялау туралы ұсыныста­рыңа қуана келісемін. Виктор Цойдың мынадай айт­қан сөзі бар: «Ерікті болу – жастар ісі, әжімге қарсы құрал». Бірлесіп жұмыс істейміз», – деді Қ.Тоқаев.

Еріктілер қозғалысын дамы­ту­дың жаңа кезеңіне қадам басқалы отырмыз. Айта кететін тағы бір жайт – сыйлық­тардың тағайындалуы. Екі ел жастары­ның үздік жобалары анықталады. Мыңнан тұлпарлардың қанжы­ға­сы майланады. Бұл – жас­тардың тынысын ашуға тап­тырмас мүмкіндік. Өз идеясын іске асырып, қоғамға пайдасын тигізуге кез келген жастың мүм­кіндігі бар. Қ.Тоқаев жастар­дың болашақта ел басқарып, тұтқа ұстар азамат болатынын атап өтті. Оған дайындық бү­гіннен басталуы тиіс. «Алдыңғы буын ретінде біз мемлекет тіз­гінінің эстафетасын жастарға беруіміз қажет. Мұндай ұлы мақсатқа қазірден бастап әзір­леніңдер, жастар. Қазақстанда көшбасшы-еріктілерді дайын­дайтын мем­лекеттік әлеуметтік тапсырыс қалыптастыруымыз керек. Аза­маттық бастамалардың көбі әлеуметтік желі­лерде туын­дап жатады. Қоғамға бей-жай қарамайтын жандар әлеуметтік маңызы бар жобалар мен идеяларын айтады. Со­ларға назар аударайық. «Жақсылық жа­сай­мын» сынды акциялар қажет-ақ», – деді Президент.

Жұмыспен қамту бойынша арнайы бағдарламалар енгізіледі. Соның ішінде жастардың еңбек өтілінсіз жұмысқа орналасуына мүмкіндік берілмек. Қ.Тоқаев­тың айтуынша, «Дипломмен ауыл­ға», «Серпін» бағдарлама­ла­ры бұрынғыдан бетер қолдауға ие болады. «Еріктілердің ішінде ниеті лас, ойы пасықтарға жол жоқ. Өйткені бұл іс шынайы патриотизмнің көрінісін береді. Жаңадан құрылып жатқан ұйым­ға тәлімгер болуға ұсыныс түс­ті. Одан бас тарту мүмкін емес», – деді Мемлекет басшы­сы. Бұл ұсынысты «Жас Ұлан» ба­лалар мен жасөс­пірімдер ұйы­мы­ның төрағасы Динара Сәдуа­қас айтқан еді. Олар «Ұрпақтар сабақтас­тығы» тәлім­герлер инс­титутын құрғалы жа­тыр. Соны­мен бірге, ауыл бала­ла­ры мен көпбалалы отба­сында өсіп жат­қан жеткіншек­терге жыл бойы лагерлер ұйым­дас­тыруды жос­парлап отыр екен. Президент ел болашағына айна­лар аза­мат­тарды қолдауға барын­­ша дайын екенін жеткізді. Форум қатысу­шыла­рының көкейде жүргені, көңіл түбінде жатқаны да сол еді.

 

Айша ЕРСҰЛТАН