2017-2018 жылдары делдал арқылы жүйелі түрде аса ірі көлемде пара алған деген күдікпен Ұлттық тестілеу орталығының бас директоры ұсталып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, ол орталықты 2017 жылдан бері басқарған. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бұқарамен байланыс департаментінің директоры Арман Бердалин хабарлады.
А.Бердалиннің айтуынша, осы аптада Ұлттық бюро Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығы басшылығы тарапынан парақорлықтың сыбайлас жемқорлық схемасының жолын кесті. Орталық білім сапасын бағалау жүйесі аясында емтиханның барлық түрін ұйымдастырумен және өткізумен айналысады.
Ал 2016 жылы Ұлттық тестілеу орталығы бас директорының міндетін атқарған адам білім жүйесімен байланысты мемлекеттік сатып алуларды жүргізу кезінде үлестес компаниялардың мүддесін лоббилендіру үшін бағасы 9 млн астам теңге құрайтын «Тойота-Камри» маркалы жаңа автокөлік түрінде пара алды деген күдікке ілінді. Автокөлік түріндегі пара затына арест қойылды.
А.Бердалиннің дерегінше, соңғы 3 жылда білім саласында 620 сыбайлас жемқорлық фактісі анықталды, одан келген залал сомасы – 1,5 млрд теңге. 364 тұлға әшкереленді, оның ішінде 57 мектеп директоры, 10 колледж директоры, 22 балабақша меңгерушісі бар.