Қазақстан Кәсіподақтар федерациясынан Қазақстан президенттігіне үміткер А.Таспиховтің сенімді өкілдері Батыс Қазақстан облысының Сырым аудандық білім беру бөлімінде дөңгелек үстел өткізді.
Облыстық білім беру қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы, үміткер А.Таспиховтың сенімді өкілі М.Даупаев сайлау науқанына қатысты үгіт-насихат жұмыстарына тоқталып, Кәсіподақтар атынан ұсынылған А.Таспиховтің сайлауалды тұғырнамасын таныстырды. Тұғырнаманың басты мақсаты – еңбек адамына жан-жақты қолдау көрсету, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау екенін тоқталды. Өңірлік штаб өкілдері Сырым ауданының білім саласының кәсіподақ мүшелерін сайлауға белсенді қатысып, үміткерді қолдауға шақырды.
Кандидат А.Таспиховтің Жамбыл облысындағы штабының мүшелері, сенімді өкілдері А.Наурызбаев пен С.Еламанов «Жамбыл электр желілері» ЖШС ұжымымен кездесті. Сенімді өкілдер құрамында 2 мыңдай кәсіподақ мүшесі бар «Жамбыл электр желілері» ЖШС-нің бастауыш кәсіподақ ұйымының ұжымына Қазақстан президенттігіне кандидат А.Таспиховтің сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
Сайлауалды бағдарламадағы жұмысшылардың еңбек құқын қорғайтын, лайықты жалақы төлеу, әсіресе, қауіпсіз еңбек жағдайын жасау мәселелері өндіріс жұмысшыларының көңілінен шығып, лайықты қолдауға ие болды.
Үлкен ұжымның кәсіподақ белсенділерімен өткен жиында Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының жаңашыл бағыттары мен атқарылып жатқан іс-шаралары жайлы пікір алысып, ұжым жұмысшыларын алдағы сайлауға түгел қатысуға шақырды.
Айдана БЕГІМ