Үгіт-насихат мұнайлы өңірде жалғасты

Үгіт-насихат мұнайлы өңірде жалғасты

Қазақстан президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері үгіт-насихат жұмыстарын Атырау облысында жалғастырды. Алдымен штаб мүшелері өңірдегі бюджет саласы қызметкер­лері­мен және жергілікті белсенді азаматтармен кездесті.

Мұнда кандидаттың сайлауалды бағдарламасының басымдықтары сөз болды. Әсіресе, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты ұстанымдарға ерекше назар аударылды.

– Азаматтарымызға жұмыстарына сай лайықты еңбекақы төленуі тиіс. Әр қазақстандық заманауи медицинаның игілігін көріп, озық білім алып, сапалы мемлекеттік қызметтерді тұтынуы қажет. Сондықтан халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған Елбасының әлеуметтік саясаты ары қарай жалғаса береді. Мұқтаж және еңбекке жарамсыз азаматтар үшін мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмектің аясы да кеңейе түседі. Бірақ ешқандай ма­сыл­дыққа жол берілмейді. Осының бәрі канди­датымыз ұсынып отырған бағ­дарла­маның әділдік қағидасында егжей-тегжейлі көрсетілген, – деді Рес­публикалық штабтың басшысы Мәулен Әшімбаев.

Атыраудың мұнайлы өлке екені белгілі. Сондықтан штаб өкілдері аталған салаға қажетті ірі көлемді өнімдер даярлайтын «АтырауНефтеМаш» зауытының еңбек ұжымымен арнайы кездесті. Мұнда олар бағдарламада еңбек адамдарына лайықты жағдай жасаудың нақты тетіктері көрсетілгенін айтты. Сондай-ақ кездесуде елдің тұрақты дамуы Елбасы саясатының сабақ­тастығымен тығыз байланысты екені айтылды.

Үгіт-насихат жұмыстары Махамбет ауданында да жалғасты. Мұнда Қ.Тоқаевтың сенімді өкілдері жергілікті жұртшылықпен кездесіп, кандидат анықтаған басым бағыттардың бәрі елдік мүддеге негізделгенін айтты. Осы ретте штаб мүшелерінің облыстағы бірқатар кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізгенін де атап өткен жөн.


Айдана БЕГІМ