Дания Еспаева – Қарағандыда

Дания Еспаева – Қарағандыда

«Ақ жол» демократиялық партиясы атынан президенттікке үміткер Дания Еспаева Қарағандыға барды. Қарағандылық кәсіпкерлер кандидаттың сайлауалды бағдарламасымен танысып, ойымен бөлісті.

Партияның Қарағанды облыстық филиалының дерегіне сәйкес, былтыр мемлекеттік органдар тарапынан көрген әкімшілік қысым, заңсыз тексерулер және басқа да құқықбұзушылықтармен 800-дей кәсіпкер шағымданған екен. «Осындай жұмыс сапарлары кезінде біз назар аударарлық өзекті мәселелерді білеміз», – деді партия төрағасы Азат Перуашев.

Қарағанды турбомеханикалық зауы­ты да Д.Еспаеваның сайлауалды бағдар­ламасымен танысты. Кәсіпорын жылу электростанса құрылғыларын жөндеу, қосалқы жабдықтарын даярлау саласында 25 жылдан астам уақыт жұмыс істейді. «Шетелдік компаниялардың өзі қазақ­стан­дық шағын және орта бизнестің қыз­метін пайдалануы тиіс», – деді
Д.Еспаева.

«Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев басқаратын Д.Еспаеваның штабы Ақмола вагон жөндеу ұжымымен кездесті. Зауыт 1941 жылы құрылған. Жылына үш мыңдай вагон жөндейді. Зауытта 400-дей адам еңбек етеді. Штаб мүшелері зауыт ұжымын президенттікке үміткер Дания Еспаеваның отандық кә­сіп­орындарды қолдауға бағытталған ұсы­ныстарымен таныстырды. Ал өнер­кәсіп мамандары баспанамен қамту, зей­нет жасына байланысты сұрақтар қойды.

«Маңызды қолдау шараларының бірі – отандық өнеркәсіп орындарына жеңіл­діктер қарастыру, – деді штаб жетекшісі А.Перуашев. – Еуразиялық экономи­калық аймақ шеңберінде, көп­теген мемлекеттік тапсырыс пен тен­дерлерді шетелдіктер алып жатқанын көруге болады. Біздің үміткер Дания Еспаеваның есебінше, Мемлекеттік тапсырыстар туралы заңға, «Самұрық Қазына» АҚ, ұлттық компаниялардағы тапсырыс туралы ережеге «отандық өндіруші», «қазақстандық тауар» сынды ұғымдарды қайта енгізу керек».


Айдана БЕГІМ